Ұлжан – Құнанбайдың екінші әйелі
Абайдың анасы туралы аз-кем дерек.
Ұлжан (1810-1887) – Құнанбайдың екінші әйелі, Абайдың анасы. Арғы атасы Орта жүз Қаракесектен тарайтын Шаншардың Нұрбике деген әйелінен туған Бертіс биден: Мөшке, Битен, Шитен деген немерелері өрбиді. Битеннен – Қантай, Тонгай, Тұрпан туылса, Тұрпаннан – апалы-сіңілі Ұлжан мен Молқара дүниеге келеді. Ұлжаннан: Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан туады.
Ұлжан өте сабырлы, кең мінезді, сөзге ұста, тапқыр, шешен кісі болған. Абай анасының осындай асыл қасиеттерін жастайынан бойына сіңіріп өскен. Ұлжан Тұрпанқызының тарихи бейнесі «Абай жолы» эпопеясында шынайы әрі соншалықты тартымды сомданған. Абайдың өмірбаянын жазған шақта да М. Әуезов Ұлжан мен оның шыққан әулеті Бертіс биден бері қарай тоқтала келіп: «Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай орта жүзге қалжыңымен тегіс аты жайылған белгілі мысқылшыл, тапқыш, күлдіргілер болған», – дейді. Ақылды келін Ұлжан енесі Зеремен аса бір ынтымақтастықта ғұмыр кешкен.