Мақала

«Ұят болады» феномені

Ұлт тағдырында психологияның ендігі орны қандай? Ұлттық код туа біте ме, жоқ келе қалыптаса ма?

Алдыңғы мақаламызда уақыттың заңдылығына байланысты бір мамандықтар ескіріп, адамның орнын роботтар басып, егде мамандықтар пайда болып, игеріліп, жаңа мамандар легі келерін айтып өттік. Бүгінгінің ең көп оқылатын һәм адамзат жыл санап жиілетіп көмегіне жүгінетін мамандықтарының бірі – психология.

 

Кез-келген, тіпті мәнсіз де мағынасыз болып көрінетін элементтер адамзат өміріне өзіндік өзгерістер алып келеді. «Адам өміріне темір интелект араласқалы адами құндылықтар ұмытылып барады» деген сарынды сөздердің талайына куәсіз, сіз. Рас та. Роботтар адамға, адамдар роботқа бейімделіп, бірінің-бірі кей артықшылықтарын меңгеріп алып жатыр. Осы тұрғыда адамды робот болып кетпеуден арашалайтын алғашқы адам – психолог.

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: – «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деген шағын да ауқымды мәселе көтеріледі. Ұлт тағдырында психологияның ендігі орны қандай? Ұлттық код туа біте ме, жоқ келе қалыптаса ма? Сана бейсанаға әсер ете ме, әлде бейсана санаға ықпал жасай ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп «CROCUS A» орталығының директоры, психолог, Ақгүл Бектібайқызына жүгіндік.

 

 

 

Ruh.kz: Діл (менталитет) деген не? Қандай ұғым? Адам санасына қалай әсер етеді?

 

Ақгүл Бектібайқызы: Әрбір адамның өзіне тән, өзінің шамасына шақ шекарасы болады. Адамның кішіпейілділігі мен даналығы, адамгершілігі секілді нормалары болады. Осы нормалар секілді факторлар біздің ғылымда жиі қарастырылады. Нормалар ұлттың этикетін құрайды. Бұл барлығына бірдей әсер етеді деген сөз емес. Әр адамның өзінің сеніміне қарай, танымына қарай ділі де әртүрлі болады. «Діл» деген ұғымға жанама ақпараттар біршама әсер етеді. Бір ақпаратты бес адам бес түрлі қабылдайды. Қабылдамайтыны болмайды. Қабылдамаған күннің өзінде ойын барысында, сөз барысында, іс барысында сол ақпарат қылаң беріп отырады. Солай-солай ақпарат қабылданып кетеді.

 

Менталитет адамның тұратын жеріне қарай да, тарихи факторларға қарай да өзгешеленіп отырады. Мысалы: бір ғана Қазақстан. Негізгі тұрғындары – қазақтар. Демек бір ғана ұлт. Бірақ менталитеті әртүрлі. Солтүстік пен Оңтүстіктің немесе Батыс пен Шығыстың менталитеті бірдей деп айта аласыз ба? Жоқ, әрине. Батыстағы дәстүрдің өзі басқа өңірлерден айтарлықтай дараланып тұрады. Шығыстың жоралғылары да өзгеше. Солтүстіктің сөйлеу мәнері, Оңтүстіктің мінезі ерек қой?!

 

Кез-келген ақпаратты адам санасына еңгізу жеңіл ғана шаруа. Джозеф Овертонның «Бірінші адамға ақпарат беріледі. Сол ақпаратқа адам қарсы тұрады. Ол ақпарат туралы пікір айтылады. Содан соң адам санасына енеді», – деген сөзі бар. Менталитет те тура осылай уақыт мерзімімен, адамның қабылдау мерзімімен, қосымша ақпарат алу мерзімімен, шекаралас ақпараттарды енгізумен араласып, бірімен-бірі байланысып адамға әсер етіп отырады.

 

 

 

Ruh.kz: Демек менталитет жүре қалыптасатын дүние. Тарихи факторлар, қоршаған орта, ақпарат, таным-түсініктің барлығы араласып келіп ділді құрайды. «Қанға сіңген қазақылық» дегенді қалай түсіндік?

 

Ақгүл Бектібайқызы: Ол түгелі бір үйдің балаларында да әртүрлі менталитет қалыптасуы бек мүмкін. Әрине өзге ортаға түскен адамның қазақылығын сағынуы, ділін сағынуы, тілін сағынуы, аңсауы, іздеуі әбден мүмкін. Себебі ол қанға сіңген құндылықтар. Бірақ негізгі менталитет жоғарыда айтқанымыздай бірнеше факторлардың қатынасынан, бір-біріне әсер етуінен қалыптасады.

 

 

 

Ruh.kz: Адамның эгосы ұлтқа деген махаббатынан жоғары болуы мүмкін бе?

 

Ақгүл Бектібайқызы: Жақсы сұрақ. Неге болмасқа?!. Әрбір адам эгоист болып келеді. Эгоизмнің жағымды және жағымсыз жақтары болады. Қызғаныштың да. Кей-кейде қызғаныш пен эго адамды биікке қарай, алдыға қарай қамшылайды. Ішті ауыртатын екінші жағы – эгоизмнің тойымсыздығы.

 

Қазақтан сөз қалмаған! «Санасына берсін» деген әдемі сөз бар. Санасына берілмеген адаммен жұмыс істеу өте ауыр. Мысалы: діни ағымдарға жағымды-жағымсыз ақпараттармен екі ай уақыт бойы дайындаған адамды қайта қалыпына келтіру үшін 5-7 жыл уақыт кетеді. Ал адамның санасыз екені кемінде 20-30 жылдан соң ғана белгілі болады. Екі ай дұрыс емес көзқарасты ұстанған адамға ол көзқарастыңғ дұрыс емес екендігін, қай көзқарастың дұрыс екендігін дәлелдеп, қалыпқа келтіруге 5-7 жыл уақыт кетсе, 20-30 жыл дұрыс емес көзқараста жүрген адамға мүлде басқа көзқарасты қалыптастыру қаншалықты қиын шаруа екені айтпаса да түсінікті. Бұл ауыр дүние. Жауап беру де ауыр.

 

 

 

Ruh.kz: «Обал болады», «Ұят болады», «Жаман болады». Бұл ұғымдар адам мүмкіндігін шектеп тастамай ма?

 

Ақгүл Бектібайқызы: «Жаман болады» мен «Ұят болады» адамды қоршап, тежеп, мүмкіндіктерді шектейтіні даусыз. Қазақы тәрбиенің екі факторы белгілі. Бірі – тым бос, бірі – тым қатал. Бұл қаталдылық адамды шеңберге қамайды. «Ұят боладыға» аса мән беріп, «Обал боладыны» ескермей жатамыз. Бұл – шындық. Бұл – абсурд. Баланы ұру – тәрбие де, құсты ұру – обал. Әр дүниенің шегі бар. Сөз ерту, өсек-аян, аяқтан шалу, тосқауыл қою – «ұят боладыдан» басталады. Бұл өсуге де, менталитетке де әсер етеді. Бұл Z KZ-ке де әсер етеді. Себебі: Z KZ – еркін ұрпақ. Олар өз ойын жасқанбай айта алады. Олар құқықтарын біледі. Олар шекараны біледі. Ал соларды тәрбиелейтіндер сол шекараны біле ме? Бұл үлкен мәселе. Z KZ – өзгеріс. Үлкен өзгеріс. Қоғамға керек балалар. Сол балаларға дұрыс тәрбие бере алып жатырмыз ба? Тағы сұрақ…

 

 

 

Ruh.kz: Тарихтан білетін бабалардың кіл текті болғанын ескерсек, ұрпақтарының осынша ұсақталып кетуі мүмкін бе?

 

Ақгүл Бектібайқызы: Қан араласып кеткенін ескеру керек секілді. Бай – баймен, сай – саймен ғана жарасатын заңдылықты сақтамай қойдық емес пе?! Ал, қан араласып, текті мен тексіз еш кедергісіз қатар қоныстанған кезде бұл туралы сөз қозғаудың өзі тыныштықты бұзады.

 

Адамның атқарған ісі болмаса аталарын айтады. Бұл тағы да ішкі эгоның қанағаты үшін ғана керек. «Менің бабам батыр болған, ал сен не істедің», «Менің бабам батыр, ал сен кімсің» деген бос сөз үшін ғана керек дүние. Саналының сөзі емес!

 

 

 

Ruh.kz: Әлемдік аренаға шығуымызда, әлемдік мәдениетті сіңіруімізде ұлттық код пен діліміз қандай рөл ойнайды?

 

Ақгүл Бектібайқызы: Әрбір істің, ұғымның екі жағы болады. Сол секілді діліміз бен, кодымыздың тиімді және тиімсіз жақтары болады. «Қазақтың қызы неге өзге ұлтқа тұрмысқа шығады. Қазақтың қара баласы табылмады ма», – деген сөздерді сіз де, біз де естіп жүрміз. Ал сол «қара бала» сол қызға лайық па? Деңгейлес пе? Бұл да бір мәселе.

 

Өзінің тілінде сөйлейтін, өзінің ділін ұмытпаған намысты ұлт бәрібір алға шығады. Ал осы намыс болмаса ұлт туралы айтудың да, ұлт болашағы туралы айтудың да, діл туралы айтудың да қажеті жоқ.

 

 

 

Ruh.kz: Сана бейсанаға әсер ете ме, әлде бейсана санаға ықпал жасай ма?

 

Ақгүл Бектібайқызы: Сана мен бейсананы ең көп зерттеген осы психология ғылымы. Соның ішінде Юнг Карл Густав архетип туралы, бейсана туралы және солардың әсер етуі туралы айтып өтеді. Жеті ата, қан, діл, код дегеніміз осы факторға сыйып кетеді. Сол архетиптің өзінде Карл Густав былай дейді: «Егер алты жасқа дейінгі балаға дұрыс ақпарат пен тәрбие берілсе, онда ол баланың адами факторларының бойына дұрыс сіңірілуіне жасалған ең жақсы қадам». Бейсана санаға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы: бір адамға сырттай жақсы қарым-қатынас көрсете тұрып, іштей оны жақтырмай тұруға да болады. Немесе психологиядағы «сублимация» ұғымы. Сырт келбеті менің жақсы көретін адамыма ұқсайды екен деп, оған іштей де, сырттай да жақсы қарым-қатынас көрсетуім осының дәлелі. Сондықтан жүрістен де, тұрыстан да, сөз бен істен де бейсана қашан да алдыңғы орында екенін анық аңғарамыз. Бейсанаға санаға, сананың ақпаратты қабылдауына айтарлықтай әсер етеді. Десе де сана мен бейсананың кей-кейде біріне-бірі жанама қарсы жүріп қалатыны да болады.

 

 

 

Ruh.kz: Сананы жүре қалыптастыруға бола ма?

 

Ақгүл Бектібайқызы: Сократ баланы оқыту әдісінде екі параллельдің қалай қиылысатынын көрсетеді. Әрине білім мен ой балада жүре қалыптаса алады. Мінез де, принциптер мен құндылықтар да балабақша жасынан қалыптасады. Себебі ол кезде баланың миы да, санасы да, қабылдауы мен жүрегі де таза болады. Сондықтан ақпарат жеңіл әрі мәңгілікке қалыптасады. Осы ретте тағы да айтарым, саналы бала тәрбиелеу үшін әуелі ата-ананы тәрбиелеу керек.

 

Ата-анасы «өтірік айтпа» дейді, достары «ештеңе етпейді» дейді, бала ата-анасының өтірік айтатынын біледі. Баланың миында не болып жатқанын елестетіп көріңізші. Көру арқылы бір басқа, есту арқылы бір басқа, ұстап сезу арқылы бір басқа ақпаратты қабылдайды. Біріне-бірі қарама-қайшы үш-төрт түрлі ақпарат бала санасына да, қабылдауына да, миына да, мінезі мен діліне де ықпал жасайды. Осы кезде қабылданған төрт түрлі ақпарат бірнеше жылдардан соң көрініс береді. Сол кезде ата-анасы «кімге тартқан», – деп ойланады… Көзге көріне бермегенімен бұл өте жіңішке дүние.

 

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті, деніңіз сау болсын!

 

Ұлттық код туралы, сана мен бейсана туралы, діл (менталитет) туралы өзімізді мазалап жүрген сұрақтарға айтарлықтай жауап алып қайттық. Сұқбат арасында айтылған «Z KZ» туралы, бұл буын қашан және қалай қалыптасқан буын екені жайында, еркіндік пен қаталдықтың ұқсастығы туралы, балалардың қабылдауы мен түйсігін тексеру мақсатындағы эксперименттер туралы келесі сұқбаттан оқи аласыздар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button