Жаңалық Редакция таңдауы

Турист күнделігі. Шымкент

Шымкент – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан әсем орда, Республикалық маңызы бар қала. Адам санының және мәдени ошақтардың  көптігімен ерекшеленеді.

2020 жылы Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Біз Шымкент қаласындағы көрікті жерлер, саябақтар, театрлар мен алаңдар топтамасын ұсынамыз.

Тарихи деректер бойынша, шамамен ХІ-ХІІ ғасырлардан бастап бұл жерлерде халық қоныстана бастаған.

Қалай жетуге болады?

Пойызбен:

Алматы-Шымкент – 3500 теңге (плацкарт), 5200 теңге (купе).

Нұр-Сұлтан-Шымкент – 6500 теңге (плацкарт), 9500 теңге (купе).

Ұшақпен:

Алматы-Шымкент – 10 000 теңге.

Нұр-Сұлтан-Шымкент – 13 000 теңге.

Автобуспен:

Алматы-Шымкент – 4000 теңге.

Көрнекі жерлері:

«Қиял әлемінде» 30-ға жуық аттракцион бар. Аттракциондардан басқа, саябақта ролик тебуге, караокеде ән айтуға және 7D форматында фильм көруге мүмкіндік бар. Саябақта мерекелік шаралар жиі өткізіледі.

Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ және жас көрермен театрында апта сайын көрермендерге арналған театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Қуыршақ театрының репертуарында 20-дан астам спектакль бар, соның бірі – «Алтын дельфин».

Төңкерілген үйде ересектер мен барлық жастағы балалар жақсы уақыт өткізе алады. Бұл жердің жиһаздары, тіпті дастарханы да төңкеріліп қойылған. Сіз бұл үйдің төбесімен ғана жүре аласыз, емін-еркін серуендеп, таңғажайып фотосуреттер түсіресіз.

«Кең-Баба» этносаябағы тыныштықта серуендегенді ұнататындар үшін қолайлы. Теннис корты, спорт алаңдары, аттракциондар, құмға салынған «Сафари» қалашығы, «Оңтүстік сыйлары» жасыл қаласы бар. Сондай-ақ аумақта балалар алаңы, тірі аққулары бар су қоймалары, жасанды арналар және әдемі Ақсу сарқырамасы салынған. Өнер сүйер қауым суретшілер галереясында картиналарды тамашаласа, халық өнеріне қызығушылық танытқандар қолөнершілер ауылында бұйымдарды қызықтайды.

Шымкент қаласының ең көрнекті орындарының бірі – Ордабасы алаңы. Мұнда 1728 жылы жүздерді біріктіру және олардың арасында достық пен татулық орнату туралы келісім жасалған. Тарихи жерде қазір үш жүз билерінің есімімен аталатын үш көшені біріктіретін алаң бар. Алаңның ортасында аңызға айналған билердің сөздері жазылған стела орнатылған.

Тарих пен ұлттық салт-дәстүрді танып-білуге ​​көмектесетін облыстық тарихи-өлкетану мұражайы да туристерді асыға күтеді. Мұнда қойылған жәдігерлер өлкенің тарихы, халқы, мәдениеті мен тұрмысы туралы әңгімелейді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button