Түркістандық оқушыларға 40 мыңнан астам ноутбук беріледі
Түркістан облысында оқушыларға 43 мыңға жуық ноутбук беріледі, – деп хабарлайды Ruh.kz Түркістан облысы әкімінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Карантинге байланысты мектептердегі қашықтықтан оқыту және оқушылардың қажетті техникамен қамтылуы бойынша облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында II тоқсандағы оқу процесінің ұйымдастырылу барысы туралы айтылды.
«ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан 57 190 компьютерлік құрылғы сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 7711 планшет пен 5952 компьютер сатып алынды. 21 764 ноутбукті (Wı-Fı роутер, СИМ карталы) арнайы комиссия мүшелері қабылдап алды. Қосымша 21 763 ноутбук сатып алу жоспары бар. Олар желтоқсан айының соңына дейін жеткізіледі. Сондай-ақ қашықтықтан білім алуы үшін 24 317 компьютер мектеп қорынан, 1539 компьютерлік құрылғы жергілікті бюджет есебінен, 1445 компьютерлік құрылғы «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен оқушыларға берілді»,- деді Рақымбек Қуатбекұлы.
Айта кетейік, облыс аумағында 916 білім беру ұйымдары бар.