Ұлтарақтай жер үшін жанын пида етуге даяр болған тұлға - Жұмабек Тәшенов
Қазақ елінің тұтастығын әрі жарқын болашағын ойлаған жанашыр азаматтар тарих беттерінен орын алған. Олардың арманы мен мүддесі – туған халқының теңдік жолындағы күресімен сабақтас. Міне, сондай тұлғалардың қатарында Тәшенев Жұмабек Ахметұлын айтуға болады. Ол – 1915 жылы Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Танагүл ауылында дүниеге келді. Қайраткер Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген.
Жұмабек Ахметұлының еңбек жолы 1934-1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы қызметінен басталады. Одан кейін аудан жер бөлімінің меңгерушісі, 1939-1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944-1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948-1952), 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1961-1975 жылдары Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында, Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында қызмет атқарған.
Мемлекеттің негізгі іргетасы – оның рәміздері, тілі, ділі және шекарасы болса, мұндай қасиетті мұраны көздің қарашығындай сақтауда Жұмабек Тәшеновтің алар орны ерекше. Танымал тұлғаның өткір мінезі мен қайтпас қайсарлығы кез кезген ұлт жанашырына үлгі болары анық. Ол республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді.
Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды.
Тапжылмай еңбек етудің арқасында ол халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Қайраткердің қоғаммен байланысы күннен күнге жақсара түсті. Тың игеру кезінде Көкшетау облысында совхоз директоры болған Ф.Моргун 1957 жылы совхоз тұрғындары жер астында тұщы су болса да қажетті құралдың болмағандығынан 20 шақырым жерден суды тасып ішіп қиналып жатқанда Ж.Тәшенов келіп бір аптаның ішінде Армениядан скважина арқылы су тартатын компрессор алғызып, су мәселесін шешіп бергенін ризалықпен жазады. Ж.Тәшенов Шымкент облысында атқару комитеті төрағасының орынбасары кезінде, күзде Түркістан аймағының мақташылары мақта тазарту зауытында су мақтаны кептіруге отын таба алмай қиналып жатқанда сол ауданға уәкіл болып барған Ж.Тәшенов Қарағанды облысының басшылығымен хабарласып, қажетті 1,5 мың тонна көмірді жеткіздіріп береді. Соның арқасында аудан мақта дайындау жоспарын 102,7 пайыз орындайды.
Сонымен қатар, Жұмабек Ахметұлы Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан шығыс моншасын қалпына келтіріп, іске жаратуды жүзеге асырады. Кезінде Ж.Тәшеновтің іскерлігін, қабілетін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындауға мәжбүр болған. Ол 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі мәжілісте: «Н.С.Хрущев Ж.Тәшеновтың намысына тиіп, қызметінен төмендетіп бізге облатком төрағасының орынбасары етіп жіберсе де, ол өзінің таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам болып отыр»,- деп мәлімдеген.
Ш. Тоқмурзин жергілікті «Бұқпа» газетіндегі «Ж. Тәшенов тағылымы» мақаласында: «Туған елінің мәртебесі, тұтастығы үшін арыстанша арпалысқан, басын бәйгеге тіккен есіл ерді қалайша ұмыт қалдыруға болады. Жұмабек Тәшеновтің жарқын жүзі, ойлы кескіні, кемеңгер келбеті сом ескерткіш болып, жер шоқтығы Көкшетаудың бір бигіндей, менмұндалап тұрса, өсіп келе жатқан ұрпаққа баға жетпес, өнеге болары даусыз. Бұл елдігіміз бен ерлігімізді танытатын игі іс. Мен барлық жауапкершілікті ет жүрегіммен түйсіне отырып жерлестерімді осындай игілікті істі бастауға шақырамын. Заманында қазақ даласының үштен бірін қорғап қалған Ж.Ташеневтің аруағы разы болсын десек, баршамыз бірлесе отырып, бір ескерткіш қоюға міндеттіміз», – деген екен.
Расымен де, Жұмабектей қайраткерге көше атын берсе де, ескерткіш орнатса да жарасымды болары сөзсіз. Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы:
«Бастайды ақиқатқа жұрт аңызы,
Өшпейді оза шапқан тұлпар ізі.
Тайқымай ар жолынан Жұмабектей,
Ұлтына адал болу – ұл парызы!», – деп жырлағандай, ұлтына сүйеу болар намысты қазақ баласы Жұмабек Ахметұлы секілді ешкімге дес бермейтін қайратты тұлға болғаны дұрыс-ақ.