Жаңалық

«Туған жер» арнайы жобасы аясында Мұса Шормановтың кесенесі салынуда

Тарих – болашақтың іргетасы. Өткен ғасырларда өмір сүріп, келешек үшін күрескен бабалардың өмірін, жасаған қызметін жаңа буынға таныстыру, насихаттау – парыз. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында мектеп оқушыларының республикадағы қасиетті орындарға саяхаты ұйымдастырылып, бабалар кесенелері жаңартылып, тіпті, кейбірі көркем салтанатпен салынып жатыр.

Баянауыл өңірі – ақын-жазушы, әнші, күйшінің қамбасы. Павлодар облысының басшылығы осы себептен «Туған жер» арнайы жобасының аясындағы мектеп оқушыларының саяхатын да көп қабылдады. Қонақ болып келген жас буын өкілдеріне өңір тарихын таныстырып, өз ерекшеліктерін көрсетті. Ал қазір атқарып жатқан шаруаларына көзің қызығады.

Павлодар облысының тарихындағы дара тұлғалар арналған қасиетті орындардың қатары артпақ. Қазір өңірде уағында Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған, әйгілі ағартушы, этнограф Мұса Шормановқа арналып, биіктігі 9 метрді құрайтын сәулетті кесене салынып жатыр.

Аталған кесене Бұқар жырау ұрпағының алда келе жатқан 200 жылдық мерейтойына орай қыркүйек айында ашылады деп жоспарланып отыр.

Мұса Шормановқа арналып, қабырғасы қаланып жатқан кесененің нақты орыны – Сәтбаев ауылдық округіндегі Ақкелін тауының баурайында. Бұл құрылыспен Маңғыстаудан арнайы шақыртылған білікті мамандар айналысып жатыр. Қазірдің өзінде биік әрі сәулетті кесене құрылысының жартысына жуығы аяқталған. Құрылыс басына жергілікті аймақта кездесетін бірегей табиғи материалдардың 130 тоннасы жеткізілген.

«Бір ғана дерек келтіре кетейін, Баянауыл ауданынан ұлттық ғылым академиясының 21 академигі шыққан. Ал сондай дара тұлғалардың қалыптасуына Мұса Шормановтай азаматтар атсалысты. Мұса Шорманов – Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жыраудың ұрпағы. Аға сұлтан ел азаматтарының көзі ашылсын, білім алсын деген мақсатпен баянауылдық жастарды алыс-жақын шет мемлекеттерге жіберіп отырды. Өзі басқарған әр болыстың басшысына «бір-бір бала оқытасың деп» салық салғандай бұйрық беріп, орындалуын қадағалап отырған. Игі істің арқасында Қазақ елінің мақтанышы Қаныш Сәтбаев бастаған академиктер шоғыры қалыптасты. Бұл – таңқаларлық дүние!» – дейді құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрген қоғам қайраткері Алтынбек Нұхұлы.

Қазір Ақкелін тауының баурайында кезінде аға сұлтан, би, шешен болған Мұса Шорманов кесенесінің құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Кесене салатын негізгі құрылыс материалы ретінде Ақтау қаласында өндірілетін ұлутас  таңдалып алынған.

«Туған жер» арнайы жобасының аясында жүзеге асып жатқан игі шараның жоспарына тағы бірқатар бастамалар кіреді. Алғашқысы – жоғарыда айтылған кесенені тұрғызу болса, екіншісі – Мұса Шормановтың тұрған үйінің орны мен Ертіс-Баян өңіріндегі алғашқы 1903 жылы ашылған орыс-қазақ мектебінің орнына құлпытас қою, үшіншісі – Мұсаның баласы сөзі өткір ақын болған Сәдуақас Шормановтың зиратына белгі орнату.

Сонымен қатар, егер қаражат мәселесі шешілсе, мамандар Шормановтар әулетіне арналған мұражай ашу жоспарда бар екенін де жасырмады. Мұражайға белгілі тұлғалардың уағында тұтынған заттары жинақталып, олар туралы тың деректер жарияланбақ. Ал бұл арқылы біз жаңа ұрпақты отансүйгіштікке, өз елінің шын азаматы болуға, кез-келген уақытта елі үшін қызмет етуге тәрбиелейміз.

Биыл халық маңдайына біткен жарық жұлдыздар – белгілі тұлғалардың бірқатарының мерейтойы. Үстіміздегі жылы Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығы, Мұса Шормановтың 200 жылдығы және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы кеңінен тойланады деп жоспарлануда.

Ұлт ұлдарын ардақтаған ұлы халық екенімізге дау жоқ. Осындай мерейтойлар қарсаңында аталған тұлғалардың ғұмыр жолының насихаты артып, елі үшін жасаған ерліктері жаңа буынға, жас ұрпаққа әйгілене түседі. міне, осы арқылы жас ұрпақ өздеріне тәлім-тәрбие алып, ішкі түйсіктерімен ел үшін, ұлт үшін қызмет жасау парыздары екенін ұғады. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы ұлтты осындай бағытқа бастайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button