Сұхбат

Уәлихан Қалижан: Журналистиканың міндеті - ұлттық сананы түзеу

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Уәлихан Қалижан ағамызбен еңбек жолы жайлы сұхбаттасқан едік.

Фото: egemen.kz

- «Лениншіл жасты» «Жас Алаш» деп өзгерту бір кездері қиын болды ма? Сол кезде сіз бас редакторсыз, бір күнде қалай өзгерттіңіз? Совет Одағы әлі құлаған жоқ,  Мәскеу билігі дүркіреп тұрған кез.

- «Лениншіл жас» газетіне 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін бір аптадан кейін келдім. Жүрегімде Ғани Мұратбаев қойған «Жас Алашты»  қайтару туралы сөз көңілімде тұрды. Ең алғаш кезеңдерден бастап «Лениншіл жасты» «Жас Алаш»  деп өзгерту ойымда жүрді. Әртүрлі пікірлер естідім. Бірақ ол кезде Комсомол орталық комитетінің бюросының қаулысы болмай ол газеттің атын өзгерте алмайсың. Екінші жағынан ол қаулыны алғанымен, орталық партия комитетінің шешімі тағы керек. Күтпеген жерден, 1991 жылғы тамыз көтерілісі дүнк ете түскен кезде ойланбай бір түнде ешқандай қаулысыз «Лениншіл жасты» «Жас Алаш» деп өзгерттім. Ешкіммен ақылдасқан жоқпын.

- Ондай ерлікке қалай бардыңыз? Сіз ол кезде бір жағынан ғылым кандидатысыз, кетіп қалсам ғылымға ораламын деп ойладыңыз ба?

- Рас, ғылым кандидатымын, журналистпін, университеттің мұғалімі болу мүмкіндігі ешқашан кетпейді ғой деп ойладым. Әрі «Лениншіл жастың» өзінің бір керемет рухы бар. Сондықтан тарихи атын қайтарсақ ұлттық рух оянатындай көрінді.

- Сол кезде тираж қандай еді?

- Тираж 350 мыңға барды. Сол кездегі құламаған газет «Лениншіл жас» яғни «Жас Алаш».

- «Егемен Қазақстан»  газетінің оқылымын көтердіңіз. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың пікірлерін бердіңіз. Әділетті Қазақстанның ұшқыны сол кезде болған сияқты ма?

- Әрине, оқиға өтіп кеткеннен кейін айту оңай ғой, бірақ сол тарихи сәтте ондай шешімге бару оңай емес еді. Бірақ мен Шерхан Мұртаза ағамды қызметке шақырдым. Ол кісіге айттым, үйде отырып қалдыңыз заман өзгеріп кетті, жалғыздықпен күн көре алмайсыз. Осы жерде отырып жазуыңызды жазсаңыз, арнайы бөлмеңіз болады, жағдайыңызды жасап беремін. Бұрынғыдай газеттің кезекшілігіне бармайсыз. Барып келуіңізге көлік дайын. Ол кісі сол кезде зейнетте, жеңгеміз қайтыс болып қиналып жүрген кезі. Ары ойланып, бері ойланып тартқыншақтады. Мен айттым, журналисттердің бәрі Шерхан Мұртазаның шертпегінен шықты дейді ғой, бірақ мен сіздің шертпегіңізден шыққан жоқпын. Сондықтан сіз менімен қызмет істей аласыз ғой дедім. Әй, Уәкем, қызметке келейін, бірақ екеуміз уәделесетін бір әңгіме бар деді, менің жазғанымды түземейсің, қысқартпайсың, сол қалпында берсең, міне қолым деді. Ойланбастан қолымды бердім. Партиялық газеттің құрылымы, аудиториясы, тақырыптардың бәрі  қасаңдау ғой. Соған бір жаңғырту керек. Жұрттың назарын аударту керек. Қоғамдық ой қозғалып жатыр,бұл кезеңде біз не істей аламыз деген ой болды. Камал аға бір мақала алып келді. ХХІ ғасыр Қазақстанның ғасыры болады деген. Мақаланы оқып шығып Камал ағаға айттым, осы мақалаға байланысты Шерхан Мұртаза ағам пікір білдірсінші дедім. Мақала шыға салысымен Шерағам оқып шықты да, оң бағасын берді. Камал аға Қазақстанның қазба байлықтары, болашағы оның даму перспективалары туралы сараптама алып келді. Сонда Шераға: «Айтқаныңның бәрі рас, бірақ осыншама Менделеев кестесінің бүкіл байлықтары Қазақстанда болса, онда қазақ алтын сандықтың үстінде неге жалаңаш отыр?» деді. Сосын материалды әрі оқып, бері оқып біраз ойландым. Жариялайын десем, мұның арты не болып кетеді деген ой. «Егемен Қазақстанның» бас редакторы деген енді министрліктің жұмысымен парапар ғой. Тәуекел деп жариялап жібердім. Оқырман деген ду ете түсті. Кітапханаға барып таба алмаған. Одан редакцияға келіп тігіндіден оқыды. Сөйтіп бұл бір жарым жыл жүрді, үлкен мәселелер көтерілді. Екінші бір айта кетер жағдай  заманды уақытылы сезіну деген мәселе. Мысалы Камал ағам былай деп жазды: «Шерхан ау, қазір ақпарат алудың үлкен-үлкен жолдары болып жатыр, ертең әлеуметтік желілер келеді. Біз қаласақ та, қаламасақ та адамның санасына әсер етеді, біз осыны білуіміз керек деді». Сонда Шерағам: «Рас, әлеуметтік желі дамитын шығар, бірақ сол жүйе ертең ұлттық қасиетімізді таптап, ұлтжандылығымызды алып, бізді мәңгүрт етіп жібермейді ме деген қаупім бар» деп жазды. Мазмұндап осындай әңгімелер көтерілді. Ол кезде газеттердің барлығының тиражы құлаған кезі еді. Сол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің тиражы күрт өсті. Қай жерге барсақ та жұрттың бәрінің айтып жүргені Камал мен Шерханның әңгімесі. Маған жұрттар айтады «қорықпайсың ба, ертең сотталып кетемін деп ойламайсың ба» деп. Бірақ бұл деген халықтың көкейінен шығып жатқан дүние ғой. Екі жарым жылдан кейін менің қызметтен кетуіме осы мақалалар себеп болды. Шерағамның бір сөзі бар еді. «Бас редактор қандай болса газет сондай» деген. Сондықтан, болмасаң да ұқсап бақ деген қазақтың ескі сөзімен сол жаңағы Шерағамыздан, Әбіш Кекілбайдан қалған жүрегімнің еркіндік нышандары ешқашан мені тастаған емес.

 

- Қазір біраз газет жабылып жатыр. Уәлихан аға, шоқтығы биік газеттерге үлкен формула жасадыңыз. Бүгінгі газет басшыларына не айтасыз, қандай тағылымдық ғибраттық сөзіңіз бар?

 

- Енді бұл жерде ақыл айту оңай ғой. Қазір психологиялық өзгерістерге тап болып отырмыз. Мысалы газет бүгін шығады, ертең жетеді. Ауылға екі-үш күннен кейін барады. Сондықтан қазір жұртқа әлеуметтік желілір тиімді, ақпаратты жылдам тарату заманына келдік. Басылымдардың кішкене кешеуілдеп қалғанының бір себебі осы. Бірақ жазбаша жазылып жатқан жұмыстар кітап болсын, газет болсын бұлар тарих үшін аса қажет. Ертең келешек ұрпақ өз тарихын қайдан біледі, кімнен сұрайды егер барлық оқиғалар интернетте жазылып ұшып кетіп жатса деген ой ғой менікі. Мысалы Еуропа елдерінде, оның ішінде Жапонияда неге қағаз басылымдардың ешқашан  тираждары кетпейді, өйткені оның барлығы өмірлік сыннан өткен. Сондықтан, газеттің беделі әлі де жоғары. Мен депутат болып жүрген кезімде сыбайлас жемқорлыққа байланысты жаңа бап енгізгенмін. Ол бап президент тарапынан мақұлданып, қабылданған. «Меншік түріне қарамастан кез келген бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жазылған материал болса, ол құзырлы мекеменің тарапында арнайы қаралуы тиіс» деген заңнама енгіздім. Журналистииканың міндеті - ұлттық сананы түзеу. Осы мәселеге көптеген бас редакторлар назар аударса екен деймін.

- Уәлихан аға, Ұлттық ғылым академиясының академигісіз. Маңдайалды үш газеттің бас редакторы болдыңыз, Парламентте төрт рет депутат болдыңыз. Осындай биікке жету үшін қазақ азаматы қандай болуы керек? Осындай биіктікке жету жолында қандай қиындықтарды еңсердіңіз?

- Қазір кеңестік одақты бәрі жамандап жатады. Ол кездің көп жақсылықтары бар. Ол замандарда кадр дайындаудың мектебі бар еді. Мысалы мен «Жетісу газетінде» жеті жыл қызмет атқардым. Меншікті тілші болдым, аға тілші болдым. Сол жерден «Комсомол орталық комитетіне» жұмысқа шақырылдым. Өйткені, «Жетісу» газетінде жастарға қатысты жас түлек деген айдарды  шығарып тұрдым. Сосын комсомол жұмысына араласып, хатшысы болдым. Кейін облыстық комсомол комитетінің мүшесі болдым. Мақалаларды жиі-жиі шығарып отырдым.  Солай «Комсомол орталық комитетінде» үш жыл қызмет жасадым, бір жыл нұсқаушы болдым, екі жыл баспасөз секторының меңгерушісі болдым. Сол жерден «Қазақстан пионері» газетіне бас редактор болып кеттім. Университет бітіргеннен кейін аспирантураға орын болмай түсе алмай қалдым. Сырттай түсіп, «Жетісу» газетіне қызметке орналастым. Ал арманым «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұру еді. Өйткені ол жерге жұмысқа орналасқан адамның бәрі журналист болып шығады.

 

- Осы жерде сұрақ. Отыз жыл бұрын жазылған «Салпан құлақ», «Домбырасыз ауыл», «Бесік»  тіпті коронавирус кезінде тағы да жазып тастадыңыз. «Қасиет пен қасірет» романыңыз. Осының барлығына қалай үлгересіз, қызмет бар, ғылымыңыз бар дегенім ғой.

- Жалпы, журналистикаға «Лениншіл жасқа» келгендердің тоқсан пайызы жазушы болып кетті. Біз де сол мектептен өттік қой. Ал әдебиет жанрына келудің алдында мен әдебиет сынымен айналысқым келді. Сөйтіп марқұм Сағат Әшімбаевқа біраз сынымды апарып көрсеттім. Біраз адамдар бар еді, соның ішінде Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» деген повесін сынадым. Әділбек Дүйсенбеков деген ағамыздың «Ақ жауын» деген повесін сынадым. Солардың психологиялық портреттерінің уақыты кезеңінде образдардың ашылу тетіктерінде кемшіліктері туралы жаздым.

 - Уәлихан аға, сіз ғылым мен монография, роман эссе  жаздыңыз. Жамбыл Жабаевтің он томдық кітабы бар. Лирикалық бағытта керемет ақын. Бірақ бір томды Ленин мен Сталинге арнаған. Біздің қоғам неге осы сол тоғыз томды көрмейді де, бір томға ерекше назар аударады?

 - Мен Жамбыл ауданында туған адаммын. Бірақ, Жамбылмен аталас, рулас адам емеспін. «Жамбылға көзқарас» деген үлкен мақала жаздым. Жамбылдың өмірін екі жақты көзқараспен қарау керек. Революцияға дейінгі және соңғы он жылдығы. Әбіш Кекілбаев ағам керемет мақала жазды.. Өзінің идеологиясын жеткізу үшін Кеңес үкіметіне Жамбыл керек болды. Сондықтан ол Ленинді мақтады, Сталинді мақтады деген мақсаты болған жоқ. Оның арғы жағында қаншама айтыстары,арнаулары, дастандары тұр. Солардың барлығында ұлттың тарихы жатыр. Романовтардың үш жүз жылдығына арналған ақындар айтысында Жамбыл Николай патшаны мақтамағаны үшін таяқ жеген. Сәбит Мұқановты, Мұхтар Әуезовті қалай жақсы көрген. Мысалы кез келген қоғамды алыңыз, Кеңес кезінде Бренжневтің кітаптарын керемет деп оқыдық. Сол кездері Брежневті, Қонаевты мақтамаған адам жоқ. Өйткені саясат соған алып келді. Үкімет соған мәжбүрледі. Соны Әбіш Кекілбай ағам керемет жазды. Сондықтан да кез келген уақытқа баға беру үшін сол кезеңнің көзімен, сол кездің саясатымен қарау керек. Ал Жамбыл сол заманға сенді, жалшылықты көрді. Қиындықты, қазақтың ашаршылығын бәрін көрген адам...

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Шыңғысхан Меирқан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button