Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Туған жер – тұғырың, Туған ел – қыдырың

Біздің қасиетті қанымыздағы ең бір ерекшелік, ол – отанға деген махаббат. «Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік» ,- деп Бауыржан атамыздың өзі айтқандай, отанға деген сүйіспеншілік пен батырлық басқалардан даралап тұратын адамшылықтың белгісі.

Қазақ деген батыр халық. Ол еңкейгенге еңкейеді, шалқайғанға шалқаяды. Шірене қалса, асқар – асқар тауларына сүйенеді, еңкейе қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, қиыннан қиыстырып жол табар Абылайдай тірлігі бар ел.

Туған жерді сүю парыз, сүю үшін білу парыз. Туған өлке тарихын әспеттеп, келер ұрпаққа жеткізу аға буынның міндеті. Болашақ ұрпақ еліміздің әр аймағының тарихын біліп, бабаларымыздың қандай қиындықпен осы күнге қол жеткізгенін ойларына жүйелі түрде тоқып алса, елін сүйген жерін сүйген саналы ұрпақтың көбейері анық. Осы тұста менде өзімнің үлесімді қосып сіздерді өзімнің туған өлкем, киелі мекен – Шығыстың бір жүрегі қасиетті Абай жерімен таныстыруды жөн санадым. Абай елі жайлы маған дейін де, менен кейін де жазылары хақ, дегенмен сол өлкеден шыққан перзенттің жазып жеткізгені бір бөлек болар.

Семейден шығып көзіңді тіксең маңайға,

Тарихқа тағызым ете жүр, қалқам, жарай ма?

Табаның тиген топырақта мынау текті іздер,

Абайла, қалқа, бұл жермен жүрген Абай да! – деп шығыстың қызы Жұлдызай Ысқақ жырлағандай, шежірелі Шыңғыстау топырағының әр түйірі, әр тал ағашы, тау-тасы тұнған тарих.

Демек, Абайдай хакімді, Шәкәрімдей шежірені, Мұхтардай мұхитты, Көкбай, Шәкірдей көк қыранындай ақиық ақындарды тудырған Шыңғыстау жерінің қалың ел арнайы ат арытып келетін туристік өлкеге айналуы заңды құбылыс.

Күшікбай асуы

Семейден шығып  Абайға қарай жол тартсаңыз, ең алдымен алдыңыздан Күшікбай асуы көзге түседі. Жоңғар шапқыншылығында елің қорғаған ердің зираты да осы асуда. Күшікбай батырдың атақ-даңқы Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесі арқылы ұрпаққа жеткен. Асқан ерлігімен қатар, қайырымдылығымен, әділдігімен аты әйгілі болған. Тарихта әкесі Қанайдың да Абылай хан тұсында қалмақтармен соғысып көзге түскен батырлығы жазылған. Бұл жерге жолаушылардың міндетті түрде тоқтайтын тағы бір себебі – қысы-жазы сарқылмайтын мөлдір, таза, сап-салқын бұлақ талай шөліркеп келген жолаушының шөлін қандырады. Еліміздің түкпір-түкпірінен Жидебайға саяхаттаған жұрттың бұл мекенге соқпай кететіні некен-саяқ.

Бөрілі – Мұхтар Әуезовтың туған жері

«Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөріліні…»  деп жазушы өзінің ата қонысын «Абай жолы» роман-эпопеясында үлкен бір сүйіспеншілікпен суреттейді.  Бөрілі – Мұхтар Әуезовтың балалық шағы мен жастық шағының куәгер мекені. Осы жерде отбасын құрып, тұңғышы Мұғамилә дүниеге келген. Қазақ театрының ең алғашқы қойылымы болған «Еңлік-Кебек» драмасы да Бөріліде жазылған. Жазушы білім жолын қуып Семейге қоныс аударады, ал соңғы рет ол туған жеріне өзінің 60 жылдық мерейтойы қарсанында келген. Мұхтар Әуезовтың 90 жылдық мерейтойында осы Бөріліде мұражай-үйдің экспозициясы ашылған.

Мұражай экспозициясы 8 бөлімнен, яғни: 1)Әуез бөлмесі; 2)Мұхтардың балалық, жастық шағы; 3)Анасының бөлмесі; 4)«Абай жолы» романы; 5)Мұхтар отбасы; 6)Мұхтар шет елдерде; 7)Мұхтар туған жерінде соңғы рет; 8)Сыйлықтар.

Мұражайда жалпы саны 1000-ға жуық экспонат қойылған.

Жер кіндігі –  Жидебай

6400га жер аумағында орналасқан Жидебай қорығы 16 тарихи ескерткішті қамтиды. Солардың ең негізгісі Абай-Шәкәрім кесенелері. Сарыарқа төсіменен жүзіп келе жатқан кеме секілді пішіндегі бұл мемориалдық кешен қазақтың бас ақынының 150 жылдық мерейтойына арнайы салынып, пайдалануға берілген. Жобаның бас архитекторы – Бек Ибраев. Кесененің ұзындығы – 200 м, ені – 65 м. Кесенелердің дәл ортасында ежелгі грек амфитеатр үлгісінде жасалған сахна бар.

Абай мен інісі Оспан жерленген кесене биіктігі-32,5м, диаметрі-12м. Бұл кесененің төбесі шаңырақ үлгісінде жасалып, бел ортасына Жаратушы Алланың 99 есімі жазылған. Келесі кесенеде Шәкәрім өзінің ұлы Ахатпен бірге жерленген. Бұл кесененің биіктігі Абай кесенесінен 1 метрге аласа. Кесененің ішкі күмбезінде тамшылар суреті бейнеленген, оның мағынасы зұлмат жылдары қыршыннан қиылған қазақ зиялыларының көз жасы.

Көненің көзіндей болған келесі орын – Абайдың өзі салғызған және тұрған үйі. Көшірме де емес, жаңғыртпа да емес ақынның жүрген ізі қалған, ұстаған затынды қолының таңбасы қалған нақ өз үйі. Шыңғыстау жерінде тұңғыш қала мәдениеті үлгісінде салынған осы үй 1895 жылы тұрғызылған. Үйде екі дәліз, алты бөлме бар. Кіреберіс дәліз қыстаудың тарихымен, ақын өмір сүрген заманның тыныс-тіршілігімен таныс етеді. Қазіргі уақытта хакімнің музейінде қолының табы қалған, көзі тірісінде тұтынған Абай әулетінің заттары сол заман тынысынан сыр шертетін көнекөз жәдігерлер, баға жетпес асыл мұраға айналды. Қазан төңкерісі одан бергі аласапыран кездерге дейін үлкен үй, қара шаңырақ саналып құрметтелген. Бұл күнде әлем халықтары назар салып, көз тігер Еуразия кіндігі ұлы ақын, ойшыл есімімен дүниежүзіне белгілі қастерлі мекен.

Сағынға оранған сайын дала төсінде алыстан ағарандаған қос желкен көз арбайды. Бейне бір поэзия мұқитының қиырларына ынтызар жолаушысын күткен алып кемедей қалықтайды. Жидебай- ұлы поэзияның рихани ошағы, һәм қазақ өнерінің алтын ордасы.

Семей мен Қарауыл арасы тарихи мекенге толы. Әр шақырым сайын қазіргі ұрпақ тағылым етіп, қадір тұтатын көне заман ескерткіштері жетерлік. Қарауылға жетіп, солтүстік-батысына бет бұрып қырық бес шақырымдай жол жүрсеңіз. Тоғыз жолдың торабы, қасиетті Қыдыр тауының етегінде орналасқан Медеу ауылына келесіз. Ғалым да, батыр да, ақын да шыққан бұл мекенді көбі естіп, жартысы білгенімен тарихын білетіндер көп емес.

Қыдыр қонап, құт дарыған мекен

Медеу ауылы – Қыдыр дарып, құт қонған, қарт Шұнайды жағалай орналасқан берекесі мен бірлігі жарасқан мекен.

Жалпы ауыл тарихына тоқталатын болсақ, мұнда кеңшар 1976 құрылған. Оған дейін Медеу ауылы көршілес Тельман атындағы кеңшардың бір бөлімшесі ғана болған. Аз ғана уақыттың ішінде мұндағы халық саны мыңнан асып, жаңа шаруашылықтың тасы жоғары өрлеп, сан мәрте жарыс төрінен көрінген. Бірақ та, кеңшарлар таратылғаннан кейін ауыл халқы үдере көшіп, халық саны бірден азайды. Тек тоқсаныншы жылдардың басында бой көтерген мектепте қызмет етіп, төрт түлікті төлдетіп, шаруашылықтың басында болам дегендер ауылда қалған. Қазір уақытта екі жүзден аса тұрған ғана мекендесе де, ынтымағы мен татулығы бекем ауыл.

Ауылымыздың не үшін Медеу аталатынын бірі білсе, бірі білмес. Медеу Оразбайұлының кім екенін білмесе де, «Абай жолы» эпопеясын оқыған әрбір қазақ әкесі Оразбайдың бейнесіне қанық болса керек.

Оразбай – Есболат руынан шыққан. Есболат Тобықтының ішіндегі саны аз рудың бірі. Оразбай туралы тарихта жақсы, жаманды деректер баршылық. Бір дереккөздерде жас кезінде ұрлық жасап жүргенінде, Абайдың әкесі Құнанбай алдына шақырып, жасап жүрген ұрлығын тыйғызып, өз батасын бергеннен кейін Оразбайдың тасы өрге домалап, шаруасының берекесі кірген дегенде халық арасында дерек бар.

Дегенмен «Абай жолы» эпопеясында Оразбай жағымсыз кейіпкер ретінде алғанмен де, көкірек көзі соқыр надан адам болған дей алмайсыз. Себебі оның жомарттығы, байлығына қарай жасаған сый-сияпаты да ел ауызында.

Біздің бала кезден Оразбай туралы естігеніміз, оның неше мыңдаған жылқысын санамай, Шұнайдың бір сайына әкеп қойғанда сайдың іші жылқыға толса демек үйірдің түгел екендігі еді. Үлкен аталарымыздың «Шұнайым, Шұнайды берген Құдайым» деп тауға барған сайын айтатын, осы екі ауыз сөзі Оразбайдан қалған сөз екен.  Оразбай бес жүз жылқысын Алаштың игілігі үшін сыйға тартқан деген д сөз бар.

Оразбайдан тараған Медеу – ХХ ғасырда Алаш идеясын қолдаған, өз еркімен қаржылай көмек берген қоғам қайраткері болған. 1863 жылы Шыңғыс өңірінің, Шұнай тауының етегінде дүниеге келген. Бастауыш сыныптық білімі ғана болғанымен, көкірегі ояу, көзі ашық жан болған деседі. Өз заманында атқарған ең елеулі ісі – сол кезде ауыл балаларына арнап мектеп салдырған.

Медеу орта мектебі архив деректері мен баспасөздерге жарияланған мағлұматтарға қарағанда 1921 жылы Аққұлұлы Оразбай қайтыс болады. Медеу «малды орынсыз қырып ас бергенше мектеп ашып, балаларға сабақ оқытуды жөн көрген» дейді өз естелігінде келіні Ақлия Тұрағұлқызы. Осылайша 1922 жылы Қыдыр тауының бауырында, Ақтанбұлақ басында Медеу Семейден түйемен қызыл кірпіш тасытып, 8 класстық мектеп ашқан. Медеу мектебінің тұңғыш мұғалімдері Жақсыберді Әбдуғалиұлы, Зікірия Рақымжанұлы, Қази Абыралыұлы және т.б. болған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров осы Медеу орта мектебінде дәріс берген деген сөз бар.

1931 жылы ақпан айында болған Абыралы, Шұбартау және Шыңғыстау аудандарында болған шаруалар көтерілісіне қатысып, 1931 жылы мамырда көтеріліс басшысы ретінде екі ұлымен бірге тұтқынға алынған және ату жазасына кесілген. Қызыл империя тұсында жазықсыз жала жабылып, кінәсіз атылып кеткен Медеу Оразбайұлының құрметті есімі тек еліміз егемендігін алып, қазақтың тұңғыш құқықтық мемлекет құрыла бастағаннан бері ғана халық зердесіне қайта оралды. Медеуге ұлтымыздың ұстазы болған Ахмет Байтұрсынов келіп кетіпті деген сөз бар. Жас Мұхтардың кеңесімен өкпе дертіне шалдыққан Сұлтанмахмұттың Медеудің ұлы Санияздікіне келіп, қымыз ішіп емделгені тарихи шындық. Ал Медеудің Абайдың ұлы Тұрағұлмен құда болғандығы да рас әңгіме. Демек, Оразбай ұрпағы Алаш арыстарымен өте жақын қарым – қатынаста болған. 1977 жылы 1 қыркүйекте Медеу ауылында «Октябрьдің 60 жылдығы атындағы» 8 жылдық мектеп ашылды. 1995 жылы 17 қаңтарда мектеп атауы «Медеу орта мектебі» болып өзгертілді.

Ол кезде балгер болған Нысан абыз,                                                                                Шын даулескер бақсының өзі нағыз.

Біздің ауылдың шетінде Қоңыр әулие үңгіріне бара жатқан әрбір турист соқпай өтпейтін тағы, өзіңдік бір қасиеті бар деп саналатын Нысан абыз мазары бар. Бұл мазардың орналасқан орны туралы Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Анық сақталғаны Нысанның қыстауы – Кеңгірбайдың кешенінен отыз шақырымдай, Шұнай тауының балақ бауында. Айналасы шилеуіт, қақты көл бар. Зираты – Қыдырдың қыратының етегінде, қыстауынан 10-15 шақырымдай, Ақтанбұлақтың басында. Қазіргі «Медеу» мекенжайының шеті. Бұлақтың айналасы сазданып, зираттар езіліп, құлай бастаған соң 1987 жылы Нысан абыздың сүйегі қазып алынып, қыраттың төбесіне қойылып, мазар орнатылды.»

Нысан абыз – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасында сәуегей ретінде баяндалады. Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек абыз ХVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген.

Осы уақытқа дейінгі жарияланған «Еңлік-Кебек» поэмасының барлық нұсқасында, Нысан абыз бейнесі бірдей бейнеленген. Осы дәйек-дәлелдерге қарағанда Нысан абыз тек әдеби кейіпкер ғана емес тарихта болған, өмір сүрген тарихи тұлға екенін дәлелдеу үшін біраз зерттеуші еңбек еткен.

Аңызға айналған – Ана

Тарихта аты қалған, ақыл мен парасатқа бай дана аналар қаншама: Абайдың әжесі Зере, анасы-Ұлжан, Ұлпан, Құртқа, Қарашаш және Абайдың төртінші анасы Айпара ана.

Бөкенші өзенінің Шыңғыстан шығып, арнасы кеңейген Құлыншақ-Ақберді қыстауларынан қозы өрісіндегі оң жағасында қалың тас қорым бар. Бұл орын бүтін Тобықтының қасиетті жері саналады. Онда әулие ана – Айпара  жерленген. Қорым үш қатар бөлек тас қабірлер боп жатыр. Шамасы Олжайдың үш баласы Айдос, Қайдос, Жандос ұрпақтары үш бөлек қатарға жерленсе керек. Айпара ана туралы тарихта екі түрлі дерек айтылады. Бірінде Айпара ана Олжайдың баласы Айдостың бәйбішесі болып айтылса, ал Оралхан Бөкейдің «Айпара ана» аңызнамасында Айпара ана Олжайдың бәйбішесі екендігі айтылады. Айпара ана ХVIII ғасырда өмір сүрген, бірақ нақты қай жылдары өмір сүргені туралы дерек жоқ. Десек те, Айпара ана – қазақ ұлтына есімі мәлім әулие ана. Тарихшылардың айтуы бойынша Айпара ана болашақты болжай білген көсем, батырлығы бар, көріпкел – әулие, ақындығы бар текті адам болған. Оған ел арасында таралған мына бір аңыз дәлел бола алады. Бірде Айдостың төрт ұлы құдық қазып жатады. Айпара әбден шаршаған ұлдарына бір қойдың етін асып береді. Сонда үлкен ұлы Ырғызбай жамбасты шап береді. Көтібақ асықты жілікті алады. Топайға омыртқа тиеді. Ал Торғай ананы бір, мынаны бір үзіп жұлған. Осыны көріп отырған Айпара ана төрт ұлына мінездеме берген екен:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ, жалды торайғыр Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,

Сірә да, оңбас Торғайым – деген  екен. Шындығында, ана балаға – сыншы.   Кейіннен оның осы болжамы шындыққа айналғанын көруге болады. Ырғызбай 1750 жылдарда Ырғыз өзенінің жағасында туылғандықтан соның атымен аталыпты, Көтімалды өзенінің жағасында Көтібақ , Торғай өзенінің жағасында Торғай туған екен. Ана берген мінездемеге сәйкес осы күні Көтібақтың ұрпағы көп деседі. Ал Ырғызбай тарихта момын, ақылды ақкөңіл кісі болған екен. Ырғызбай немересі Құнанбай тарихта аты қалған болыс атанды. Ал, одан туған ұрпақ аты әлемге әйгілі ұлы ақын Абай Құнанбайұлы. 1999 жылы Абай елінің сол кездегі әкімі Қонысбай Қойшыбайұлы Төлеубековтың бастауымен Айпара басына «АНА» атты ескерткіш орнатты. Бұл ескерткіш күллі қазақтың ұлыларын дүниеге әкелген алтын құрсақ аналарға деген құрметтің символы боп асқақтап тұр. Кесене жобасын салған Қарауыл өнер мектебінің мұғалімі Қабден Дүйсенбаев. Кесененің алдынан да, артынан да ана деген жазу оқылады.

Киелі мекен – Қоңыр әулие

Қоңыр әулие – Шыңғыстаудың батыс алқабындағы Шаған өзенінің бойында орналасқан. Асу-асу белдердің арасында тарам-тарам жол көп, қолыңызда картаңыз немесе жол нұсқайтын жан болмаса адасып кетуіңіз әбден мүмкін. Үңгірдің қай ғасырда, қашан, қалай, пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ.
Үңгір туралы ең алғашқы дерек 1912 жылы Орыс географиялық қоғамының 6-шы санында жарық көрген.

Аңыздарға сүйенсек қазақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде бұл жерге жоңғар әскері жасырынған десе, енді кейбірінде қазақ әскері жоңғар әскерінен тығылған деседі. 1997 жылы маусым айында зерттеуші Александр Долгушев пен Павел Жуков үңгірдің іш жағында тағы екі үңгір бар екенін анықтаған. Олардың сол сапарын кейін елдер жансақ естіп «екі зерттеуші үңгірдің ар жағына өтіп оралмаған деген» әңгіме тараған. Бірақ зерттеушілер өздерінің сол екі үңгірді тауып, өздері қойып кеткен шамның жарығының көмегімен қайтып келген. Олар үрлемелі қайыққа мініп кеткен кезде сол жердегі жергілікті тұрғындар жүрген екен, ал қайтып келген кезде болмаған. «Мүмкін содан болуы керек сол сапардан кейін, зерттеуші екі адам қайтып оралмады» деген қауесет тарады дейді сол сапарға барған зерттеушілер. Өзге де зерттеушілер сол екі көлдің түбінен жылқының сүйектері табылған деген дәйек келтіреді. Сонымен қатар үңгірдің маңынан, ішінен табылған мүсіндерге жасалған зерттеулерден кейін мұнда б.з.д. 6-8 мыңжылдықта белсенді тіршілік болған деп болжам жасайды.

Үңгірдің кіреберсі өте аласа бейне бір үңгірге тағызым етіп кіргендей боласын. Басқа үңгірлерден бұл үңгірдің айырмашылығы оның ішінде нағыз жер асты көлі жасырылған. Осында келіп көлге түскен адам сырқатынан құлан таза айығады деген сенімде бар. Көптеген туристар осы көлдің шипалығына сеніп талай жолды артқа тастап жетеді. Қазіргі таңда Қоңыр әулие қысы-жазы туристер үзілмейтін орынға айналды. Жаз уақытында тіпті келушілер саны еселеп өседі.

Ауыл маңында, аудан ішінде де осындай ірілі-ұсақты тарихи мекендер саны бірсыпыра. Оның арасында зерттелегені де бар, зерттелмегені де бар. Бір Қарт Шыңғыс пен Шұнайдың ішіндегі бірталай жердің өзіндік сыры әлі ашылмаған. Қазақ ата–бабасының мүрдесі жатқан жерді қатты қадірлеген, арғы түбіміз осы жерден шыққандықтан біздің тарихымыз да, өткеніміз де осы деп қарастырып тарихи орындарға бей-жай қарамай, бағалай білсек бұл мұраның да бізден кейінгі талай ұрпаққа жететіні сөзсіз.

«Туған ауылым-тұнған шежірем» дегендей тарих қойнауында талай шежіресі мен сыры жатқан өз өлкемнің әрбір тасына дейін мен үшін қымбат. Ел арасында алақандай ауыл саналып кетсек те Медеуден шыққан өмірден өз орының ойып тұрып тапқан жерлестер де жетерлік. Білімде де болсын, өнерде де болсын, спортта да болсын біздің ауылдың азаматы деп ауыз толтырып айтатын азаматтар бар. Дархан даланың қасиет-киесінен болар олар да шыққан жерің, өсірген өлкесін ұмытқан емес. Осындай қыдыр дарып, құт қонған мекеннен еліне елеулі, халқына қалаулы болатындай азаматтың шықпауы мүмкін емес.  Мейлі ол қазір қалалық болсын, тағдыр жазуымен басқа өлкеде жүрсін, әйтеуір ауылға деген бір ыстық сезім қазақ баласының бойынан табылары анық.

Әрбір адамның туған жері, ауылы – жер бетіндегі ең қадірлі мекен екенін ешкім де теріске шығара алмас. Иен далада елегізіп қарап тұратын шағын ауылдар төл тумасын үлкен арнаға қосатын ұлы қасиетін әлі де жоғалта қойған жоқ. Ырысы көп елге ырзық болған Қыдыр тауын жағалай орналасып, тарихи тұлғалар туып-өсіп танылған, ұлттық салт-дәстүріміздің қаймағын қалқып аларлықтай ұйып тұрған, ұлықты жердің бірі Медеу де өзінің төл перзенттерін үлкен арнаға қосқан берекелі мекен.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button