Түркістандық кәсіпкерлер өз ісінің бағытын өзгертуде
Кәсіпкерлердің өз ісінің бағытын өзгертуіне пандемия сеп болды деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысында карантин кезінде бұрын тойхана бизнесімен айналасатын кәсіпкерлер арасында істерін жаңа бағытқа бұрғандар артты.
Мәселен, өткен жылы Сайрам ауданында тойхана салған Өмірхан Оразымбетовтың жаңа ғимараты бүкіл әлемді жайлаған пандемияға байланысты жиын-той өткізуге шектеулер қойылған соң, бос тұрған. Жуырда ғимарат «Достық» деп аталатын спорт кешеніне айналып, мұнда 200 бала спорттың бірнеше түрі бойынша тегін жаттығады. Сегіз білікті бапкер балаларды таэквондо, дзюдо, самбо, каратэ және гимнастика сияқты спорт түрлерінен жаттықтырады. Заман талабына сай жасақталған спорт залдың екінші қабатында ересектерге арналған зал орналасқан.
Сайрам ауданының спорт бөлімі мамандарының мәліметінше, салауатты өмір салтын ұстанатын ауыл жастары бос уақытын осында өткізеді.