«Түркістан: Көне мен келешек көпірі» өнер фестивалі жалғасуда
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында «Түркістан: Көне мен келешек көпірі» атты облыстық өнер фестивалі өтті.
Талантты жастардың өнер додасы өнерпаздардың шабытын шыңдап, үлкен сахна төріне шығаруға жол ашпақ. Мәдениет үйінде өткен сайыстың іріктеу кезеңінде қазығұрттық таланттар өз өнерлерін ортаға салды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, фестиваль жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық мекемелер рұқсатымен барлық талаптарды қатаң сақтай отырып, көрерменсіз өткізілуде.
Өнер кешінде дарынды балалардың музыкалық, орындау мәнері, сахна мәдениеті мен шығармашылық даралығы бағаланды.
«Сазгерлер шығармашылығы», «Виа және эстрада жеке орындаушылар», «Жұлдыздар», «Таңшолпан» халықтық би ансамбльдері, «Балауса» би ансамблі өз өнерлерін ортаға салды. «№1 балалар өнер мектебі» КММ халық аспаптар оркестрі оқушылар ұжымы және басқа да танымал топтар мен әншілер өнер көрсетті.
Сондай-ақ қатысушылар орталық мәдениет сарайында ұйымдастырылған қолөнер шығармашылығы мен суреттер көрмесін тамашалады.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігі, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы, облыстық Қосымша білім беруді дамыту орталығы, аудан және қалалық білім бөлімдері ұйымдастырған фестиваль арнайы кесте бойынша өткізіліп келеді.
Фестивальдің нәтижесі алдағы наурыз айында облыс орталығындағы «Ақжайық» музыка мектебінде өтетін гала-концертпен қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталмақ.