Түркістанда тағы бір аудан құрылмақ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласының тұрғындармен кездесуінде қалаға қарасты 12 ауылдық округі аумағынан жаңа Сауран ауданын құру жөніндегі ұсынысы Президент тарапынан қолдау тапқанын мәлім етті.
«Кентау қаласындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлінгенімен әрі қарай дамыту бағыттары көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округтің орналасуы қаланың аудандық деңгейге көшкенін көрсетіп отыр. Қала орталығының ауылдардан шалғайда орналасуы тұрғындар үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуіне, елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қамтылуына, сондай-ақ өз тарихында полиметалл рудасын өндіретін өнеркәсіптік қала ретінде дамығандығын ескерсек, Кентаудың аудандық орталыққа айналуы іс жүзінде дамуының баяулауына және ауылдарға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда айтылған мәселелерді ой елегінен өткізіп, саралай келе, қазіргі қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, жаңа ауданды құру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасадым. Менің ұсынысым Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Осы ұсыныстың негізінде жаңадан құрылатын ауданға «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп Шорнақ елді мекенін бекіту орынды деп санаймын», – деді облыс әкімі.
Жаңа құрылатын ауданға «Сауран» атауы беріледі. Өйткені ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен байланысты. Ал Шорнақ елді мекені жаңа ауданның әкімшілік орталығы болып қалыптаспақ. Маңызды бастаманы зиялы қауым мен ардагерлер бірауыздан қолдады. Оразкелді Егізбаев қария ілгеріде Шорнақ Фрунзе ауданының орталығы болғанын, кейіннен Түркістан қаласына біріктірілгенін айтты.
«Ал Түркістан облыс орталығы болған тұста қалаға қарасты 12 ауылдық округ Кентауға берілді. Бүгін тағы бір жақсы жаңалық естіп отырмыз. Жалпы, бұл бұрыннан халықтың ойында жүрген мәселе еді. Өз бастамаңызбен қолға алыпсыз, оған рахмет», – деді қария.
Жаңа ауданда мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және басқа құрылымдық органдардың құрылуы, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және ауылдық жерлердің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дамуға жаңа серпіліс алмақ. Сауран ауданы Наурыз мерекесі қарсаңында ашылады. Шорнақ ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Мұнда бүгінде 12 мың халық тұрып жатыр. Құрамына енетін ауылдық округтерді қосқанда жаңа аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады.