Жаңалық

Түркістанда Жүсіп ата кесенесі маңында сапар орталығының құрылысы басталды

Түркістан қаласындағы Жүсіп ата кесенесі аумағында қорық-музей мен демеушілер есебінен сапар орталығының құрылысы басталып, аманат капсуласы салынды деп хабарлайды Ruh.kz порталы Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Тарихи кесенеге келушілерге арналған ғимараттың іргетасын қалауға арналған іс-шараға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, жеке кәсіпкер, демеуші Рахметжан Абдусаттаров, Ескі Иқан ауылының жергілікті тұрғындары мен Жүсіп ата ұрпақтары қатысты.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Жүсіп ата кесенесінде бой көтергелі отырған сапар орталығы өз кезегінде Түркістан өңіріне келетін зияратшылар мен туристерге жақсы жағдай туғыза отырып, еліміздегі туризм саласының дамуына серпіліс берері сөзсіз. Осы мақсатта біз жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу арқылы сапар орталығы мәселесінің оң шешімін таптық»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Құрылыс саласы мамандарының қатысуымен дайындалған жобалау құжаттарына сай туристер мен зияратшыларға арналған қызмет көрсету орталығы 4 бөлмеден тұрады. Онда әкімшілік, музей экспозициясы, қонақжай бөлмелері, шаруашылық бөлмелері қарастырылған. Сонымен бірге тарихи орынды абаттандыру ісі де қолға алынды. Тарихи деректерде көрсетілгендей жүзімнің ерекше түрін өсірген Жүсіп атаның сүйікті жұмысын қайта жаңғырту мақсатында 12 түрлі жүзім ағашы егіліп, арнайы бақ жасалынады.

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауидің жиені әрі замандасы, шәкірті Жүсіп ата кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елдімекенінде орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2005 жылы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button