Турист күнделігі: Жезқазған қаласы
Жезқазған қаласы – Қазақстанның орталығында орналасқан қала. Қарағанды облысына қарайды. Мыс пен жездің отанына айналған өлкенің өзіндік қызықтары көп.
Қала тарихы
Қала Қаракеңгір өзенінің алабында орналасқан. 1939 жылы Кеңгір жұмысшы ауылы ретінде іргесі қаланып, 1941 жылы Үлкен Жезқазған болып аталды. Қала атауы металлдың көп болуына байланысты «жезді қазған» сөзінен шықты. 1954 жылы 20 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Үлкен Жезқазған жұмысшы ауылы қала мәртебесін алды. Одан соң облыс ретінде саналды. 1997 жылы облыс таратылып, Жезқазған Қарағанды облысының құрамына енді.
Бүгінде Жезқазған халқының саны – 87 мыңға жуық. Жезқазған – үлкен қаланың шуынан шаршаған, жай ғана демалғысы келетіндер үшін тамаша орын.
Климаты
Климаты жартылай шөлді (өткір континенттік). Бұл аймақ шаңды дауылға бейім. Қысы суық, жазы ыстық әрі құрғақ. Көктемі қысқа, ал күзі ұзақ.
Қалай жетеміз?
Пойызбен:
Алматы-Жезқазған – 5000 теңге (плацкарт), 8000 теңге (купе). Бір тәуліктей жол жүреді.
Нұр-Сұлтан-Жезқазған – 4000 теңге (плацкарт), 6000 теңге (купе). Шамамен 15 сағат жүреді.
Ұшақпен:
Алматы-Жезқазған – шамамен 28 000 теңге.
Нұр-Сұлтан-Жезқазған 20 000 теңге.
Көрікті жерлері
Ғарышкерлер бульвары
«Байқоңыр» ғарыш айлағы Жезқазған қаласының маңында орналасқан. Сондықтан ғарышкерлерді әдетте Жезқазғанға апарып, жергілікті әуежайдан жіберетін. Дәстүр бойынша бұрын ғарыштан келгендер Ғарышкерлер бульварында тамақтанатын, сондықтан ол осылай аталып кеткен. Некрасов көшесіндегі үйдің соңындағы «Космос» стеласы мен Юрий Гагарин бейнеленген панно осы дәстүрді еске салады.
Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы
Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1978 жылы 10 мамырда ашылды. Мұражай құрылымында 4 бөлім бар: тарих және археология, экспозициялар, экскурсиялар және қорлар. 20 мыңнан астам археологиялық және этнографиялық жәдігерлер, түпнұсқа заттар мен құжаттар бар.
С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры
Бұл үздік театрлардың қатарына кіреді. «Қозы Көрпеш – Баян-сұлу», «Абай», «Қайта қалпына келтірілген күмбездер» спектакльдері республиканың алтын қорына енді. Театрдың алдында суретке түсетін алаң бар.
Алғашқы құрылысшылар алаңы
Алаңда қаланың алғашқы құрылысшыларының ерен еңбегіне арналған ескерткіш-обелиск орнатылған. Сондай-ақ мұнда ерекше би фонтанын көресіз.
Алаша хан, Жошы хан және Тоқсан кесенелері
Біріншіден, Кеңгір өзенінің жағасында Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының бейіті бар. Екіншіден, сол өзеннің оң жағалауында аты аңызға айналған Алаша ханына арнап кесене тұрғызылды. Тоқсан «заманауи» кесенесі – осы аумақты билеген ағасы Көшербайдың бұйрығымен салынған Төртқар руынан шыққан Тоқсанның бейіті.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова