Жаңалық

Ұлт руханиятына арналған форум өтті

Меркі ауданында «Ұлт руханияты: Отбасы. Еңбек. Тәрбие» атты аудандық форум өткізіліп, келген қауымға тәрбиелік мәні зор дүниелер ұсынылды. Форум басталмас бұрын кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің қолынан әзірленген көрме ұйымдастырылды.

Көрмеде ұлттық тағамдар, қазақтың ою-өрнегімен көрнектелген көрпелер, аңшылық пен саятшылыққа, көкпар ойынына арналған ат әбзелдері көрсетілді. Қазақы нақышта тігілген ұлттық киімдегі, ақжаулықты аналарымыз ән салып, келген жұртшылықты тәнті етіп, көпшіліктің көңілін көтерді. Сонымен қатар ескірген үй жиһазадарын жаңарту, қолдануға жарамды, жаңа күйіне қайта келтіру цехын ашқан кәсіпкердің де қолдан жасалған қолөнері ұсынылды. Форумда тұңғыш рет бақытты отбасы институтын дамыту мақсатында   ұлттық құндылықтар мен қолөнерді мұра етіп жалғастырып келе жатқан шеберлер мен кәсібін енді бастаған жастардың басы бір ортаға қосылып, үш жақты меморандумға қол қойылды. Бұл  еңбегі көпке үлгі болсын, өзара тәжірибе алмассын, еңбек етсін, ұлттық қолөнерді дамытсын деген мақсатта жасалынып отыр. Халқымызда «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөз бар. Сондықтан біз жастарды қалай тәрбиелесек, болашағымыз сондай болады. Ұқыпты, еңбекқор адамның ісі келісті, еңбегі жемісті болады. Жалқау адамның шаруасы шолақ, сөзі көп болады. Демек тәжірибесі мол, аналарымыз бен әжелеріміз жастарды қолөнер мен ас әзірлеуге, жақсыны үйреніп, жаманнан жиренуіне көп септігін тигізетіні анық. Форум барысында ауданға танымал тұлғалар, ел ағалары сөз сөйлеп, жастарға тағылымы мол түсіндірмелер жүргізді.

Аудан басшысы Руслан Маратұлы Нұрсипатов форумда сөз сөйлеп: «Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының қарсаңында біз өткенді таразылап, бүгінімізді бағалап, ертеңгі күнге үлкен жоспарлармен қадам басуымыз қажет. Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығын, ұлтымыздың руханиятын аға буын өкілдері болып, өмірлік өсиетімен, еселі еңбегімен, ісімен үлгі болып,ақыл-кеңес беру арқылы жас ұрпаққа жеткізу парызымыз. Осы ретте бақытты отбасы институтын дамытып, үйдегі бала тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлін айшықтап, ұлттық құндылықтар мен қолөнерді мұра етіп жалғастырып келе жатқан шеберлер мен кәсібін енді бастаған жастардың басын бір ортаға қостық. Осылайша қолөнер мен еңбек арқылы тәрбие беруді көпшілікке насихаттау мақсатында осы форумда сіздермен бас қосып отырмыз. Бүгінгі шарада темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын шеберлер,  ұлттық қолөнермен айналысып, тігін тігіп, ас дайындап жүрген әйелдердің көрмесін арнайы ұсындық. Олардың еңбегі көпке үлгі болсын, өзара тәжірибе алмассын, еңбек етсін, ұлттық қолөнерді дамытсын деген ниетпен жасалынған. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, орта осындай кәсіпкерлерімізге тола берсін», деді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев ақсақал кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік пен толағай табыс тілеп, батасын беріп, аудан басшылары мен ұлттық дәстүрімізді кеңінен насихаттап отырған ұйымдарға да өз алғысын білдірді.
Меркі ауданының құрметті азаматы, көпбалалы ана Қайнаркүл Тәттіқұлова жастардың олқы тұстарын теріп айтып, үлгі болуға ұмтылып, биік шыңды бағындыру үшін бірлікте болуларын атап өтті. Жайқалған гүлдей құлпырған аруларымызға көптеген насихаттарды санасына сіңдіріп, өмірдің мәні ақша мен атақта емес, ана болуда екендігін ескертті.

Әрине, біздің қазақ «қарты бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтпайды-ау. Жолсілтер ақылшың, адаспас құбылаң болар қарттарымыз қашанда жамандық атаулыдан аулақ болып, жақсылықтың жаршысы атануды жастарға дәріс қылары сөзсіз. Келесі мінберде сөз сөйлеу міндеті «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі  Райкүл Сапаралиеваға берілді. Райкүл орталықтың маңызды тұстарын түсіндіріп, кәсіпкерлермен бірге жұмыс жасайтынын айтып, «Жомарт жүрек» қайырымдылық қоры өз жұмысын бастағанын баяндап өтті.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Жайнагул Шопабекова, Аида Жәнібекқызы кәсіппен айналысқысы келіп жүрген азаматтарға ерінбей еңбек етіп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан грант, несиелерді алып, өз кәсіптерін қорықпай бастауға  кеңес берді.

Іс-шара барлық карантиндік талаптарға сай ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының мерекелік  бағдарламасымен жалғасты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button