Түркі әлемінің көрнекті тұлғаларын еске алған халықаралық конференция өтті
Өткен аптаның соңында Ұлттық академиялық кітапханада «Бауырластық тамыры: тұлғалар ғибраты» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Ruh.kz кітапхана ресми сайтына сілтеме жасап.

Өтіп бара жатқан жыл Түркі әлемі үшін айрықша, бауырлас елдердің бірнешеуінде қатарынан бір ғасырлық мерейтойлар аталып өтуімен ерекшеленді. Атап айтқанда, Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толды, сонымен қатар Әзербайжан халқының Жалпыұлттық көшбсшысы Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл және көрнекті қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл толды.
Осыған орай Түркі Академиясы «Бауырластық тамыры: тұлғалар ғибраты» атты халықаралық конференция ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өткен алқалы жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссия басшылары, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тағылымды іс-шара аясында белгілі тарихшы Афет Инанның қазақ тіліне алғаш рет аударылып басылған «Ататүрікті еске алғанда» еңбегінің, және кемеңгер көшбасшы Гейдар Әлиевтің қызмет атқарған жылдарынан сыр шертетін «Karizmatik Lider Parlak Şahsiyet Haydar Aliyev» (Ұлт көшбасшысы, жарқын тұлға Гейдар Әлиев) және қазақ детектив жанрының негізін салушы К.Тоқаев туралы «Kemel Tokayev: Bir Kalem Ustasinin Yaşam Öyküsü» (Кемел Тоқаев: қаламгердің өмір жолы) кітаптарының тұсаукесері өтті.
Жиын аясында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Tүркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, Tүркі мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, Қырғыз Республикасының бұрынғы мемлекеттік хатшысы, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылымдар академиясының академигі Осмонакун Ибраимов, Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Насимхон Рахмонов сөз сөйледі.
Өз сөзінде Ш. Мұстафаев түркі әлемінің көрнекті тұлғаларының насихаттаудың маңызы зор екенін атап өтті.
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі көпшілік назарына ұсынылған кітаптар туралы пайымды пікірлерімен бөлісіп, Академияның тұрғырлы тұлғаларды насихаттау бағытындағы жұмыстарды табысты жүргізіп келе жатқанын атап өтті.