Жаңалық

Туристерді қандай жаңашылдықтар күтеді?

Қарағанды облысында туристер үшін жаңа демалыс орындары пайда болады деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн-режимде өткен халықпен есептік кездесуі барысында туризм саласындағы жоспарлар туралы мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, өңірдегі туризм саласын дамытуға бюджеттік қаражаттан бөлек жеке инвестициялар да тартылатын болады.

«2020 жылы сыртқы туризмнің жабылуы жағдайында біз ішкі туристік бағыттарды дамытудың қаншалықты маңызды екеніне тағы да көз жеткіздік. Бізде үш туркластер бар. Бұл: ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, өңірлік жобалардың тізіміндегі Қарқаралы мен Ұлытау.Тек Балқаш курорттық аймағын дамыту үшін бөлінетін бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд теңгені құрайды.

Жеке инвестициялар есебінен тоғыз жаңа демалыс аймағының құрылысы басталады. Резервте жағалау аймағындағы туристік инфрақұрылым үшін тағы 60 га бос жер бар», – деді облыс әкімі.

Жеңіс Қасымбектің мәліметтерінше, Балқашта қалалық жағалауды абаттандыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда оның жобасы әзірленіп жатыр. Тиісті шаралар аяқталған соң қаржыландыру мәселесі шешілетін болады.

Балқаш өңірінің туристік саласын қарқынды дамыту жағдайында қала әуежайы ерекше рөл атқарады. Аэродромның ұшу-қону жолағы жөнделген, ендігі кезекте аэровокзал мен перрон ғимаратын қайта құру мәселесі тұр. Бұл ретте жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталуға таяу.

Туристік сала Қарқаралыда да кеңеюде. Облыс әкімінің айтуынша, мұнда бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарланған.

Ал Ұлытауда туристер үшін визит-орталық салынды. Ауданда қасиетті орындар мен көрікті жерлерге апаратын жолдар жөнделуде. Сондай-ақ, мұнда биыл Жошы ханның тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button