Тұлғалар тағдыры – ұлттың тағдыры
Сезімтал жүрек, сергек көңіл, арманшыл жүректің иесі – ақын деген перзенттің өзі де, сөзі де қызық. Дүниедегі барлық ірі-ұсақ жайлар ақынның жүрегінен өтеді. Оның көрер көзі де тым қырағы. Өмір деген ұлы күндердің сырын білсем деп ұмтылатын, бір тынатын шағы жоқ ақын жүрегін, ақын санасын неге теңеуге болады?
Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы тәуелсіздік шежіресін тереңнен толғап, бүтін бір батырлар галереясын жырмен сомдап, «Бостандық жырының бозжорғасы» атанды.
Тұңғыш жинағы «Қозыкөш» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Шығармашылық адамының ұраны – шарқ ұрып іздену, тынбай еңбектену. Ой соңында сарыла отырған ұзақ түндерін, маңдайынан тамшылаған тер моншағын тілге тиек ете отырып, шын асылдың өте қымбатқа түсетіндігін ұқтырады. Ақын өлеңнің сыртқы формасына, ұйқасына ерекше көңіл бөлумен бірге, оның ішкі үндестігіне, буын, ырғағына да көп назар аударады. Күміс қоңыраудай сыңғырлап тұрған жорға жылдары еріксіз тәнті етеді.
Табиғат – адам өмір сүретін орта. Оның әсемдігін көріп әсерлену, сұлулығынан сыр түю суреткердің сезімталдығын дәлелдейді. Жанарыңа жанды суреттерді әкеліп тоса қояды.
Біз әрдайым да поэзияның адам жаны құпиясынан жаратылғанын білеміз. Басқа өнердің барлығы адам қолымен жасалса, поэзияның құдайдың құдіретімен жаратылады. Жыр әлеміндей тылсымға тіл бітірген ерекше талантты ақынның тұманың тұнығындай туындыларына деген құштарлық жылдан жылға арта түсті. Бозбала шағында-ақ, «Бассүйектер» атты әлеуметтік жүгі ауыр, астары терең поэма жазып, оқырманды жалт қаратса, кейін келе қазақ лирикасының айтулысына айналды. Толысқан шағында Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» атты аса ірі философиялық шығармасын шеберлікпен аударып шыққан ол халық қазынасына қоса Шығыс пен Батыс әдебиетінің ақ қайнарынан сусындаған, кең тынысты өлеңдері мен толғау-дастандары арқылы қазақ өлеңін биікке шығарды.
Түбі бір түркі халықтар әдебиетінің жарық жұлдызы, поэзия пірі Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» атты құнарлы дастаны бар. Данышпан ойшылдың теңіздей шалқыған шығармаларының ішіндегі жауһары саналатын бұл кесек туындыны ана тілімізге аударған Несіпбек Айтұлы.
Әлішер Науаидың көркем ғазалдары мен даналыққа толы дастандарының қайсысы болмасын тұңғиығының түбі жоқ, шырқау биігінің шегі жоқ ғаламат көркемдік әлем. Және Орта Азияның классикалық түркі әдебиеті алғаш рет әлемдік даңқ пен беделге Әлішер шығармалары арқылы көтерілді. Әр сөзі мен сөйлемінде парасаттылық тұнып тұрған мұндай асыл мұраны тәуекелдеп тәржімалау оңай шаруа емес екені белгілі.
Түркі тілінің қадір-қасиетін аспандатқан, замандастарының көбі өз еңбегін арабша, парсыша, қытайша жазып, басқа тілдерге құлдық ұруға көшкенде, суырылып шығып,тас қамалды бұзған қаһарман Әлішерді туған тілімізде сөйлету бізде көп жылдар бойы кенжелеп келген еді. Осы күрмеуі көп күрделі шығарманы тапжылмай отырып табандылықпен аударуда толағай табысқа жеткен. Аударманы зер салып оқыған адам Несіпбектің өзіне дейінгі тарлан тәржімашылардан іздене үйренгендігін байқайды. Абайдан бастап, Қасым, Қалижан, Қуандық, Ғафулар салып кеткен соқпақтарды да бағдарға алып, қиын кезеңдерден қиналмай өткендігін айқын сезінеді.
Біріншіден Әлішер Науаи сынды поэзия пірін аударатын ақын өз елінің әдебиетін ғана жақсы білетін ақын болып қалуы жеткіліксіз. Ол сонау «Күтегін», «Манас», «Көрұғлы», «Гилгамештен» бастап, кешегі Абай, Бердақ, Хамзаға дейінгі бүкіл түркі әлемінің өлең-жырларын, соның ішіндегі классикалық Шығыс поэзиясының өкілдері Низами, Фирдоуси, Омар Һаям, Рудаки, Жәми тағы басқалардың туындыларын терең білуге тиісті. Ақынның табысты еңбегінің бір сыры осында жатқан секілді. Сөйтіп бұл аударма арқылы қазақ поэзиясына Әлішер бабаның дәл өзі келгенін байқағандаймыз. Әр сөзі даналыққа толы кемеңгердің өлмес рухының сақталғанын көреміз.
Екіншіден, көлемді дастанның басынан аяғына дейін біркелкі ырғақ, бір деммен, Науаидың өзіне ғана тән қорғасындай салмақты ой, көркем кестемен тәржімалануы арқылы қазақ жырына жаңа бір сипат пайда болғанын көреміз. Мынау аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде бұл ұлы шығарманың айтар ғибраты мол. Аудармашы соны дөп басып, төлтумадай түрлентіп тәржімалаған.
Үшіншіден, аудару үстінде ұлы шығарманың өн бойындағы асыл теңеулерін қазақ оқырмандарына жұтындырып жеткізе алған. Ол әрине, аянбай төккен тердің жемісі.
Төртіншіден, Науаи поэзиясы мен қазақ жырларының көзге көрінбес, бірақ түйсік арқылы сезілетін нәзік тектестігі де дастанның іші-сыртын бірдей қазақ өлеңіне жақындата түседі. Соның нәтижесінде «Ескендір қорғаны» бізге тек ішкі мазмұнымен ғана емес, түр-тұрпатымен де жақын екенін танимыз. Мұның ең алдымен дастанды аударған адамның сезе білетіндігі, оны ұдайы есте ұстап отырғаны қатты қуантады.
Әлішер Науаи өзінің ғұмыр кешкен заманында «Хамса» («Бес кітап») атты дастандар топтамасын жазған адам. Шығыс әдебиетінде «Хамсаны» тек ақындықтың шыңына жеткен адамдар ғана жазған. Әлішер өзінен бұрынғы Низами, Дехлеуи, Жәмилермен іштей өнер сайысына түсе отырып, сөзден көркем сарай соққан шайыр. Сөз етіп отырған «Ескендір қорғаны» («Сәдди Искәндәри») солардың біреуі ғана. Қалғандары «Хайратул аброр», «Ләйлі – Мәжнүн», «Фархад - шырын» және «Сәбьай сойер» деп аталады.
Жалпы шығыс әдебиетінің інжу-маржандарын аудару ұлттық санаға сәуле түсіретін, рухани міндет. Әлішер Науаидай ұлы бабамыздың шығармаларының туған тілімізде шешіле де көсіле сөйлей бастауы – жақсылыққа, бірлікке бастар жолдың нышаны. Өзімізді-өзіміз танудың белгісі.
Ақынның әр жылдары жарық көрген «Рухымның падишасы», «Бөрітостаған», «Көз жасым», «Құлан ойнақ», «Тоғыз тарау» жыр жинақтары бар. Әр қадамын бақылап, шыққан кітаптарын оқып жүрген әдебиетші қауым, әр жинақ сайын оның кең тынысын, шапқан сайын қызатын таланты мен шабыт қуатын аңғарады. «Тоғыз тарау» жинағындағы бір кесек шығармасы – «Сардар» поэмасы. Теңіздің дәмін тамшысынан танылмақ.
Поэманың басты кейіпкері – алашқа ардақты, батыр тұлға Қанжығалы Бөгенбай батыр. Поэма өзегіне арқау болған батырдың ұлт мүддесі үшін жанын оққа байлап, аттың жалында өткен қаһармандық өмірі. Ақынның негізгі айтайын деген ойы мен шығарманың негізгі идеясы ретінде ұлттық идеологияны жүргізу, отансүйгіштікті насихаттау және тарихымызды тануға жетелеу. Әдебиетте тарихи шындықты көркем шындыққа айналдыратын автордың көркемдік қиялы мен талант деңгейі, дүниені құрайтын құбылыстар мен кезеңдік оқиғаларды табуы һәм түсінуі. Қоғамда орын алған белгілі шындықты жеткізу үшін автор өзінің суреткерлік әлемінің жұлын-жүйесі арқылы жүріп өткен шабыт шырынын оқырманға ұсынады. Тарихи тақырыпқа жазылған шығарма, ең алдымен, идеология және тағлым. Әрине, кез келген тақырыптағы шығарманың өзінің белгілі деңгейдегі идеологиялық және тәрбиелік мәні болатыны аян. Бұл реттен қарағанда тарихи шығарма нақтылы тарихта болған тұлғалар мен оқиғалардың негізіне құрылатындықтан, оларды оқырманның қабылдауы да нақтылы түрде, тура мағынасында жүзеге асады. Яғни, оқырман шығармадағы тарихи кейіпкер тұлғасынан немесе тарихи оқиға барысынан шынайы өмірге жақын және өзіне түсінікті мағлұмат алады. Тарих пен бүгінгі күннің арасындағы ұқсастықты екшелей отырып, өзіне қажетті рухани бағдар жасайды. Бұл, әсіресе, ғылыми-техникалық жаңалықтар молайып, адамдардың таным-түсінігі прогрессивті түрде кеңейіп келе жатқан қазіргі заманда жекелеген адамдар тарапынан ғана емес, тұтас мемлекеттер тарапынан да жүзеге асырылып отыр. Поэманың басында тарихта орын алған алашқа ардақты батырдың қазасы Үмбетей жыраудың Абылайханға естірту оқиғасы орын алған. Одан кейін барып:
Жырауды жаратқан ғой сөзге Құдай,
Қосылып қыл қобыздың боздауын-ай?!
Үмбетей түптен тартып толғап кетті,
Болғанын бір сұмдықтың сезді Абылай.
- деген жолдармен поэманы бастайды. Ел іргесін берік, бақытын баянды еткісі келіп күрескен батырдың қазасын есту, арыстандай айбатты болса да Абылайға ауыр тигені анық. Абылайдың ақылшысы билер болса, қалқаны мен қылышы, тегеуріні мен қаһары батырлары болатын. Бұл жалғыз ханның басына ғана түскен қайғы емес, қазақты қаралы жұрт еткен қаза болатын. Абылай қарт батырдың өліміне ғана емес, елінің ертеңін ойлап аһ ұрады. Себебі елге тұтқа болатын, ел шетіне жау тигенде аттандап атқа қонатын батырлар енді қайтып туа ма, тумай ма, бір Аллаға аян.
Боз қырау, бу атады кермедегі
Аттардың алыс жолдан терлегені.
Іргесін ақ орданың үрей кернеп,
Біртіндеп шаңыраққа өрмеледі.
Аттың терлегені батырынан айырылған қазақтың аласапыран күйінен хабар беріп тұр. Ақ орданы негізінен алғанда қайғы кернеуге тиіс болатын. Оның орнына қолданылған ақынның поэтикалық танымы мен интуициясында орын алған «үрей» сөзі халыққа түскен қайғының ауыр екендігіне экспрессивті бояуды үстемелей түскен. Ал, үрейдің динамикалық қалпы сол сәттегі алай-дүлей, әрі-сәрі күйді елестетеді. Абылай да адам, ол да үрейленуі тиіс. Алайда оның қорқынышының қарапайым адамдардан өзіндік ерекшелігі бар. Ол қорықса – халықтың ертеңін ойлап қорқады, қамықса – келер күнді ойлап қамығады. Бұл ретте Абылайдың қорыққаны емес, қорықпағаны ерсі болар еді. Себебі дүниеден ел қорғаны, халықтың жанашыры озды.
Ақын үшін қан майданды суреттеуден гөрі батырынан айырылған Абылайдың жанжүрегінің күрсінісі маңызды. Адам – адам болғанда да ханның қайғыруы батырдың орнын ерекшелеп көрсетіп, даңқын көтере түскендей.
Үн-түнсіз қалды отырып шөккен нардай,
Өксиді өзегінен шоқ тамғандай...
Тоқтады қара қобыз ыңыранып,
Қайғының қаралы үнін төккен зарлай.
Ащы жастың шоққа теңелуі оның физикалық шамасын емес, адам жұлын-жүрегін сығып-айырып тереңнен тартылып шыққандағы психологиялық жай-күйін береді. Поэмада Абылайдан басқа Бұхар сынды жыраудың, Баймұрат және Байдалы сынды батырлардың да образдары бар. Халық сүйеніп, ел сүйінген тұлғалардың қайғыдан теңселгенін көре отырып, оқырманның қарт батырдың қазасының қаншалықты ауырлығын сезсе керек. Поэмадағы қаһармандық сарын қайғы үстіндегі Абылайдың өткен күнге көз жіберіп, ойға шомған лирикалық шегінісімен келесі бөлімде көрінеді. Абылайдың лирикалық шегінісі – шығарманың негізгі жұлын-жүйкесі. Бұл шегініс – Абылайдың елім деп ет-жүрегінің езілгендігін ғана емес, адам ретіндегі өткен өмірінің жалынды тұстары мен жабырқаңқы сәттеріне сараптама жасауы. Елді жау шауып екі оттың ортасында қалып тұрған қазақтың ендігі күні не болар? Жау жағадан алғанда, ажал сұм Абылайдың жүрегін шаншып, қолқасын қапты. Абылайдың жанжүрегіндегі аласапыран күйді поэаманың мына шумақтарынан көреміз:
Абылай не көрмеді ғұмырында,
Жоңғардың кете жаздап жұмырында.
Тұрғанда сескенбейтін қалың жаудан,
Қабанбай, Бөгенбайлар тұғырында.
Түсіріп жауға шапса, жасын көктен,
Дүлейдің алған талай басын кекпен.
Өмірі өкінішсіз есіне алса,
Өңкей бір көкжалдардың қасында өткен.
Бабаларымыз өмір сүрген қоғамның басты ерекшелігі адамдарды адамдардың бағалай білуінде болса керек. Ісі адалдан, ниеті тұнықтан шыққанның барлығына құрмет пен қошамет лайық.
Қош, жоғарыдағы шумақты оқыған сәт менің көз алдыма ақ орданың қақ төрінде қалт етпей бір нүктеге қадала қарап, терең күрсініп ойға шомған ханның бейнесі келеді.
Өткенге оңды-солды көз жіберіп,
Қырық күн хан Абылай ойға шомды...
Тұлғалардың тағдыры қашанда – ұлттың тағдыры. Тарихты жекелеген адамдар жасамақ. Кешегі тарихымыз – бабалар тағдыры. Несіпбек Айтұлы сол бабалар тағдырындағы тарихпен сабақтастықты аша отырып «Сардар» поэмасын жазды.
Поэманың келесі бөлімі Абылайдың ой жүлгесі арқылы жүйеленіп, Бөгенбай батырдың нақтылы образы сомдалатын шумақтармен жалғасын табады. Бұл ретте ақын батырдың сом бейнесін жасау арқылы халық тағдырының ақтаңдақ беттерін ашып, өзінің ол туралы шығармашылық иесі ретіндегі ой-пікірін білдіреді.
Тектілік танылмаса ерге біткен,
Не шығар қаптап жүрген боркеміктен?
Ерліктің ата жолын жалғастырған,
Туады Ақша батыр Әлдеуіктен.
Көркем шығарманың негізгі тарихи деректік дәлдігіне сәйкес түсінік тұрғысынан берілетін осы шумақтар арқылы ақын оқырман қауымға батырдың шыққан тегінің әйгілігін көрсетіп берген. Бұл шумақтар батыр тұлғасының даралануына қатысты негізгі көркемдік функциясымен бірге қарапайым оқырман үшін қажетті деректік сипатымен де ерекшеленеді. Жалпы алғанда, батырлық дастандардағы шығарманың негізгі кейіпкерінің арғы тегі, түп-тұқияны туралы деректердің келтірілетінін білеміз. Бұл біздің әдеби айналымда жүрген батырлық дастандарға қатысты кіріспе және түсіндіру тәсілінің бірі ретінде байқалады. Осы ретте ақынның ұлттық әдебиетіміздің қайнарынан қанып ішкенін көреміз. Қалыптасқан тәсілді қалыптан бөлек дәлдікпен қолданатын ақынның батырлық дастанында халық тағдырына қатысты ащы шындықтың беті айқара ашылады. Қазіргі таңда саясат деген мәдени атқа ие болған сол кездегі таққа талас, билікке ұмтылыс немесе ру аралық қақтығыстардың артында бағы талан-таражға түскен халықтың рухы жатқанын білеміз.
Жинады қайта бірақ қалмақ есін,
Өткізіп өздерінше хан кеңесін.
Сәмеке, Әбілқайыр, Әбілмәмбет,
Бірігіп бәтуаға келмегесін.
Белгілі болды тағы тоқтамасы,
Атадан келе жатқан тақ таласы.
Құзғынның төнгендігін қайдан білсін,
Қарғаның кіргеннен соң боққа басы.
Ақынның көркемдік призмасында берілген құзғын мен қарға образынан ел билеген көсемдердің шынайы бет-бейнесін көреміз. Психологиялық хал-күйден гөрі қимыл-әрекеті басым соңғы тіркесті оқи отырып, қарапайым халыққа жаның ашиды. Ақынның айтар ойында бүгінгі күннің де кейбір элементтері ұшқын беретінін сезінесің. Абылайдың ішкі ойларымен беріліп, кейде ақынның тікелей баяндауына ұласатын поэма жолдары арқылы хас батырдың бейнесімен бірге хан Абылайдың тұлғасы да көрінеді.
Поэманың күллі желісі ханның ойы арқылы өрілген. Қарт батырдың ханның түсіне еніп аян беруі көркем шындық тұрғысында берілген – поэтикалық тәсіл. Поэманың шешімінде көрінетін жас қыран реалистік поэманың романтикалық сарынға ауысқанын білдіреді. Алайда ара-жігі бөлінбес шымыр, тұтасып жатыр.
Қазақ әдебиетінің күретамыры болып табылатын тарихи дастандар Кеңес үкіметінің 70-жылдарында ерекше тосырқап қалды. Өйткені, қара сөзде тарихи оқиғаларды заман талабына келтіріп баяндайтын көркем мүмкіндіктер мол еді. Ой мен оқиғаны әдеби тәсілдер арқылы қиыннан қиыстыруға болатын. Ал түпкі тегі шабыт пен шаттықтан тамыр тартатын тарихи дастандар идеологиялық тұрғыдан да, тақырыптық тұрғыдан да, көркемдік бағалау барысында да назарға іліне бермеді. Бұл жанрдың даму тарихы туралы сыни ойлар мен зертеулер Д.Әбілев, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев сияқты эпик ақындардың ертеректе жазылған қуатты да көркем поэмаларын қайталай тілге тиек етумен шектелді. Мен әдебиетші ретінде мұндай көріністің себебін түсіне отырып, іштей қынжылып жүретінмін. Оның үстіне эпик ақындар да аз-тын. Өйткені, поэзияның барлық көркемдік мүмкіндігін бойына сіңірген бұл жанрды кез келген ақын игеріп кете алмайтын. Таланты, көркем ойлау жүйесі, тілдік қоры мен көркем нақышы сай келетін, төрт құбыласы түгел, ішкі дайындығы мол алымды ақындар қазір де аз. Сол аз эпиктердің ішінде саз жазатын, төрт тұяғын тең алып келе жатқан қазақтың серпінді сөз зергерлерінің бірі – Несіпбек Айтұлы.
Әр дастанның басты кейіпкерінің жан дүниесін ашатын көркем ой, көркем желі, отаншыл жүректің дүрсілін танытады. Осы тәуелсіздіктің идеясы тоғыз дастанға ортақ желі тартқан. Сөйтіп бұл жинақ – тоғыз тараудан тұратын «Тәуелсіздік дастаны» атты эпикалық роман ретінде әсерін қалдырады. Бұлай бағалауға төмендегі көркемдік нақыштар мен тәсілдер толық негіз қалайды. Тоғыз дастан да дәстүрлі жыраулық толғаумен:
«Отан!» - деп атқа қонып құла таңда,
Қан кешкен Бөгенбайдай ұлы атаң да.
Ұмытпа мойныңдағы парызыңды,
Мәңгілік қарыздарсың бұл Отанға! («Сардар»), немесе:
Сыр бүккен Сарыарқаның белеңдері,
Шақырса, көңіл, шіркін, елеңдеді.
Көкжиек көсіледі жүрген сайын,
Мүлгіген мұңды қозғап тереңдегі.
Тау мен тас шежіресін тарқатпаса,
Біледі өздігінен адам нені?
Тілдескен кең даламен емін-еркін,
Бозторғай бақыттырақ менен гөрі,
(«Бердіқожа батыр»), - деген шабытты да асқақ үнмен басталады.
Осынау шамырқанған шумақтардың өзі оқырманды да шабыттың биігіне көтеріп, тебірендіре өзіне тартады. Сол екпінмен ақын заман, жаратылыс, тарих, ұлттық тәуелсіздік туралы толғана келіп, өзінің тақырыбына ойысып, кейіпкерінің азаттық жолындағы рухын, мысалы, Бөгенбайдың, Бердіқожаның, Шақантайдың, Кемпірбайдың, Кәмейдің жан-дүниесін шабыттана жырлап, оқырманды оқиғаның ішіне араластырып жібереді және кіл баяндауға беріліп кетпей керек кезінде:
Жығылса алтын туы желбіреген,
Ажалдан кім құтылар белгілеген.
Аңыз бар сол соғыста Малайсары
Қазақтың өз оғынан өлді деген...
Талайлар билік құрған өрге шығып,
Еліртіп бір бес күндік әурешілік.
Ақыры бақталасқан бәрінің де,
Түбіне жетіп тынды пендешілік («Сардар») – деп, немесе:
Жайыңды, асыл құсым, мен түсінем,
Шықпайсың сағынғанның сен түсінен.
Маған да анда-санда аян беріп,
Алланың құр қалдырма еншісінен, («Көкалаүйрек») –
деп сол оқиғаға деген ақындық көзқарасын көркем оймен көмкеріп, сөйтіп, оны көркем тұжырым деңгейіне жеткізеді.
Ақын тарихи оқиғаларды көркем баяндап қана қоймайды, оған «ақындық мен» арқылы бүгінгі күннің көңіл-күйін араластырып, қазіргі өмірмен байланыстырады. Тәуелсіздік идеясын негіз ете отырып әр кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғалардың тағдырын толғайды. Бұл көркем тәсіл – эпик ақындарға тән әдеби әдіс болып табылады. Пушкиннің «Евгений Онегин», Байронның «Чаильд Гарольд», Абайдың «Ескендір», Мағжанның «Қойлыбайдың қобызы», Ілиястың «Құлагер», Қ.Бекхожиннің «Асқақ құлан», Х.Ерғалиевтің «Құрманғазы» сияқты дастандарында осы тәсіл еркін қолданылған, жыраудың абыздық өресін танытатын дәстүрлі тағылым.
Көне тарихты тірілткен
Жансарайы жауһар жырларға толы ақын Несіпбек Айтұлы. Айтулы ақынның өзек жарды өлеңдерін өңкей бір «жүрек жырлары» деп екі-ақ сөзбен түйіндесе де болар еді. Шығармашылығындағы шеберлігі ұлтжандылыққа ұласқан ақынның лирикалық өлеңдері тұтастай ұлт игілігіне айналып, поэзиямыздың парасатты парақтарын түзіп, шыңдықтың шырқау биігіне көтерілген көркемдігімен рухани қазынамызға сүбелі үлес-олжа салғаны айдай анық. Кесек ой, келісті өрнегі бар, сөз маржанын тізіп, төгілдіріп жазылған жыр жолдары оқырман жүрегін баурап алғандығына да куәлік береміз. Жаратылысынан ақын болып туған тұлғалы, төкпе де текті талант. Несіпбек шығармашылық саладағы – өлең несібесі мейлінше мол да жемісті, сыйлы, сыбағалы ақындардың төр басында. Айтұлы- қазіргі қазақ поэзиясына сүбелі үлес,ортаймас олжа салған сирек талант. Ақынның мың сан оқырмандарының ой-санасына ойлы да ойнақы, мазмұнды да мағыналы, терең де текті, жүрек тербер лепті лирикалық өлеңдерімен танылған дарыны дара, сөзі сара талант екендігі жалпақ елге жария.
Қасаңдықтан, ұраншылдықтан ада, кілең көркем, келісімі келіскен, сара сөздердің інжу- маржандарын тауып, кеудесінен бірыңғай жауһар жырлар ұшырған арқалы ақындар арамызда жоқ емес, Құдайға шүкір, баршылық. Бақилық болған бас ақындарымызды былай қойғанда, қазіргі поэзиямыздың үзеңгі үзген дүлдүл дарындары Қадыр, Тұманбай, Фариза,Сәкен, Есенғали, Күләш, Жүрсін, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Жәркен, Бауыржан Жақып т.б ақындар ұлтымыздың мақтанышы. Міне, сол талантты топтың жуан ортасында Несіпбек ақынның да аты бар.Ақындық қуаты толық қалыптасқан Айтұлының жырлары салған жерден самалдай есіп, су жорғадай тайпалып, ойыңды да, қиялыңды да оздыра жөнелетін сиқыр сыры ерекше таланттылығымен таңдандырады.
Көне тарихты тірілтіп, оның мәңгі өшпес өнегесін, тағылымын бүгінгі ұрпақтың сабақ алуына сабақтастыра жыр қашаған ақынның білім- білігіне, туабітті талантына, шынайы шеберлігіне ақадал көңілден сүйсінесің де түйсінесің. Намысқа суарылған наркескен сөздеріне оқырман қалай тұщынбасын?
Дастандары жүрегімізден ұядай жылы орын алса, құлағымызға сіңісті болса, жадымызда жатталып қалса, онда бұл қасиет оның нағыз ақын екендігінің басты белгісі.Дастандарды оқи отырып, елдік жолындағы жанқиярлық ерлікті шырайын келтіре жырлаған ақынға, оның дара дарынына дән риза боласың.
Көне замандардан бері кәріқұлақ сұңғыла қариялардың жадында жатталып, бүгінгі ұрпаққа арқауы үзілмей жеткен аңызға бергісіз ақиқат әңгімелерді зерттей, зерделей жүріп, тәуелсіздік кәдесіне таптырмас тартулар тартып отыр. Осынау желдіртіп жазылған дастандар қазақ әдебиетінің дәстүрлі көне жырлары сынды сан түрлі сюжет желісімен, ойға қонымды оқиғасымен, мақсаты биік мазмұн – мұратымен тартымды. Оқи бастасаң болды аяғына жеткенше асығасың және қызығып, сүйсініп, таңданып, тамсана оқисың. Бұл болса дастандардың бүгінгі ойлы, зиялы оқырман қауымның көкейінде жүрген мәнді мәселелерді, қоғамдық –әлеуметтік ой-санаға сай тақырыпқа жазылғандығының арқасы. Ұлтымыздың ұлы мұраттарын бейнелеген мұндай туындыларға заман аса зәру. Ақын Несіпбек қашанғы қазақ жырының құлагері, дәуірлік дастандары арқылы ұлт әдебиетін классикалық туындыларымен танытқан Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық жолын жалғастырған жампоз жыршы. Егер қазақ халқы ғұмыр-бақи тәуелсіздікті аңсап- армандаса, оның орындалуына ұлтымыздың хас батыр-бағландары аянбай атсалысты. Ал, сол ұлт бостандығы, ел тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық күресті, қаһармандық ерлікті қай кезде де тарихта таңбалаған ең әуелі ақындар әулеті екендігі шындық қой. Сонау зар заман мен кешегі кеңестік тар кезеңде де халқының мұң – шерін, арман- аңсарын шығармаларына арқау етіп, ұлтына ұран тастап, ұлы мақсаттар жолында бас қосып, күреске шығуына жол сілтегендер және сол үшін бастарын бәйгеге тігіп, шейіт болғандар да сол шайырлар ғой. Несіпбек сол өнегелі жолды жалғастырушы ақын. Осы орайда, қазақ халқы аңсап – күткен азаттықтың ақ таңы атып, тәуелсіздіктің күні тууын асқақ жырлары мен дастандарына арқау еткен ақын Айтұлының тынбай тың тақырыптарға жол салып, тамаша туындыларын жұртшылыққа ұсынуы- ұлтқа рухани қызмет көрсетудің үлгі – өнегесі демекпіз.
Ал, ақындық қиялына қанат қақтырған, ойының терең қазынасын таптырған, шынайы шабыттың шуағына шомылдырып, поэзияның ақжал арғымағына мінгізген Айтұлының орны бөлек дара дарыны деп білсек жөн. Поэма кейіпкерлері теңіздей тебіреністі, қуатты ойлары арқылы оқырман қауымды бір сәтте-ақ өзінің байырғы сырласына, мұңдасына айналдырып алатыны да ғажап.
Дәуір тынысын, өткен заманғы өмір – тіршілікті, сайын сахара суретін, дарабоз ерлердің мінез-құлықтарын, дара дидар, бітім- болмыстарын, тіпті сөз саптасына дейін әр кейіпкердің бойы мен ойына лайық өлшеммен, даралап, саралап көрсетуге келгенде де ақынның алымы мен шалымы оқшау екендігін жазбай танисың. Нәтижесінде кешегі кер замандағы тақсыретті тағдырымыз осынау дастандарда өзгеше көркемдікпен өрнектелгендігіне көз жеткіземіз.
Табиғат жер қойнауындағы қазыналарына қоса, қайталанбас сүлу суреттерге, тіршіліктің тылсым сырларына да аса бай. Соны жүйрік көзімен көріп, оны жыр жолдарына зергерше кестелеуде хас талаттың ғана маңдайына қонған бақ.
Елдік жолындағы ерліктің бағасы мақсатына сай болса ғана хас батырдың даңқын асырып, ұлтының рухын асқақтатуға, жас ұрпақтың патриоттық сезімін тәрбиелеуге тәлімді үлес қоспақшы, яғни ол ізгілік, ұлттың бақыты мен бостандығы жолындағы күрес қаһарманы болса ғана мұратымызға жеткеніміз. Айтұлы ақын осыны ерекше ескерген екен.
Қорыта айтқанда, ақын Несіпбектің поэмалары қазіргі қазақ поэзиясының інжу-маржандарға толы рухани қазынасына қосылған толымды туынды.
Тағдырлы талант
Қазiргi қазақ поэзиясы қай жағынан алсаң да төрт құбыласы түгенделiп, түрленiп, жасанып, көркемдiк деңгейi дәуiрленiп тұр десек, әсте қателеспеймiз. Оның тақырып аясы мен көтерген мәселелерiнiң маңызды- мәндiлiгi де зиялы оқырмандардың көңiл төрiнен орын алуда. Осы орайда ұлт әдебиетiнiң осылайша өсiп-өркендеуiне өзiндiк үлес қосып, қазақ өлеңiнiң өресiн биiктетiп, көркемдiк кестесiн шынайы шеберлiкпен төгiлдiре түрлендiрiп жүрген жыр жампозы, арқалы ақындардың бiрегейi – Несiпбек Айтұлының есiмi бiрден есiңе оралады.
Ұзақ жылдар бойы өндiртiп өлең, дестелеп дастандар жазған ақын есiмi елiмiзге кеңiнен танымал. Басқасын былай қойғанда, Несiпбек ақынның мәтiндерiнiң өзi бiр қаралық. әсiресе, сөзiне сазы сай, жан-жүрегiңдi нағыз қазақы әуез-әуенiмен баурап алатын хас композитор Тұрсынжан Шапайдың қазақы қоңыр әндерiнiң шырайын келтiрiп тұрған осы ақынның өлеңдерi. Сазгер мен ақын шығармашылығының үйлесiп, үндесiп кеткенi соншалық, олар тыңдармандар көңiлiн керемет жырға бөлеп жүр. Бұл әндердiң сазы мен сөзi кешегi халық әндерiнiң жаңарған жалғасындай қабылданып жүргенi де ақиқат. Бұл болса Несiпбек ақын талантының бiр қыры мен сыры ғана. Ақын осы саладағы ересен де ерекше еңбегiнiң өзi мәртебелi марапатқа лайық.
Жалпы Несіпбек Айтұлының бүкіл материалы да, тақырыбы да өзінің бойында. Өйткені ол – тағдырлы талант. Бармақтай бала кезінен көңіліне де, көкірегіне де көп-көп құбылыстарды құйып алған ақын. Оған оның:
Кең аспанның астынан пана таппай,
Ары көшкен қазақпын, бері көшкен,
- деген жолдары куә. Осы жолдардың астарында тұтас бір ғұмыр, талайым-тағдыр, аласапыран заман, алмағайып кезең, еңіреген ел, шырқыраған бала, жол таба алмай сандалып сарсылған ана мен әке дауысы, қаншама зорлық пен зомбылық, қаншама қасірет пен қайғы жатыр. Тақырыбы да өзінің бойында дейтініміз сондықтан.
Өмірді көп көріп, тағдыр қиындығын көп кешкен шын ақын қашанда дүниедегі бар келеңсіздікпен, зорлықпен, зомбылықпен, мейірімсіздікпен, қайырымсыздықпен жағаласып, арпалысып өтпек. Ол өз бойындағы сәулесін дүниені жылытуға, өз жанындағы шырағын адасқанның алдына жағып қоюға, өз жүрегіндегі қуатын қалжырап, шаршап-талғанның қолтығынан демеуге жұмсамақ. Яғни, ондай ақын өмірден бар оспадарлық пен өктемдіктің, бар сорақылық пен зымияндықтың, бар қулық пен сұмдықтың, бар аярлық пен кісәпырліктің бет пердесін сыпырып алып жұртқа көрсетпек. Несіпбек Айтұлы – дәл осындай ақын.
Еш нәрсе жоқ кең ғаламның тар құрсағы қуырмас,
Тәубесіне түскен жанның шиін пенде суырмас.
Қара суды қайта-қайта қайнатқанмен май шықпас,
Сарқылдаған қазаныңның бұрқылдаған буын бас!
Дүниеде ештеңе бітірмесе де өз-өзінен күпініп, өз-өзінен бұтқа толып, өз көкірегін өзі керіп, аспандап, асқақтап, шалқып жүретін өркөкірек, өзімшіл жандар аз ба?! Ондай жандар тек өзімен өзі болып, өзін-өзі көкке көтерумен тына қалса екен-ау, онда да ештеңе демес ек, жоқ, олар олай ете алмайды, ондай жандар барды жоқ етуге, биігіңді аласартуға, асылыңды жасытуға, адалыңды былғауға, бірлігіңді бүлдіріп, тірлігіңді бұзуға дайын тұрмақ,дайын тұрып қана қоймайды, солай етуге білек сыбанып, бел шешіп кірісіп кетеді. Өйткені ондай жандар тек өздерін ғана әспеттейді. Өздері болса болды, өзгелер ол болмаса, бұл болсын. Өзімшілдік пен өркөкіректіктің ит принципі осы.
Енді ақын дүниеге басқа бір ракурстан қарап отыр. Қым-қуыт әлем. Тұнып тұрған қарама-қайшылық. Шешілмей жатқан түйін. Бытысып, шатысып кеткен тіршілік.
Сөз тәттісі ақынның тілі ұшында,
Май тәттісі қарынның құрышында.
Жарқанаттың ұясы жарқабақта,
Ұлар құстың мекені ұлы шыңда.
Місе тұтқан өз орнын тірі жан жоқ,
Әлімсақтан алысып, жұлысуда.
Енді бұл өлең – адамдардың қанағатсыздығы мен тойымсыздығы туралы өлең. Бар бәленің басы осы қанағатсыздық пен тойымсыздықта. Кедей бай, бай құдай болам деп жатыр. Шенсізі шен тағам деп, шендісі өзінен мықтымен тең болам деп арпалысуда. Жаппай жанталас, жаппай алыс пен жұлыс. Ал ондай кезде көп-көп адамның көңілін шаң, көзін шел басып, ойы мен санасын қомағай құлқын мен тойымсыз обырлық жаулап алмақ. Бірінен бірі озам деп, бірінен бірі биік тұрам деп, ар мен ұятын мүлде жинастырып тастап, бірін-бірі жаншып, таптап бақпақ. Осындай берекесіз бетпақ бәсекеліктен береке бүлініп, ынтымаққа іріткі түспек. Яғни, ел азып, жер тозбақ. Ақын осыған күйінеді, жүрегі қарс айырылады.
Әрине, өмір деген кіл бір келеңсіздіктен, кіл бір көлеңке тұстардан тұрмақ емес. Оның да шуақты сәттері, сәулелі тұстары, құдайға шүкір, баршылық. Ал ондай кезеңдерде ақын жүрегі соншалықты бәйек, соншалықты сергек.
Сүйіншіге қиып қылдай жанымды,
Домбыраңның пернесіне тағайын.
Бұл да ойланып қараған жанға, астарлы жолдар. Дүниенің қуанышы мен қайғысына, шаттығы мен мұңына, тіршіліктің ең бір нәзік ызыңы мен ең бір сыршыл әуенді ыңына көңілі ояу, көкірегі ашық ақынның жанын қылдай етіп қиып алған пернеден өткен сезімтал, одан өткен ойшыл, одан өткен тебіреністі, одан өткен толқынысқа толы перне бола ма?!
Сондай-ақ, ақын мынау жұмыр жердің үстінде болып жатқан жұмыр басты пенденің басы жетпейтін аса күрмеулі күрделі тұстарына да үңіледі. Әрине, Несіпбек ол күрделі тұстарды шешіп тастамайды. Шешем деп жанталаспайды да. Сен де ойлан деп, алдыңа тартады. Тағы да ол шешуі қиын күрмеулі тұстарды қарапайым өмірдің қарапайым ғана тұстарынан алады.
Ақын қаңғыбас бір бұралқы итке қайырым көрсеткісі келді. Үйіне әкеліп жуынды берді. Күтті. Бақты. Бірақ бұралқы ит ол қамқорлықты, ол күтімді сезінбеді. Мойнына түскен жіпті тісімен қыршып, босанғысы келді. Ақын:
Сұмдықтай көрінді оған мұндай шара,
Босаттым, көнбес тіпті жүндей саба.
Өз басын өзі сұрап алғандай боп,
Бүлкілдеп бара жатты бір бейшара.
Мұны енді не дерсіз? Өзінің бұралқы бостандығын аңсау ма, әлде қайырым мен мейірімді сезінуден қалған топас міскіндігі ме? Таба алмаймыз. Бірақ, сөзсіз ойланасыз. Мұңданасыз. Өйткені, ол – тағдыр.