Тоқаев: Қазір той тойлап жүретін уақыт емес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгерту керектігін мәлім етті.
«Әлем жұртшылығы қазақ халқын көңілі дарқан, ғаламдық құбылыстарды өзінің қалыптасқан философиялық көзқарасы арқылы қабылдай алатын ұлт ретінде танып, біледі. Шыдамдылық пен жанашырлық – қанымызда бар қасиет. Осынау Ұлы далаға ең алғаш табаны тиген саяхатшылар алдымен біздің осы ерекшеліктерімізді баса айтқан. Сонымен қатар біз Абайдың өшпес туындысы – «Қара сөздерде» айтылған өз кемшіліктерімізді де жақсы білеміз. Айтпақшы, осы арада Мұрат Әуезовтің «Қара сөздерге» «Ғақлият» деген екінші атау берейік деген ұсынысын қолдайтынымды айта кетейін», – деді Президент республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында. Мемлекет басшысы қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын өзгерту маңыздылығына тоқталды.
«Өкінішке қарай, кейбір жағдайда біздің еңбекке байланысты қарым-қатынасымызға сыни көзқараспен қарайтындар аз емес. Бұл жағдай менің көңіліме қаяу салады. Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет. Сондықтан мен «Халық алғысы» деген мемлекеттік награда тағайындадым. Ал еңбектегі табысы үшін берілетін «Еңбек Даңқы» орденінің мәртебесін көтеру жөнінде шешім қабылдадым», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент былтыр Ақордаға мекемелер мен ауылдардағы қарапайым жұмысшыларды арнайы шақырып, марапаттағанын да еске алды.
«Біз осындай еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Сол арқылы өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқарса жеткілікті екенін түсінуге тиіс. Үкімет менің тапсырмам бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірледі. Оны іске асыру үшін шамамен 1 триллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Жақында мен Үкіметтің уақытша жұмыс орындарын ашуға ғана әуес болып, тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуды назардан шығарып алғанын сынға алдым. Бүгінде біздің елде 2 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыздар саны да көп», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл – өте күрделі әлеуметтік мәселе екенін, оны шұғыл шешпесе болмайтынын жеткізді. «Еңбекке баулу идеологиясы атақты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек деп санаймын.
Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.