«Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының кезекті кезеңі өтті
12 наурызда Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының «Кемеңгерліктің дара жолындағы – Ұлы тұлға» атты кезекті кезеңі өтті.
«Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі негізін қалап, қазақ жеріндегі татулықтың, тұрақтылық пен бірліктің берік іргетасына айналған Ассамблеяның 25 жылдығындағы ерекше жоба.
Оның бала Сұлтан туған өлке – Жетісуда бастау алып, жігерлі жігіт Нұрсұлтан құрыш құйып, болат балқытқан Сарыарқа төсінде жалғасуында талай буынға өнеге болар үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Экспедиция елдегі нақты адамдар мен ұжымдардың жетістігін үлгі ете отырып, Елбасының тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мен дамытуға қосқан зор үлесін қоғам санасына бекітуге бағытталған.
Үш бағыттан тұратын халық экспедицияның алғашқы бағыты бойынша оның ашылу салтанаты Елбасының туған жері Шамалған ауылында өткен болатын. Аймақтық деп аталатын екінші бағыт бүгін болашақ Президент еңбек жолын бастаған Теміртау, Қарағанды қалаларынан бастау алды. Үшінші бағыт бойынша экспедиция Елбасының халықаралық қатынас саласындағы еңбегін сараптайтын болады.
Қарағанды, Теміртау – Нұрсұлтан Назарбаев есімін алғаш танытқан қалалар.
Қарағанды облысына арнайы келген ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламентінің депутаттары, Елбасының құрдастары мен қатарластары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері бірінші кезекте Теміртау қаласында болып, Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталықты аралады. Аталмыш орталық Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуы жолындағы баға жетпес еңбегін, тұлғалық, қайраткерлік болмысын дәріптейді.
«Тәуелсіз Қазақстан» көрме залында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктері, «Өз дәуірінің ұлы» бөлімінде Тұңғыш Президенттің балалық шағы, мектеп, студенттік кезеңдері, «Тұлға феномені» бөлімінде Қазақстан Магниткасының құрылысы, «Қазақстанның құрыш профилі» бөлімінде Карметкомбинат алып металлургия комбинатының өндірісі мен дамуы, «Уақыт ағынында» бөлімінде Тұңғыш Президенттің саяси еңбек жолының басталуы, «Қазақстандық жол» бөлімінде Тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғалар фотокөрме және деректі құжаттар негізінде таныстырылған.
Елбасының еңбек жолы басталған өлкеге келіп жеткен «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының» Қарағандыда өткен ашылуына ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының құрдастары мен қатарластары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ҚХА мүшелері, жастары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және т.б. қатысты.
Салтанатты іс-шарада сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев: «Тұңғыш Президент жолын көпке, әсіресе, жас ұрпаққа танытудың мәні зор. Өйткені, Елбасының жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген жол. Ел тарихында болған әр сәтте, қол жеткізілген әр жетістікте Елбасының шешімі, ықпалы, қолтаңбасы бар.
Өзі қатарлас жалынды жастармен бірге ғасырдың алып құрылысы – Қазақстан Магниткасын салуға келген жігіт жастардың көшбасшысына айналды. Ол осы өлкеде саяси қайраткерлік жолын бастап, ел басқаруда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін жасаған бірегей биіктерге көтерілді.
Нұрсұлтан Назарбаевты ер атандырған еңбектің от-қазаны Қазақстан Магниткасында қайнап, ол өзі құйған құрышпен бірге шынықты, адами мінез-құлқы, саяси ұстанымы қалыптасты.
Тұлғаның қалыптасуына оған ата-ана берген тәрбиемен қатар білімінің терең, көңіл көзінің ашық, ортасының тілекші болуы орасан зор ықпал етеді.
Бұл ретте ізденімпаз, еңбекқор жасқа қарағандылық тәлімгерлерінің көреген де ұлағатты, ортасының қамқоршы әрі қолдаушы болғаны – қазақ жерінде елін өрге бастайтын ұлы тұлғаның қалыптасуына алып келгені сөзсіз»,-деп атап өтті.
Тұңғыш Президент жолы – бір адамның жүрген жолы ғана емес, ол – болашаққа ұмтылған қоғамның жолы. Ізденістің, еңбекқорлықтың, төзімділіктің, күрестің және жеңістің жолы. Елбасы жолын баршаға танытып, насихаттау Қазақстанды озық елдер қатарына апаратын жас буынды тәрбиелеу үшін керек.
Айта кетер болсақ, жалпы экспедиция барысында Тұңғыш Президент – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дамыту және нығайту бойынша ақпараттық-насихаттық қоғамдық-саяси, ғылыми-ағартушылық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтуде.
Қарағанды облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі