Жаңалық

Турист күнделігі. Атырау

Атырау –  Жайық өзенінің бойында орналасқан қала. Еліміздің батысындағы шаһардың негізі 1640 жылы қаланған.

Қала 1991 жылға дейін Гурьев деп аталып келді.

Қалаға қалай жетуге болады?

Атырауға бірнеше қаладан тікелей рейспен ұшып келуге болады. Атырау әуежайы қаладан бес шақырым жерде орналасқан. Назарларыңызға қазан айына арналған авиабилет құнын ұсынамыз.

Алматы – Атырау (18 000-27 000 теңге). Ұшу ұзақтығы – 3 сағат.

Нұр-Сұлтан – Атырау (17 000-26 000). Ұшу ұзақтығы – 2 сағат 40 минут.

Шымкент – Атырау (17 000-28 000). Ұшу ұзақтығы – 2 сағат 25 минут.

Ақтөбе – Атырау (12 000-14 000). Ұшу ұзақтығы – 1 сағат 10 минут.

Пойыз билетінің орташа құны:

Алматы – Атырау: плацкарт – 11 200 теңге, купе – 17 100 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 2 күн 6 сағат 52 минут.

Нұр-Сұлтан – Атырау: плацкарт – 11 800 теңге, купе – 18 400 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 1 күн 14 сағат 24 минут.

Маңғыстау – Атырау: плацкарт – 3 500 теңге, купе – 5 200 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 21 сағат 3 минут.

Ақтөбе – Атырау: плацкарт – 3500 теңге, купе – 5 400 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 14 сағат 59 минут.

Қайда тұрақтауға болады?

«Сарай-Бату» қонақ үйі. 8 нөмірден тұратын қонақ үй қаланың орталығында орналасқан. Жиһазбен толық қамтылған. Әр бөлменің ауданы 40 м2-ді құрайды. Бағасы 12 000 теңгеден басталады.

«Firdaus» қонақ үйі. Тұтынушыларға тегін WiFi мен көлік қоятын орын ұсынылады. Әуежайдан 4 км қашықтықта орналасқан. Нөмір бағасы 10 мыңнан жоғары.

«Пекин» отелі. Бір күнге тұрақтау бағасы 8 мың теңгеден басталады. Әр нөмірде сплит-жүйе, телефон, wi-fi бар. Отель әуежайдан 15 минуттық жерде орналасқан. Қонақтар автотұрақтың қызметін тегін пайдалана алады.

Үлкен компаниямен сапарға шықсаңыз, пәтер жалдауға кеңес береміз. Бір тәулік тұру құны 5 000  теңгеден басталады. Ал бір бөлмелі үйді ұзақ мерзімге жалдау орташа есеппен 70 000-90 000 теңгеге шығады.

Көрікті жерлері:

Сарайшық қалашығы – қазақ халқының баға жетпес қазынасы және көне археологиялық ескерткіш. Негізі XII ғасырда қаланған. Бүгінгі таңда ежелгі қалашықтың орнында мемориалдық-тарихи кешен салынды. Оның құрамына археологиялық олжалары бар мұражай, мешіт және Хан пантеондары кіреді.

Жаяу жүргіншілер көпірі. Гиннес рекордтар кітабына енген бұл көпір арқылы  жаяу жүргіншілер Азиядан Еуропаға жете алады. Оның іргесі 2001 жылы қаланды.  Жалпы ұзындығы – 551 метр.

Ретро-саябақ – Атыраулықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Ол 2017 жылы неоклассикалық стильде салынды. Саябақ аумағында амфитеатр, аллеялар, жасанды тоған, субұрқақ пен балаларға арналған аттракцион бар.

Тарихи-өлкетану мұражайы. Өлкенің терең тарихымен, мәдениетімен танысқыңыз келсе, мұражайға баруға кеңес береміз. Ол 1939 жылы құрылды. Бұл музейде палеонтологиялық коллекциядан, қазақ қолданбалы өнер үлгілерінен, ежелгі қалалар мен архитектура тарихынан 1000-нан аса жәдігер бар. Сондай-ақ, мұражайдан Исатай мен Махамбет бастаған халық көтерілісіне, ұлы күйші Құрманғазыға арналған жеке экспозияларды көре аласыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button