ҰБТ-2020: Тестілеу қорытындысы жарияланды
Биыл ҰБТ 21 маусым мен 1 шілде аралығында өтті.
Осы жылы тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініш (131 754) қабылданды. Оның 92,1% тестілеуге қатысты.
Шекті балды жинаған талапкерлер саны – 82 154. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балл болды.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте жүргізілді. Тестілеудің әділ өткізілу барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкіл жіберілді.
119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады. Олар үшін басқа күндері, яғни 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылатын болады.
ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан астам адам ҰБТ барысын онлайн режимде бақылады. Енді ережеге сәйкес 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі.
17-20 тамыз аралығында тағы бір ҰБТ өтеді, онда талапкер шекті балл жинаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсе алады.