Жаңалық

Тоқта. Жүрме. Жойма

«Қызыл кітаптың» тарихы қай жерден бастау алады? Ол қай уақытта шықты? Шығаруға арқау болған не?

Қызыл кітап. Бұл атауды барлығымыз мектеп кезінен жаратылыстану, биология пәндері арқылы білеміз. «Қызыл кітаптың» ішіне сирек кездесетін және бұл күнде жойылып бара жатқан өсімдік не аң түрлері енгізілетіні белгілі. Алайда бұл кітаптың қашан және не мақсатта жарық көргені туралы мәліметтермен көпшілігіміз толықтай таныс емеспіз. «Қызыл кітап» тек бір Қазақстан үшін ғана емес, дүние жүзі елдері үшін де аса маңызды құжат болып табылады. Оның тарихынан бейхабар болу, ішіне қандай жануарлар мен өсімдіктер дүниесі кіретінін және олардың саны қанша екендігін білмеу қай-қайсысымыз үшін де ұятты іс. Соны ескере отырып бүгінгі санымыздың бір бөлігін осы тақырыпқа арнағанды жөн деп санадық.

«Қызыл кітаптың» тарихы қай жерден бастау алады? Ол қай уақытта шықты? Шығаруға арқау болған не?

Дүние жүзі ғалымдарының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, соңғы 500 жылда әлем бойынша жануарлар мен өсімдіктердің 850 түрі жойылып кеткен көрінеді. Осы осырайда мамандар алдын-ала сақтық шарасы ретінде «Қызыл кітапты» шығарып, оған соңғы кездері саны азайып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін енгізді. Сөйтіп Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабы» тұңғыш рет 1966 жылы 2 том болып жарық көрді. Оның алғашқы томына сүтқоректілер тобына жататын жануарлардың 211 түрі, келесі томына құстардың 312 түрі топтастырылды. Алаңдатарлығы: халықаралық дәрежедегі құжаттың парағы жыл санап қалыңдап келеді. Мәселен, 1966-1971 жылдары кітаптың 2-томына толықтырулар енгзілсе, 1972 жылы 3-басылымы жарық көрді. Қазірде кітаптың басылымдарының саны 5-ке жетті. Оның әр томы әртарапқа негізделген. Яғни біреуі қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларға арналса, екіншісі балықтарға, одан кейінгісі өсімдіктер әлеміне, солай-солай кете береді.

Кітаптың түсі неліктен қызыл?

Қызыл түс «Тоқта. Жүрме. Жойма.» деген мағыналарға ие. Бағдаршамның да қызыл түсі жанған бетте қозғалыстың әп-сәтте тоқтап қалуы бекер емес. Қызыл түс әуел бастан-ақ құжаттың басты белгіленген түсі болды десек ешкім теріске шығармас?! Ол тыйым салынады не болмаса аса маңызды нәрсе деген ұғымға да келеді. Бұдан нені аңғаруға болады: кітапқа жинақталған дүниелерді жоюға тыйым салынады.

«Қызыл кітаптың» түсін кім таңдады, кім ұсынды?

Өткен ғасырдың орта шенінде табиғатты қорғайтын комиссия құрылды. Соның төрағасы – Питер Скотт адамдардың қызыл түсті көргенде бірден қарайтынын ойлап, осы түсті кітапқа лайық деп санайды. Қызыл түс көпшілікті өзіне тартып, назарын аударады. Көрген адамды сәл де болсын ішінде не бары қызықтырсын деген ниетпен жарыққа шығады.

Әйтсе де кітаптың сырты қызыл болғанмен оның ішінде әртүрлі түстер көрсетілген. Қара түсті беттерінде мүлдем жойылып кеткендер, қызыл түсті де жойылып кету қаупінде тұрғандар, кітаптың сары түсті парақшаларында саны жылдам азайып бара жатқандар, ақ беттерінде бұрынғы заманнан бері сирек кездесетіндер, сұр парақшаларында әлі күнге зерттеле қоймаған жануарлар мен өсімдіктер жасақталған. Сонымен қатар «Қызыл кітапта» жойылып кету қаупінен аман қалған тіршілік иелеріне арналған жасыл түсті беттер де бар.

Ал сіз осынау бір халықаралық дәрежедегі құжат болып саналатын «Қызыл кітапқа» ең алғаш болып енген қай жануар екенін біліп пе едіңіз? Кітаптағы тізімдердің бірінші қатарында жыртқыш аң – қасқыр тұр екен. Соған қарамастан бөрілердің көзін жоюды браконьерлер тоқтатар емес. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» жануарлар дүниесінің 1000-ға жуық түрлері және өсімдіктің шамамен 25 000 түрі топтастырылған.

Қазір ғана Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабы» туралы бірер мәлімет айтылды. Келесі кезекті өз еліміздің «Қызыл кітабына» берелік.

«Қазақстанның Қызыл кітабының» парақшалары да жыл өткен сайын қалыңдап барады. Барлығы 3 томнан тұратын кітаптың алғашқы басылымы 1978 жылы, екіншісі 1981 жылы шығарылды. 1-басылымы омыртқалы жануарларға арналады. Онда олардың 87 түрі тіркелген. 2-томына 129 түрлі омыртқалы жануарлар мен өзге де тармақтар жинақталған. Кітаптың соңғы басылымы категория негізінде жазылған. Жануарлар дүниесінің 125 түрі мен түр тармағы бар. Олар 5 категорияға бөлінеді: жойылып бара жатқан, саны жыл қосып азайып бара жатқан, сирек кездесетін, ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттеле қоймаған, қалпына келтірілген түрлері. Ал өсімдіктің 307 түрі жинақталған.

Адамзаттың барлығы да табиғаты ғажап ортада өмір сүріп, әрқашан әдемі көрініс беретін аймақтарды көргісі келеді. Зоопарктерге барып түрлі аңдардың бейнесін жақыннан көріп, тау жағасындағы әсем өсімдіктердің таза иісін сезінгісі келетіні өтірік емес. Десе де, біз әлемнің бар жақсысын қалайтұра оны қорғауға талпынбайтынымызды, оған аса күш салмайтынымызды жасыруға болмайды. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ» дегендей, адамдар табиғатсыз өмір сүре алмайды, ол мүмкін емес. Сондықтан ең басты байлығымыз болып табылатын – табиғатты бірге аялайық, азайып бара жатқан жануарларды қорғай білейік, азаю ықтималында тұрған өсімдіктер әлемін бәріміз күш жұмылдырып сақтайық. Олардың қатарына қандай жануарлар мен өсімдіктер кіретінін арнайы топтастырылған басылымды оқып, ішіндегі жануарлар мен өсімдіктер тізімінен өзімізді хабардар ету арқылы біле аламыз. Қанша дегенмен «Қызыл кітаптың» беттерінің күніге қалыңдап бара жатқаны тек бір адам үшін ғана қауіпті емес қой?!. Оның қаупі дүйім жұртқа да әсерін тигізбей қоймайды. Қысқасы білгеннің әбестігі жоқ деп халықаралық дәрежедегі құжатты толықтай тану, қоршаған ортаға өз пайдамызды тигізу шараларын алдын-ала жүргізіп отыру өзіміз үшін де, басқа үшін де пайдалы болмақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button