Жаңалық

«Туған жер» арнайы жобасы аясында мектеп оқушылары қасиетті жерлерге саяхаттады

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамға жаңа серпіліс әкелді. Еліміздің жастары аталмыш бағдарламалық мақаланың аясындағы «Туған жер» арнайы жобасы көлемінде республиканың қасиетті жерлерімен танысты. Олар қасиетті мекендерді аралау арқылы ұлттық рухын көтеріп, отансүйгіштік деңгейін арттырады.

«Туған жер» арнайы жобасы аясында, әсіресе, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстары өте қарқынды жұмыс жасауда. Өзге де аймақтарда мектеп оқушыларының жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу мақсатында бірнеше саяхаттар ұйымдастырылды. Аталмыш саяхаттардың қауіпсіз және қызықты өтуі үшін жергілікті бюджеттен қаражаттар қарастырылып, игі бастаманың жолына жұмсалуда.

Бала – болашақ. Ал егеменді Қазақстан өз болашағына ешқашан бей-жай қараған емес. Кемеңгер Елбасымыз да жас буынның саналы азамат, білікті маман болып өсуі үшін бар мүмкіндіктерді аямауда. Жазғы демалысын компьютерлік ойын, мағынасыз мультфильм көріп өткізген баланың қандай жарқын болашағы болуы мүмкін?

Міне, осындай кереғар қасиеттердің алдын-алып, ұлттың болашағы деп саналатын мектеп оқушыларын Отанын сүюге, атақоныстың қасиетін тануға, ұлттық мұраларды ұлықтауға тәрбиелеу – бүгінгі қоғамда жауапкершілігі жоғары іс.

Біз бүгінгі жазбамызда әлеуметтік желілерде жарық көрген аймақтық басшылықтардың, оқушылардың, жетекшілердің жазбаларын саралаймыз. Ендеше, әрі қарай оқыңыз.

Қызылордалық пікірсайысшылар Түркістан төрінде

Аймақтық білім бөлімінің қолдауы арқылы «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының жанынан құрылған, мектеп оқушылары мен студенттерден құралған «Жалын» облыстық пікірсайыс орталығы толық ұжыммен Түркістан қаласына саяхат жасады.

Басым бөлігі мектеп оқушыларынан тұратын топ киелі шаһардағы Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелеріне барып, одан кейін «Отырар» мұражайының керемет экспонаттарын тамашалады.

Саяхат соңында пікірсайыс орталығының мүшелері дөңгелек үстел үстінде өздерінің бір күндік экскурсия барысынан көрген-білгендерін, ойларына түйгендерін ортаға салды.

«Елбасының бастамалары жастарға мүмкіндіктер сыйлап отырғаны бізді қуантады. Біз өзіміздің әрбір уақытымызды білімге арнап, өзіміздің қарым-қабілетімізді дамытуға тырысамыз. Бүгін де мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында қасиетті Түркістанға келдік», – деп пікір білдірді пікірсайысшыларды бастап барған жетекші, ҚМУ Журналистика факультетінің 2-курс студенті Шернияз Жалғасбекұлы.

Атыраулық оқушылар Баянауыл баурайында

Жазғы демалыс уақытында Атырау облысының 59 мектеп оқушысы жетекшілерімен бірге Павлодар облысының қасиетті жерлерін аралауға барды. Павлодар облысына бармас бұрын оқушылар Баянауыл кереметтерімен танысты. Екібастұз теміржол бекетінен оқушыларды күтіп алған арнайы жасақ өздерінің қонақжайлығын көрсетіп, саяхат аяқталғанша қызмет жасады.

Оқушылар Баянауыл баурайына жасаған саяхаттары барысында қазақ аспанында жарқ етіп өшкен жарық жұлдыз Сұлтанмахмұт Торайғырұлының 125 жылдық мерейтойына қатысты. Сонымен қатар, оқушылар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесін, Жасыбай батыр ескерткішін және Жасыбай көлін тамашалады.

«Туған жер» арнайы жобасы аясында жүзеге асқан саяхаттың келесі күнінде оқушылар Қоңыр әулие үңгіріне, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мұражайға барып, атақты Кемпіртас жартасын өз көздерімен көріп қайтты.

Сонымен қатар, Ертіс өзенінде қайықпен жүзіп көңіл көтерді. Баянауылдан Павлодарға аттанған оқушылар Бұқар жыраудың, Потаниннің мұражайларын тамашалап, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мешітіне саяхаттады.

Сырбойылық оқушылар Ақмола өңірінде

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Қызылорда облысының үздік оқушылары және аз қамтылған отбасылардан шыққан 70 оқушысы Ақмола облысының тарихи-мәдени құндылықтарын, қасиетті орындарын өз көздерімен көріп, білімдерін арттыру мақсатында 2 күндік саяхатқа барды.

Төменгі сыныпта оқитын оқушылар Ақмола жерінен тарихымызда аталған қасиетті орындарды тамашалап, білімдерін арттыра түсті. Олардың айтуынша, осындай саяхаттар көп болуын қалайды екен.

Саяхат «Туған жер» арнайы жобасының аясында Қызылорда облыстық білім беру басқармасының арнайы қолдауымен жүзеге асты.

Жамбылдық жастар Астана мен Солтүстік Қазақстанға саяхат жасады

Республикалық өлкетану акциясы барысында жамбылдық жеткіншектер елорда мен Солтүстік Қазақстан облысының қасиетті жерлерімен, тарихи-мәдени құндылықтарымен танысу мақсатында үш лекпен саяхат жасап қайтты.

Бұл саяхаттың жүзеге асуына облыстық білім басқармасы мен аймақтық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қолдау білдірген.

5-шілде мен 8-тамыз аралығында қос облысқа үш лекпен саяхаттаған оқушылардың қатарында олимпиада жүлдегерлері, үздіктер және аз қамтылған отбасылардың балалары бар.

Олар әр аймақтың тарихымен, мәдени және географиялық құндылықтарымен терең танысты. Осылайша жамбылдық жетістіктер өздерінің жазғы демалыс уақытын тиімді өткізіп жатыр.

Шымкенттік оқушылар Петропавл қаласына саяхат жасады

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында №107 мектеп-лицейінің үздік оқушылары мен аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылар Петропавл қаласының қасиетті жерлерін аралап, өздерінің географиялық һәм тарихи білімдерін ұштауға аттанды.

Оларды күтіп алған жолбасшылар оқушыларды түнгі қала кереметтерімен таныстырып, Өлкетану мұражайына және Абылай хан мұражайына алып барды. Оқушыларға Петропавл қаласындағы аквапарк пен ботаникалық саябақ қатты ұнады.

«Жыл бойы біз Петропавлға баратын экскурсияға іліну үшін олимпиадаларға, пікірсайыстарға және түрлі шараларға белсенді қатысып, оқуда озат болуға тырыстық. Бұл саяхаттың қатысушысы болуға деген ұмтылыс біздің ортада бәсекелестік туғызды. Қазір 30 оқушы және 5 мұғалім Петропавл қаласының тамашаларымен танысып жүрміз. Маған барлығы ұнады», – деді саяхат қатысушысы Назакат Назирова.

Ертіс жағалауының оқушылары Атырауды аралады

«Туған жер» арнайы жобасы аясында Успенский ауданының аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылары жазғы демалыс уақытында Атырау облысына және Баянауыл ауданына саяхат жасайды.

Мектеп оқушылары Атырау облысындағы саяхаттары барысында Сарайшық қаласының орынын, Махамбет батыр кесенесіне, атақты Бекет ата мешітіне барған. Сонымен қатар, олар қалада жаңадан тұрғызылған ғимараттар мен мұражайларды аралады.

Ал Баянауыл ауданында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Исабек Ишанның, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Қаныш Сәтпаевтың жерленген орындарына барды.

Басшылық тарапынан туған мүмкіндік арқылы жазғы демалыстарында маңызы жоғары саяхатқа шыққан мектеп оқушыларының көңілдері көтеріңкі, көздерінде ой бар. Олар өздерінің көргендерін, түйгендерін ешқашан ұмытпайтыны анық.

Міне, әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалардан жинаған ақпараттарымыз – осылар. Суреттерден оқушылардың қуанышты екенін байқау қиын емес.

«Туған жер» арнайы жобасы арқылы білімді қоғамды қалыптастырушы жастардың руханияты байып жатыр. Бұдан артық қандай қуаныш болсын?! Балалардың өздеріне анимациялық фильмдегі жалған батырларды емес, тарихымыздағы нағыз батырларды үлгі тұтқаны маңызды қазір.

Абылай ханның, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Малайсары батырлардың өр рухы жаңа ұрпағымыздың бойына дарыса, болашақтың жарқын болары анық.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button