Төртінші өнеркәсіп төңкерісі немесе робот дикторлар туралы
Бірінші өнеркәсіп төңкерісі бу машинасының ойлап табылуы, тоқыма станоктары, почта қызметінің дамуы сынды жаңашылдықтарымен тарихта қалды.
Екінші өнеркәсіп төңкерісі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында орын алды. Бұл төңкерістің ерекшелігі металлургия саласының өркендеуі, темір жолдардың көптеп салынып, тасымалдау саласының дамуы, электр энергетикасы (лампаның, генератордың, трансформатордың, электр балқыту пешінің пайда болуы, темір жол саласының элек энергиясы арқылы дамытылуы және т.б.), автомобиль құрастыру саласының бастауы, бу турбинасының пайда болуы, химия, мұнай және тау-кен өндірісінің жетілдірілуі, баспа станоктарының пайда болуы және дамуымен ерекшеленеді. Бұл өзгерістер Бірінші өнеркәсіп төңкерісі нәтижесінде пайда болған жаңашылдықтардың одан әрі қарқынды дамуына ықпал етті.Үшінші өнеркәсіп төңкерісі ХХ ғасырдың ортасында орын алды.
Кей сарапшылар мұны «ғылыми-техникалық революция» деп те атап жүр.Бұл кезең өнеркәсіп өндірісі саласының автоматтандырылуы, роботтандырылуы, компьютердің және түрлі есептегіш машиналардың пайда болуы, сымсыз байланыс телефондардың, смартфондардың жаппай қолданысқа енгізілуі, 3D принтердің әлеуетін пайдалану, инженерияның дамуы арқасында зәулім ғимараттар мен құрылыстарды салу үдерісінің пайда болуы, баламалы энергия көздерін өндіру сияқты прогрессивті өзгерістермен ерекешеленеді. Үшінші өнеркәсіп төңкерісі нәтижесінде бұрын мыңдаған жұмысшы қара жұмыспен өндіретін өнім көлемін ондаған оператор жаңа технологияны бақылауда ұстау арқылы өндіре алатын жағдайға жетті.
Жоғарыда баяндалған әрбір өнеркәсіп төңкерісінің тарихи мәнін, оның адамзат дамуына ықпалы жөнінде жеке-жеке зерттеу материалы ретінде жазуға болады. Алайда бүгінгі мақаламызда төртінші өнеркәсіп төңкерісі туралы жазатындықтан алдыңғыларына қысқаша ғана тоқтала кеткенді жөн көрдік.Бүгінде сарапшылар Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің келіп жеткенін жарыса жариялауда. Бұған негіз де жоқ емес. Футурологтар соңғы уақытта ғылым мен білімнің қарыштап дамуын, коммуникацияның жетілуін, жаһандық сын-қатерлер, оның ішінде трансшекаралық терроризм, азық-түлік қауіпсіздігі, миграциялық толқындар, көпполярлы әлемдегі геосаяси текетірестер, ғаламдық жылу, өркениеттер арасындағы тайталас, үшінші индустриялық төңкерістің жаңа сипатта өріс алуын, яғни төртінші өнеркәсіп төңкерісіне жалғасуын ескере отырып, жер шарындағы кейбір ұлттар мен ұлыстардың өз түп-тамырынан ажырап, «әлем азаматына» айналатынын болжауда. Жақында Жапония және Ресей ғалымдары осыдан 28 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың жасушасын тірілткенін жариялады. Қазір бұдан бөлек те теориялық тұрғыдан әбден зерделенген, бірақ тәжірибе жүзінде тоқтап тұрған тың жобалар көп.
Ғалымдар көне замандарда өмір сүрген, бүгінде жер жүзінен жойылған алғашқы адам түрлері мен мамонттардың археологиялық қазбалардан табылған ДНҚ-сын пайдалану арқылы оларды қайта тірілту мүмкіндігін теориялық тұрғыдан дәлелдеп отыр. Сондай-ақ дәл осыған ұқсас жолдармен адам көзінің көру мүмкіндігін бірнеше есе ұлғайтатын, физикалық қуатын еселейтін, ақыл-ойын тереңдететін, өмір сүру жасын қолдан ұзартатын сәт те жақын қалғаны айтылуда. Болашақта ғылымның мүмкіндігімен адамдар жаңа дүниеге келетін шарананың қандай қасиеті үстем, неге икемді болуына алдын ала ықпал ете алады. Тіпті, ғалымдар көлемді ақпаратты адам миына сырттай енгізу мүмкіндігін де зерделеп келеді.
Төртінші индустриялық революцияның ерекшелігі ретінде адамзаттың санасына бұрын-соңды кіріп-шықпаған көптеген даму элементтерін атауға болады. Мысалы қазіргі таңда жасанды интеллекттің көмегімен адам мыйы жете бермейтін жетістіктерге қол жеткізілуде. Жасанды интеллекттің дамуы жаңа компьютерлік құрылғылар, адам мүмкіндігі жете бермейтін қиын тапсырманы техниканың көмегімен лезде шешу сияқты сәттерден көрініс табуда. Тіпті, ең ақылды деген чемпион шахматшының өзі компьютермен сайыста жеңіліс табуда. Қазір әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінде көптеген мамандықтардың орнын жасанды интеллект басуда.
Мысалы журналистика саласын алып қарайық. Әлемдік көптеген ірі БАҚ-та бұрынғыдай мәтінді аудару, дыбыстау, камераны жылжыту, тақырып бойынша материал іздеу, тіпті дикторлық қызметтің өзіне роботтар тартыла бастады. Ал әйгілі Amazon компаниясында жасанды интеллект жұмысшылардың қызмет сапасына талдау жүргізіп, өз жұмысын толыққанды әрі сапалы орындамайтын мыңдаған жұмысшының жұмыстан босатылуына себеп болуда. Сондай-ақ, келешекте адамдарды клондау немесе адам мүшелерін алмастыру, 3D принтер арқылы адамның дене мүшелерін басып шығару, адам органдарын жетілдіру арқылы биороботтардың пайда болатындығы және олардың кәдімгі адаммен бәсекеге түсетіндігі жайлы болжамдар айтылуда. Мұның барлығы да негізсіз емес. Өйткені ғылым мен білімнің дамуы осыған апара жатқанын байқауға болады.
Әрине, адамзаттың заң және шектеулер арқылы бұл үрдіс тоқтатылмаса. Төртінші индустриялық революция көптеген мамандық түрлерінің қажетсіз атануына ықпал етеді деп болжануда. Саясаттанушы Нұмұхаммед Байғара әлеуметтік желідеге жеке парақшасында бұл жөнінде мынадай пікір білдірген екен: 3D-принтер, пилотсыз көлік, Big Data, зауыттағы роботтар – бұл осы төңкерістің белгілері. Бұлар өндіріске енген сайын, тауар саны артты. Яғни, әлем осы жолмен жүреді. Бірақ қаншама адам жұмыстан босайды. Сол үшін бір мамандықпен шектелмей, мәндес мамандықты қатар алып жүрген дұрыс дейді. Мәселен, хирург-программист, себебі операцияны роботпен жасайды. Журналист-монтажер-оператор-режиссер. Бәрін өзі түсіріп, өзі монтаждап, эфирге өзі дайындайды дегендей….. Шопыр, сатушы, фин.аналитик дегендер керек болмай қалуы мүмкін. Себебі көлік адамсыз жүреді (қазір емес). Англияда супермаркетте ақшаны қазір-ақ автоматқа төлейміз, ал жүздеген парақ цифраға фин.анализ жасай беретін программалар шығып үлгеріпті….
Қазақстан да Төртінші индустриялық төңкеріс үдерістерін негізге ала отырып, ел экономикасын әртараптандыру, үдемелі индустриялық саясат ұстанымын жүзеге асыруды бастады. Индустрияландыру базбіреулер үшін сәнді терминге ұқсағанымен, тарихи, экономикалық және саяси маңыздылығы тереңде жатыр. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту тәсілдері 2003 жылы Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрі – ИИДС) шеңберінде қалыптастырылды, алайда кейінгі 2007-2009 жылдардағы дағдарыс оның іске асырылуын тоқтатты. Белсенді индустриялық-инновациялық саясатқа оралу 2010 жылы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде болды, ол көбінесе ИИДС 2003-2015 қағидаттарына және тәсілдеріне негізделді.
Екі құжат та кеңінен қамтумен ерекшеленді және мемлекеттің экономикалық саясатын көрсете отырып, экономиканың барлық дерлік секторларын қамтыды. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында өңдеуші өнеркәсіптің 6 саласында 14 сектордың арасынан неғұрлым шағын басымдықтар белгіленген болатын. 2020 жылдан бастап индустриялық-инновациялық дамудың 3-ші бағдарламасын іске асыру басталады.
Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауына сәйкес осы Тұжырымдама «цифрлық дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеудің идеологиялық негізін, қағидаттары мен тәсілдерін қалыптастырады.
Үшінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы: – индустриялық-инновациялық саясаттың сабақтастығы; – тиімді өндірушілерді қолдау; – «қарапайым заттар экономикасын» дамыту; – индустриялық-инновациялық және кеңістікті дамытуды ұштастыру; – индустриялық-инновациялық дамудың және цифрлық технологиялардың синергиясы қағидаттарын ұстанатын болады.
Бүгінде елімізде индустрияландыру саясаты аясында шикізатқа тәуелсіз экономика құру, кластерлік бизнесті дамыту, өнеркәсіп өндірісі көлемін ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Индустрия және индрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше Екінші бесжылдық (2015-2018 жыл) іске асырыла бастағаннан бері 4,9 трлн.теңгеге 480 жоба іске қосылып, 78,3 мың жұмыс орны құрылды. 2019 жылы жалпы сомасы 449 млрд.теңгеге 12,6 мың жұмыс орнын құрумен 130 жобаны іске асыру жоспарланған.
12 айдың қорытындысы бойынша 360,6 млрд.теңге сомасына 76 жоба іске қосылды, 6100 тұрақты жұмыс орны ашылды. Келесі салалар бойынша өндірістің жаңа түрлеріне қол жеткізілді:
– Қарағанды қаласында ферросилиций өндірісі, «YDD Corporation» ЖШС, қуаты жылына 96 мың тонна ферросилиций, 300 тұрақты жұмыс орнын құрумен;
– Кировец маркалы тракторлар өндірісі, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, қуаты жылына 500 тракторға дейін, 500 тұрақты жұмыс орнын құрумен;
– № 5 энергоблогын қайта жаңарту, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы «АҚ, қуаттылығы жылына 325 МВт электр энергиясы, 9 тұрақты жұмыс орнын құрумен;
– сабын жуу құралдарын өндіру, «РимКазАгро» ЖШС, қуаттылығы 1000 кг/сағ өнім, 20 тұрақты жұмыс орнын құрумен; – кернеуі 110-220 және 500 кВ қуатты трансформаторлар өндірісі, Alageum Electric компаниялар тобының құрамында «Asia Trafo» ЖШС, қуаты жылына 120 трансформаторлар, 220 тұрақты жұмыс орындарын құрумен.
Ал 2019 жылы іске асырылған маңызды жобалар келесідей:
1) «YDD Corporation» ЖШС, ферросилиций өндіру зауыты, Қарағанды облысы (32 млрд. тг. қуаты – жылына 96 мың тонна, жоспарланған экспорт-РФ, ҚХР, Канада, Оңтүстік-Шығыс Азия) енгізілді;
2) «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, № 5 Энергия блогын қайта жаңарту, Павлодар облысы (55,2 млрд. тг.) енгізілді;
3) «Alacem» ЖШС, құрғақ тәсілмен цемент өндіру зауыты, Алматы облысы (46,9 млрд.тг. қуаты – жылына 1,2 млн. тонна);
4) «Эйжа Стил Пайп Корпорейшн» ЖШС, үлкен диаметрлі болат дәнекерлеу құбырларын өндіру зауыты, Алматы қ. (33 млрд. тг., қуаттылығы – жылына 100 мың тонна, жоспарланып отырған экспорт – ТМД елдері, ҚХР) енгізілген (техн. іске қосу);
5) «Asia Trafo» ЖШС, кернеуі 110-220 және 500 кВ қуатты трансформаторлар өндірісі, Шымкент қ. (18,9 млрд.тг., қуаты-жылына 120 трансформатор, жоспарланған экспорт-ТМД елдері) енгізілген;
6) «Тұрғысын-1 ЖШС, гидроэлектростанция, ШҚО (11,6 млрд.тг., қуаты-жылына 25 МВт) енгізілген;
7) «Biooperations» ЖШС, бидайды терең өңдеу зауытын жаңғырту, СҚО (12,6 млрд.тг. қуаты – жылына 19 мың тонна) енгізілген;
8) «Жангиз Солар» ЖШС, күн электр станциясы, ШҚО (10,6 млрд.тг., қуаты-30 мВт) енгізілген;
9) «Атыраунефтемаш» ЖШС, ыстық мырыштау әдісімен металдың коррозияға қарсы қорғаныс жабындарын салу өндірісі, Атырау облысы (2,6 млрд теңге, қуаты 8230 тонна), іске қосылды;
10) «Урожай» ЖШС, Ақмола облысы (2,6 млрд теңге, қуаттылығы тәулігіне 50 тонна) жарма және тез дайындалатын үлпек өндіру кешені іске қосылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек 2020 жылдың бірінші тоқсанында 13 млрд. 905,5 миллион долларды құрайтын өнімді экспорттаған. Экспорт тауарының негізгі бөлігін өкінішке орай, әлі күнге дейін шикізат секторы құрап отыр. Қазақстанның экспортының 83 пайызын негізгі он тауар түрі қалыптастырып отыр. Олар мұнай, мыс, табиғи газ, темір, бейорганикалық химия өнімдері, астық, нержавейка, темір рудасы мен концентраттары, мазут және транспорт құралдары.
Қазақстан тауарлары экспортталатын негізгі елдер Ресей, Қытай бастаған алпауыт мемлекеттер. Экспорттағы серіктес елдеріміз төменде берілген кестеде көрсетілген. Статистикадан байқағанымыздай экспорт тауарлары ондығындағы тек транспорт құралдары ғана шикізаттық емес секторға жатады. Қалғандары шикізат, табиғи байлығына жатады. Сондықтан индустрияландыру саясаты өзінің жемісін жеткілікті бермей келеді деп бағалауға болады. Бұл ретте, индустрияландыру саясатын одан әрі қарқынды жалғастыру қажет. Өйткені бұл Төртінші өнеркәсіп төңкерісі аясындағы заман талабы болып қала бермек.