Үкімет басшысы көлік саласын дамытудағы кедергілерді атады
Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте көлік саласын дамытудың кең ауқымды өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Үкімет
Премьер-Министр Мемлекет басшысы көлік саласының ЖІӨ-дегі үлесін 9%-ға дейін жеткізу туралы нақты міндет қойғанын еске салды. Сондықтан еліміздің көлік және транзиттік әлеуетінің дамуын тежейтін барлық факторды алып тастау қажет екенін атап өтті.
Саланың басты кедергілерінің бірі – шекарада және әуежайларда ұзаққа созылатын әкімшілік рәсімдер. Бізге осы мәселе бойынша да жұмыс істеу керек. Бүкіл Орта дәліз бойымен бір логистикалық тізбек құру үшін көршілес елдермен ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөнінде келісіміміз бар, — деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзінше, Қарағанды, Алматы және Ақмола облыстары жергілікті жол желісінің сапасына әлі күнге 100% сараптама жүргізбеген.
Бұдан бөлек, кей өңірлер құрылыс-монтаждау жұмыстарын техникалық қадағалау тарапының бақылауынсыз жүргізеді. Техникалық қадағалаумен келісімшарттар кеш жасалады я мүлдем жасалмайды. Бұл жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді, — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Үкімет басшысы отандық өнеркәсіптің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті. Ол битум және рельстен бастап тепловоздар мен ауыр жүк көліктерін жасап шығаруға дейін көлік саласының негізгі қажеттіліктерін қамтуға тиіс екенін айтты.
Көлік саласын дамыту маңызды басымдықтардың бірі екенін ескере отырып, аталған мәселелердің барлығын Үкімет отырыстарында кезең-кезеңмен қарастырамыз. Сала жылдам дамуда, көлік қызметтеріне сұраныс жоғары қарқынмен өсіп келеді. Еліміздің бұл әлеуетін уақтылы арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет, — деп түйіндеді Премьер-Министр.