Мақала

Ұлт мұратын ұлықтаған ұлы Ақселеу

Тағдыр жолы туған халқының тамыр-тарихымен біте қайнасып кеткен біртуар тұлғалар қазақта аз емес. Бірақ та олардың қай-қайсына да қатысты басқаларға ұқсамайтын ерекше болмысын әйгілеп тұратын «бірегей» деген сөз бар. «Жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деген қазақы сипаттаманың астарынан да көп жайды ұғуға болады.

Фото: ашық дереккөзден
 
Алдымен айтайық, қазіргі қоғамымызда қазақтың ұлттық таным-түйсігі тамырынан ажырап, ата-бабамыздан ғасырлар бойы жалғасқан салт-дәстүрлеріміздің құндылығы жылдан-жылға құрдымға кетіп барады. Тоқсаныншы жылдардың басында діни наным сенімге көзқарасы шынайы еді. Кеңестік идеология құрсауынан әрең шығып, бағыты қай жақ екені белгісіз болып тұрған қазаққа салт-дәстүрімен сабақтасқан ислам дінінің қажеттігі қатты білініп тұрды. Алайда, оның ішінде түрлі теріс ағымдар барынан жұрттың көбі бейхабар болатын. Ең қауіптісі қазақы дәстүр болмысына қайшы келетін салафизм ағымы күн өткен сайын дендеп, оң-солын танып үлгермеген жастарымыздың санасын улап, тура жолынан адастырды. Қазіргі күнде осы ағымның зардабын тартып, мейірім, қайырым ұғымдарын аяқасты етіп қараңғы түнекке қалай кіріп кеткенімізді білмей қалдық. Соның салдарынан үлкенді сыйлап, құрметтейтін ақыл-кеңесіне құлақ түретін ұл-қыздарымыз әсіредіншілдікке бой ұрып, орынсыз тұмшаланып киінетін күйге жетті. Осындайда «дүмше молда дін бұзар» деген нақылдың мағынасы неде екендігін айқын ұғынасың.
 
Діннің жайы осылай дүдамал ұғымға апарғаны аздай, қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын ана тілінің жайы да бейшара күйге түскен қалпынан әлі оңалған жоқ. Мемлекеттік тіл мәртебесі берілгеніне отыз жылдан асса да төрге озуы былай тұрсын, күнделікті қатынас құралына айналуы да қиындап кеткені анық көрінеді. Бұған қатысты қыруар қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылып жатқандай көрінгенімен, көңіл қуантарлық нәтиже жоқ. Оған бір жағынан ұлттық идеологияға негізделген насихатқа салғырт қарап келе жатқанымыз басты себеп. Жоғары билікте отырғандардың дені дүбара, қазақшаға шорқақ, ана тілінің құдыретін танып- білуге ниет-құлқы жоқтығы көзүйренген көрініске айналып кеткелі қашан?! Осындайда Ақселеу Сейдімбектің бір сұхбатында айтқаны еске түседі. «Үйде балаларым абайсызда орысша сөз қосып қалса, «барып аузыңды шайып кел» деймін» деген әкелік қатаң талабын үлгі етерлік қадам деп қалайша айтпасқа?! Қазақтың кез келген шаңырақ иесі осындай ұлттық ұстанымын отбасынан бастап отырса, ана тіліміз тап бүгінгідей алаңдаулы қалыпқа түспес еді ғой.
 
Міне, нақ осындай олқылыққа толы кездерде елге қаратып салмақты ой, кесімді сөз, тиянақты тұжырым айтатын біртуар тұлғалардың жоқтығы көзге ұрып тұратыны тағы бар. Күні кешегі Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Мұстафа Өзтүрік, Қабдеш Жұмаділов, Амангелді Айталы сияқты киіз туырлықты қазақ үшін, оның ұрпағының алдағы болашағы үшін күркірей сөйлеп, салиқалы сұхбаттарымен жұрт назарын аударатындар бүгінгі күнде жоқ деуге болмас, бірақ қатары сирек екені шындық.
 
Біз бүгін тілге тиек етіп отырған сондай бірегей тұлғаның тағы бірі – ұлттық мұраны түгендеп, құндылығын дәріптеу жолына бүкіл ғұмырын сарп еткен алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбек еді. Бір басына сан қырлы өнер, телегей-теңіз білім қонған тұлға туралы, оның шығармашылық таланты, ғылыми-танымдық еңбектері туралы бірін-бірі толықтыра түсетін дүниелер аз жазылған жоқ, әрине. Алдағы уақытта да ұлттық колориттік талай тақырыптың тұздығы болып жазыла берері күмәнсіз.
 
Дегенмен, Ақселеу Сланұлының көрнекті өнер зерттеушісі, танымы терең ғалым, тілі шұрайлы жазушы екендігі өз алдына, қазақ үшін қандай қиындықты бастан өткерсе де қайыспас кәтепті қара нардай қызмет етуден айнымаған қайраткер болғандығын алдымен айтуға тиіспіз. Ұлтының тарихи қалыптасу кезеңі тұнып жатқан рухани-мәдени мұрасын зерттеу жолында тынбай ізденумен өткен Ақселеу Сейдімбектің есімін ерекшелендіріп тұратын еңбектерінің қайсы да қазақпен біте қайнасып жатыр. «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың күй өнері», «Күй –шежіре», «Қазақ әлемі» деген атаулар бірін-бірі жетелей жалғасып кете береді. Қазақтың ұлан-ғайыр даласын, тау-тасын кезіп, жер атауларының жеті қабат астарына үңілген «Күңгір-күңгір күмбездер» атты этнографиялық зерттеу еңбегі де сөзіміздің бір дәлелі екені анық.
 
Қазіргі күнде ұлтын осылай сүйген ұлы талант туралы өмірден өткен соң тамсана айтып отыру оңай сияқты көрінгенімен, Ақселеу Сейдімбектің тағдыр жолының кеңестік дәуірдің ұлттық танымға бұғау салған тар кезеңіне тап келуін атамай өту, айналып өту мүмкін емес. Өзі де ақиқаттан аттамайтын адалдығымен, еңсесін тік ұстаған қалпында еңкеюді білмейтін турашыл тұлғасымен дараланып тұрған оның «ұлтшыл» атанып, үш әріптің аңдуында күн өткергендігі енді-енді ғана жария болып жатыр. Бұл тұрғыда ғалымның өзінің «Талай дүниемді мынау Есентай өзеніне жыртып-жыртып ағызып жібердім. Басыма пәле болатын болды. Қайтейін, одан басқаға амалым қалмады ғой. КГБ-ның қыспағы мына жүректі құртып кетті ғой…» деп күйзеле айтқанын қайтіп ұмытарсыз?!
 
Одан қалса, ұлтымыздың тарихында қазақ жастарын орасан зор қиянатқа ұшыратуымен есте қалған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде азат ойлы зиялы азаматты да абақтыға жабудың жолын іздеген кеңестік-әміршіл жүйенің құйтырқы әрекеті алдағы уақытта да егжей-тегжейлі баяндалуға тиіс. Әзірге білетініміз – сол кезеңде жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақтың рухани мұраларын жүйелейтін мазмұнды дүниелер жарияланатын ғылыми-танымдық «Білім және еңбек» журналының басшылығынан қуылып, желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарды «қазақ ұлтшылдығына дайындауға үгіттеген» деген жалған айыптаулардың да «себепкері» болғандығы.
 
Міне, осы бір мысалдың өзінен-ақ Ақселеу Сейдімбектің тұлғалық, қайраткерлік болмысының қандай болғандығы айқын көрініп тұр. Қаламдастарының сөзімен айтқанда, оның журналистік қызметтен жазушылыққа, жазушылықтан ғалымдыққа бет бұруы ұлттық құндылығымыздың танылуы жолындағы таптырмас олжа болып қалды. Ұлттық тарихымыздың қойнауына терең бойлап қана қоймай, оны келер ұрпаққа жүйелеп жеткізуді беріле ойлап барлық тауқыметті бастан өткеруге тәуекел еткендігі кез-келген шығармашылық иесінің бойынан табыла бермейтін ерлік десек те болады.
 
Бірегей болмыс иесі туралы тілге тиек еткенде, ойға оралып тұратын тағы бір жайтқа тоқталған жөн. Жасыратыны жоқ, ұлттық құндылығымызды дәріптеу қадамдары қалтарыста қалып, қазіргі күнде жілігі татымайтын жеңіл-желпі арзанқол дүниелер ұрпақ санасын жаулай бастағаны шындық. Тіпті, бабалар жолынан жалғасқан ғибратқа толы дәстүрімізбен біте қайнасқан асыл дінімізді шектен тыс араби түсінікке теліп, «ширк» деп тану да белең алып бара жатқаны құпия болудан қалғалы қашан?..
 
Әсіресе, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр ақынның қанатты сөзін қаперден шығарып, әсіредіншілдікпен «домбыра-харам» деген дүбәра ұғым қоғамда кеңінен етек алғанда, тығырықтан шығар жол таппай аласұрғанымыз рас. Сол кезде біздің ұлттық идеологиямыздың құрдымға кетіп бара жатқаны айқын көрінді. Жай ғана айқын көрінген жоқ, ұлтының рухани қазынасын ұлықтаған, «Күй-шежіре», «Қазақтың күй аңызы» атты бағасына ешқандай құн жетпейтін кітаптарды оқырман қауымның санасына дарытқан Ақселеу Сейдімбектің жоқтығы білініп, жігеріміз құм болып, шарасыз күйде қалғанымызды несіне жасырамыз?! Егер ол ғайыптан тайып келместің кемесінде кетіп қалмағанда, мұндай қоғамның кері кеткен көріністері көз алдымызда көлбеңдеп шыға келмесі анық еді...
 
Бір кездері қазақ даласын аралап жүрген сапарында бір ағашты ерінбей Алматы қаласындағы пәтеріне жеткізіп, алты ай бойы ваннаға жатқызып, түрлі процестермен жібітіп, жонып, қажымай-талмай домбыра жасап шығарған шеберлігін бір басылымнан оқығанымда-ақ оның қазақ үшін отқа да, суға да түсетін жанкештілігіне тәнті болғаным есімде.
 
Ал, қазір аяғына жем түскен аттай ақсаңдаған ұлттық идеология мен төрге озу тұрмақ, босағадан сығалаған қазақ тілінің аянышты халін көргенде бір өзі бір академияның жұмысын атқарған алаштың аяулы Ақселеуінің жоқтығы тағы да білінеді. Тағы да білінгені былай тұрсын, қазағына қалтқысыз қызмет еткен қайраткердің қазасына қайғырған бір қаламгердің «өткен ғасырда Ахмет Байтұрсынұлы «Ахаң» атанған қалпымен ұлт ұстазы болып қалай есте қалса, Ақселеу Сейдімбектің есімі бүгінгі күннің Ахаңы болып сана түкпірінде жаңғыра беретіні анық» деп ерекше баға беріпті. Бұдан артық қалай айтып, бағалай алармыз?!.. Асыл дінің жікке бөлініп, ұлттық құндылығыңнан мән қалмай бара жатқанда енді мұндай біртуар қазақта қайталанар ма екен деген ой да жаныңа жай тапқызбай, мазаңды май ішкендей етеді. Бізде өзін ұлт зиялысы санап, мінберден түспей, азды-көпті құрметке бөленгеніне мәз болып жүрген бүгінгі күннің кейбір «желбуаздарын» көргенде, олардың тыныдырған істерінің Ақселеу Сланұлы атқарған жұмыстардың ширегіне де татымайтынын мойындайтын кез жеткен сияқөты ма, қалай?!
 
Ақселеу Сланұлы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырып мәңгілік мекенге бет бұрып кеткенде көрнекті қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлындей егіле сөйлеген қаламгер кемде-кем. «Ұлан-ғайыр сахарамызды түгел шолып, ұлан-асыр сыр-сипаттарымызды тегіс қамтып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап, дүлдүл оймен, ділмар тілмен толғайтын ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер – қайран Ақселеу, енді жоқ.
 
Алапат төсін айқара жайып, күректей саусақтарын салалай тарақтап, әр сөзін саралай салмақтап, шалқая қарап, шабыттана сөйлеп тұрғаны күні кеше ғана емес пе еді?!» деп күңіренген кесек таланттың өзінің де бұл күнде орны ойсырап тұр...
 
Иә, тәптіштей айтып, тамсана таныстыруды қажет сан қырлы ұлы талант Ақселеу Сейдімбек кер заманның кедергісін өзіне қауіп етпейтін, ұлтын сүюдің, оған қалтқысыз қызмет етудің қайталанбас үлгісін көрсеткен кедергісінен аман өткенімен, қазағына әлі де керек еді... Берері де ауадай қажет еді...
 
Көшпелі арғы атасы, көшелі елі,
Жұртына бел-арқасын төсеп еді.
Аты да заты ерен, туысы бөлек,
Ақселеу – кешегі өткен көсегелі.
 
Жыр, аңыз, ертедегі ересенін,
Фольклор – Қазағының көрешегін,
Тортасынан айырған сары майдай
Зерделеді тарихтың келешегін.
 
Күйлері тасты жарып, тау құлатқан,
Әр сөзі досты риза қып, жау жылатқан.
Жасаған домбырасы шертпей сөйлер,
Ұсталығы танылған зау жырақтан.
 
Тұлғасы да бір таудың нар шыңындай,
Сезімі саумал бұлақ тамшысындай.
Әдебиет әлемінің марқасқасы,
Ғылымы алтын сақа алшысындай!
 
Алашта нелер ерлер өтпеді ме,
Ешбіріне айтпайсың өкпе мүлде.
Құдайсыз заманада туған ұлды,
Құдай жайлы толғанған көк бөрі де.
 
Сол бөрі топ бастаған Абадан-ды,
Абадан көзге ілмеді заманаңды.
Ұлтының бір кетігін көре қалса,
Етінен ет кесіп ап, жамаған-ды.
 
«Мейрімі қанбай жердегі ел, көкте күнге»
Зираты тұр туған жер бөктерінде.
Күнге ұмтылған ер тұлға мәңгі өлмейді,
Қазақтың жүрегінде көктеді де!
 
Ақселеу – ел рухы айға атылар,
«Арысы Алаш» деген айғақ тұрар.
Кей батырға ескерткіштің керегі жоқ,
Халқының жүрегінде сайрап тұрар!
 
 

Айдар Ғали-Арыстанұлы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button