Түркістанда түркітілдес елдердің креативті индустриясы қауымдастығы құрылды
Ұйымның мақсаты – түркі халықтарына ортақ бизнес алаң қалыптастыру, жоғары зияткерлік және инновациялық салаларды қолдау, жастар арасында шығармашылық қуатты ояту деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтың айтуына қарағанда жаңадан құрылған түркітілдес елдердің креативті индустриясы қауымдастығы бүкіл өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Түркістан ғасырлар бойы Орта Азия мен бүкіл түркі әлеміне мәдени орталық болып келді. Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болу, сондай-ақ тарихи құндылығын ескере отырып, қала бірегей креативті кластерді дамытуда жоғары әлеуетке ие. Бұл Түркістанды жаһандық инновациялық мәдени орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз түркі халықтарына ортақ Креативті индустрия қауымдастығын құрып отырмыз. Аталған саланы дамыту арқылы алпауыт елдер экономикасын ілгерілетіп отыр. Біздің ойымызша, креативті экономиканы дамыту – бүкіл өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалатын маңызды қадам»,- деді Мейіржан Мырзалиев арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында.
Сондай-ақ, брифингке онлайн форматта қатысқан «FUTURK» Түркі тілдес елдерінің креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Эльмира Сәрсеналиева Түркістан қаласындағы креативті индустрия қауымдастығының жұмысымен таныстырды.
«Мемлекет басшысы айтқанындай, Түркістан – тек мәдениеттің ғана емес, экономиканың да өзегіне айналуы тиіс. Осы мақсатта қауымдастық құрылып отыр. Аталған алаңда алдағы уақытта түркі халықтарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасады. Бұл – түркі тілдес елдердің талантты жастарына қолдау көрсететін ұйым болмақ. Қауымдастықтың миссиясы – түркі халықтарына ортақ мәдени, туристік, ақпараттық орта қалыптастыру. Бастысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау», – деді Эльмира Сәрсеналиева.