Тоқаев пен Путиннің бірлескен мәлімдемесінде не айтылды?
Владимир Путиннің Қазақстанға сапары қорытындысы бойынша екі ел президенттері Қазақстан-Ресей қатынастары бойынша бірлескен мәлімдеме жасап, 2024-2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына қол қойды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Ақорда
XIX өңіраралық ынтымақтастық форумынан басталған кездесу, шағын және кеңейтілген құрамда бірқатар келіссөздердің өткізілуімен жалғасын тапты. Тоқаев пен Путиннің келіссөздерінде екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту және оны жаңа деңгейге шығару мақсаты көзделді.
Салтанатты шара барысында екі ел президенті Қазақстан мен Ресей арасындағы 1992 жылғы 25 мамырдағы «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек» туралы шартқа, сондай-ақ 1998 жылғы 6 шілдедегі «ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық» туралы декларацияға жоғары баға бер отырып, сондай рухта мемлекеттер қатынасын одан әрі жандандыруға мүдделі екендерін жеткізді.
Сонымен қатар 2013 жылғы 11 қарашадағы «ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық» туралы шарттың 10 жылдығында, оның Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының құқықтық негіздерін толыққанды қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
Бұл шарттың негізі – жақын тарихи перспективада екі ел арасындағы іс-қимылды серпінді түрде дамыту.
Бүгінде екі тарап барлық салаларда жоғары қарқынды түрде іс-қимылдар жүргізіп, шарттың ережелеріне сәйкес диалогын сақтап келеді.
Ал маңызды басымдығы – азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізу және қауіпсіздігін сақтап, орнықты дамуы үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру.
Екі ел президенттерінің айтуы бойынша, шарт – екі жақтың да мүддесіне, халықтарының әлеуметтік-саяси қажеттіліктеріне сай келеді және халықаралық, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын мемлекетаралық қатынастардың моделін қалыптастырды. Қазіргі халықаралық қатынастар, өзгеріп отырған геосаяси ахуал, Еуразиялық интеграциялық процестер жағдайларында өзекті екенін, сондай-ақ екі елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси, құқықтық салаларына қатысты және де халықаралық, өңірлік ұйымдардың қызметінде кооперацияны белсенді түрде дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Екі ел тиімді серіктестіктерінің арқасында сауда-саттық, инвестиция салаларындағы мәселелер шешіліп, өңірлерде азық-түлік, технологиялар мен энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, энергетика саласы – мұнай және газ кен орындарын игеру жұмыстары тиімді жүзеге асырылуда.
– Отын-энергетика кешенін дамытуға да баса назар аударылып, бүгінде оқшауланған аудандар да энергия жүйелерімен қамтамасыз етілген.
– Жүк және жолаушы тасымалдау бойынша көлік жұмыстарының көлемі артқан және жүйелерді жаңғырту бойынша жаңа шаралар енгізу жоспарланып отыр.
– Әскери ынтымақтастықта екі елдің қорғаныс қабілетін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл – тараптардың стратегиялық сипатын алдағы уақыттарда тұрақты қатынаста болатынын айқындайды.
– Мәдениет және ақпарат саласында мемлекеттердің мәдениет, кино күндерін белгілеу сынды ірі бағдарламалар жүзеге асырылып, өзара ынтымақтастық нығаюда.
– Білім беру салаларында бірлескен жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «қос диплом» бағдарламасымен жетекші қазақстандық және ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары қызмет етеді. Осылайша, нормативтік-құқықтық база кеңейтіліп отыр.
– Тараптар ынтымақтастығының әлеуеті ғарыш қызметі саласында да бар. Тараптардың мәлімдеуі бойынша, Қазақстанда ғарыштық зерттеу бағдарламаланы дамыту мақсатында Ресей «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құруға ықпал етіп отыр.
– Екі ел арасындағы еңбек көші-қоны және халықты жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау сынды әлеуметтік салада да тиімді ынтымақтастық бар. Алдағы уақытта әлеуметтік салаға инновациялық платформаларды қосу мүмкіндіктері қарастырылмақ.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы бастауында тұрған Еуразиялық экономикалық интеграция аясында тауар айналымы мен инвестициялар көлемінің ұлғайғандығын және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде өзара диалог пен іс-қимыл потенциалының жоғары екенін атап өтті.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жұмысына да тоқталды. Екі ел президентінің айтуы бойынша, ол – өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Келесі жылы ұйымның жұмысына Қазақстан Республикасы төрағалық етпек.
2023 жылғы 5 шілдеден бастап Қазақстан төрағалық етіп отырған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының беделін арттыруға мүдделі екендерін де айтты. Халықаралық аренада ШЫҰ-ның қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды. Путин Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығының басымдықтарын қолдайтынын және жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ осы тұста екі ел басшылары Үлкен Еуразиялық әріптестік құру туралы бастамасы қолдау тапқанын атап өтті.
Тараптар ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастықтың аралық қорытындысы бойынша, бірлескен жұмыстарына қанағаттанушылық білдіре отырып, Қазақстан-Ресей қатынасының әлеуеті ауқымды екенін, сондықтан болашағына нық сеніммен қарайтындарын атап өтті.