Ұлттық болмысымыздың бүгінгі жағдайы
«Біз отырықшылыққа өте қысқа мерзімде (мөлшермен 1920-1930 жж. арасында) өтіп, бүгінгі күнге дейін өмір сүріп жатырмыз. Яғни, отырықшы өмірімізге 100 жыл ғана болды. Отырықшы өмірдің осы қысқа мерзіміңде бұрынғы қазақ адам танымастай болып, көп өзгеріске түсті. Қазақтың ұлттық болмысы өзгерді» - дейді абайтанушы, философ-ғалым Досым Омаров. Ғалымның мұндай тұжырымға қалай келгенін анықтап өзінен сұрап көрдік.

– Ұлттық болмыстың өзеріске түсуінің сырына үңіліп көрдіңіз бе? Бәрі неден басталған? Қандай құндылықтарымыздан ажырап қалдық?
– Ең бірінші мінездің өзгеруі. Бүгінгі қазақ ежелгі «ер мінезді» қайрат-жігерінен айрылып, «қой мінезді» атанатын болды. Нәтижесінде адам болбырап, күш-жігерінен айырылып, қоғамда жарамсыз көріністер мен түрлі шырғалаңдар ашық көзге түсе бастады. Әрине, мұндай құбылыс әр заманда, әр елде өз ерекшеліктерімен бола береді. Біздің ел де солардың қатарында. Себеп біреу, ол – халықтың мінез-құлқы өзгеріп, әлсіреуі. Мінезді түзету үшін әуелі оның қыр-сырын танып алуымыз керек.
Еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алады екен. Ресей мен Қытай тәрізді екі алып мемлекеттің арасында отырып, сол мол жерімізді аман сақтау үлкен мәселе. Бұл халықаралық жағдайға байланысты. Екінші жағынан алсақ, халқымыздың саны жиырма миллионға да толған жоқ, ал өсу қарқыны өте төмен. Қазынасы шексіз мол осындай кең байтақ жерде отырып аз халқымызды қамтамасыз ете алмай, керек-жарақты шет елдерден сатып алып отырмыз. Мұнайдың, көмірдің үстінде отырып Ресейден жанармай, көмір сатып аламыз. Күрделі техниканы былай қойғанда, тіпті от жағатын сіріңкенің өзі сырттан келеді. Ал медицина, ғылым-білім, өнер, спорт жүйелері болса жемқорлықтың шырмауынан шыға алмай тұрақтап қалды. Халықтың тұрмыс жағдайы күннен күнге нашарлап, келешегі қандай болары бұлыңғыр болып отыр. Бойында қуат-қабілеті бар жастар шет елге кетуге ұмтылуда. «Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей, тамақ аңдып қайтеді тентіремей?» деп Абай біздің осы бүгінгі күндерімізді айтып отырғандай.
Нәтижесінде бір кездегі ер мінезді қазақ қазір қой мінездіге айналдық. Тіпті, ұлттың тілінен, ділінен, салт-дәстүрінен айырылу қаупі төніп тұр. Елдің мал бағу, егін егу тәрізді адам өміріне қажетті жұмыстармен шұғылдануға құлқыны да, жағдайы да жоқ. Сана-сезімі төмендеген жастар халыққа пайдалы жұмыстан гөрі, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін жеңіл жұмысқа бейім. Олар жан тыныштығын іздейді. Қол жеткен жұмыстары – күзет, не болмаса таксист, әрі кетсе полицай. Көпшілік арманы – юрист, шенеунік болып жемқорлықпен оңай ақша табу. Рухани деңгейі төмендегені сонша, халық білімге ұмтылу, елге пайдалы істермен шұғылданудың орнына күнде жыйын-той іздеп, тән құмарынан шыға алмай жүр. Бұған отбасының күйреуі, туыстық қарым-қатынастың бұзылуы, қоғамдағы басқа да бейберекеттерді қосатын болсақ, онда көңіл одан да жаман жабырқайды.
Абай жетінші сөзінде осындай елдің сипатын былай деп береді:
«Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ, яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен. Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?»
Абайдың осы сөздері қоғамымыздың бүгінгі бейнесін беретін сияқты. Жемқорлықпен күрес ешқандай нәтиже бермей отыр. Себебі адамның моральдық-этикалық ахуалы төмендеп, қоғам заңдылығы жұмыс істемейтін болды. Абайдың «Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен» дегеніндей, адам өзінің қылмысы үшін соған сәйкес жаза алмағандықтан, тіпті күнәлі істен де қорықпайтын болды. Себебі – тозақтан қорықпайтын имансыз.
Кейбір үкімет басындағы шенеуніктер түрмеде отырған адамдардың көптігін мақтаныш көреді. Олардың ойынша – неғұрлым көп адам түрмеге түссе, солғұрлым қоғамның бақылау жүйесі жақсы жұмыс істейді екен. Бірақ одан жемқорлық азаятын емес. Мәселе күнәлі адамды жазалауда емес, оған күнәлі істер жасауға мүмкіндік бермеуде емес пе?! Ол үшін рухани жаңғыру арқылы ар-ұятты оятып, адамның сана-сезімін өсіру керек еді.
Қазақ осылай танымастай болып өзгерді. Бұрынғы қазақ жоқ. Ұлттық болмыс өзгеріске түсті. Егер қазақ бұрын да осындай «қой мінезді» болса, онда Шыңғысхан тұқымдарымен бірігіп сондай ұлы империя құра алар ма еді!?
– Мұндай жағдайға қалай түстік?
– Бұл маңызды сұрақтың жауабын Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп береді. Адамның азуына жақсы мысал – егеменді болған алғашқы жылдарымыз. Еркіндік алған соң халық ойын-сауыққа беріліп, жаппай маскүнемдік, қарта ойындарына салынды емес пе!? Жайбарақат өмір енжарлыққа, жалқаулыққа, нәпсіқұмарлыққа баулиды. Осылай адам өзі де байқамай, қайрат-жігерден айрылып, жүнжіп, әлсірей бастайды, ал қоғам құлдырау жолына түседі. Қазақтың «Ақырзаман алдында қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туады» дейтіні осындай жайбарақат өмір туралы болса керек. Әлемдегі өркениеттің шыңына жетті деген елдердің құлдырап, жойылып кету себебі осындай бейберекет өмірден басталған. Жақсы мысал – ежелгі Ұлы Рим империясы. Қол астындағы халықты тонап және құлдардың тегін еңбегімен қарындарын тойдырған елдің сана-сезімі төмендегені сонша, олар тек қана «Нан мен қызық» тілеген. Осылай рухани құлдырау жолына түскен халықты өздері «варвар» деп атаған солтүстігіндегі қарапайым германдар оп-оңай жеңіп шықты. Халықтың рухани әлсірегені соншалықты, тіпті, бір кездегі алып империя жабайылардан жеңіліп, быт-шыт болып, ыдырап кетті. Адамзат өмірі осындай сабақ береді. Рухани азудың нәтижесі, міне, осындай.
Біздің елдегі жағдай да осыған ұқсас. Бүкіл адамзаттың өркениетіне үлкен үлес қосқан бір кездегі көшпелі түркі халықтарының ер мінезді ұрпақтары бүгінгі күндері қой мінезді халыққа айналып отыр.
Біздің де жұмысымыз жоқ, бірақ тағдырдың берген жер асты байлықтарын сатудан түскен қаржының арқасында тамағымыз тоқ. Осылай өзіміз өзімізді анашаның инесіне отырғызғандай, мұнай-газды сатудан тапқан жеңіл ақшаның инесіне отырғыздық. Нәтижесі – елдің азуы. Көпшілік қауым тамағының тоқтығына мәз. Елде ойын-сауық, той-домалақ көбейіп, санасы қарын тойдыру деңгейіне дейін құлдырады. Нәтижесінде егемендік алып, құлдық құрсауынан босансақ та, ол бостандықты дұрыс пайдалана алмаймыз. Көпшілік қауымның бойы бұл жағдайға үйренді, көнді. Көнбегендері кінәні өзінен емес, өзгеден: отбасынан, биліктен, тағы сол сияқты сыртқы себептерден іздейді. Өздері әрекет еткілері келмейді. Осылай бос әурешілікпен жүрміз. Еліміздегі отбасының күйреуі; өмірдің зардабына шыдамай, өздеріне суицид жасаудан елдердің алдыңғы қатарына көтерілуіміз; халық өсімінің баяулауы; қазақтың аздығына қарамай, шет елдердегі қазақтарымызды жинай алмай, ал келгендерге жағдай жасай алмай жүрген дәрменсіздігіміздің барлығы осының көріністері ғана.
Мұндай рухани жұтаған қоғамның өзіндік сипатын Абай былай деп береді:
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Осындай жағдайды көріп отырып, Абай сөзімен «Кәні біздің нәпсіні тиғанымыз» дегің келеді.
Жемқорлық бойына сіңген қоғамда әділеттілік аяққа басылады. Пара алып қана қоймай, өзі де пара беріп, әділетсіздікке көніп, қылмыскердің бірі болып жүрген адамды ұяты бар дей аламыз ба? Мұндай адамды Абай «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке» деп суреттейтіні бар емес пе!?
Қоғамның осындай сорақы жағдайға түсуінің негізгі себебі – адамның тән құмарына берілуі. Бұл туралы Абай өзінің жетінші сөзінде былай дейді:
Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз.
Осылай құлдырау себебін түсіндіреді. Біз де тәннен жан артық екенін ұмыттық. Тән құмары жан құмарымен салыстырғанда боқтық тәрізді. Осылай жан құмары емес, тән құмарына берілгенде боқтықтағы қарғадай болып, өмірдің боқтығына ұмтылып, рухани жұтай бастадық. Мұндай қоғам Абай сөзімен айтқанда, «ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамайды». Үйлесімдік бұзылып, адам өмірі төмендеп, қоғамның өмірі де ұзақ болмайды. Жақсы мысал өткен атеистік Кеңес дәуірі. Рухани болмыстан қол үзген имансыз жүйе қоғамға шексіз зобалаң әкелді. Бірақ өзі жетпіс жылдай ғана өмір сүріп, оп-оңай ыдырап кетті. Бұл тағдырдың адамзатқа берген өте үлкен сабағы және ескертуі еді. Бірақ оны ұмыттық.
Қоғамды дұрыстау үшін қатаң тәртіп орнату керек тәрізді. Бірақ рухани жұтаған елде тек қана қатаң тәртіп көп нәтиже бермейді. Әділеттілікті орнату үшін ерік және соған сәйкес адамдар керек. Бұл оңай шаруа емес. Бізде тәртіп қорғаушының өзі тәртіпсіз. Жемқорлықпен күресушілер өздері жемқор болып кететінін өмір көрсетіп отыр «Қарға қарғаның көзін шоқымайды» дейді қазақ, сондықтан олар бірін-бірі түзете алмайды. Мұндай «қарғалар» қоғамды өзгерткісі келмейді, оларға жайлы, үйренген ортасы. Тіршілік күресіне қайраты жетпей, өмірден түңілген адамдар өте көп. Олар жеңіліске ұшырап жолдан таяды, немесе елден кетеді. Олар туралы Абай «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дейді.
«Қарға» болғысы келмеген кейбір есті жастар «ауылдағы боқтыққа» көңілі тоймай, жан құмарын іздеп белден асып, шет елге кетіп жатыр.
Әділеттілік аяққа басылып, адамдардың азып кету себебі неде? Бұл сұрақтардың жауабын Абайдан табамыз. Өзінің қара сөздерінде ол барлық зардап қиянаттан деп көрсетеді. Қиянат адамгершілік қасиеттерге жол бермейді. Ендеше қиянаттан арылып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Бұл рухани жаңғырып, сана-сезім, ой-өрісті кеңейтуді керек қылады. Қиянатты рухани жаңғыру арқылы жанды тазартып, жүрек көзін ашу арқылы ғана жеңуге болады. Шәкәрім атамыз «Ар түзейтін бір ғылым табылмаса, Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес» деп тегін айтпаған. Абай бабамыз да өз заманының осындай халін көріп, оны жөнге келтіруге ұмтылған.
Сонымен, Абай ойынша адамның құлдырау себебі – қиянат. Қоғамдағы зорлық, пайдакүнемдік, парақорлық, мансапқорлық тәрізді барлық келеңсіздер қиянат көрінісі. Ендеше қиянатты жою керек.
– Қиянатты қалай жоюға болады?
– Оның тура жолы демократияны өзінің шын мәніне көтеру керек. Бұған түрлі әдістер бар. Бұл әдістер адамның сана-сезім деңгейіне байланысты. Ой-өрісі төмен, Абайдың «жарым адам» деп атайтын деңгейіндегілерге – қиянатты күшпен жасатпау. Олар заңнан қорқуы керек. Бұл әдіс заңдылықты және соған сәйкес заң мен оны дұрыс орындауды керек қылады. Яғни, қоғамда әділеттілік орнап, оны бұзғандар қатаң жазалануы керек. Бұл мемлекеттің құқық қорғау, тәртіп сақтау жүйелері өз жұмысын дұрыс атқаруы керек деген сөз. Қиянатшыл адам белгілі бір тәртіп шеңберінде болып, оны бұзғанда қатаң заңға тартылуы керек. Сол кезде адам өзінің қылмысы үшін жауапкершілікті толық сезінеді. Оның нәтижесін Қытай, Индонезия, бірнеше жыл бұрын болған Грузиядағы әрекеттерден көруге болады. Біз жеңе алмай отырған жемқорлықты бұл елдер осындай қатаң тәртіп арқылы ауыздықтап отыр.
Ал санасы жоғары «адамдарға» ойлау жүйесін реттеп, өмірге көзқарасын өзгерту керек. Оларға еркіндік те, тәртіп те керек. Мектеп қабырғасынан бастап рухани жаңғыру мәселесін дұрыс жолға қойып, олардың ар-ұятын ояту керек.
Рухани жетілудің жоғары деңгейінде тұрған «толық адамдарға» толық ерік керек. Қоғамды дұрыс жолға салуға оларға ешқандай тәртіптің қажеті жоқ – өз еркімен-ақ олар қиянатқа қарсы тұрып, қандай істі болса да мүлтіксіз орындайды.
Осылай демократияның екі қанаты болып табылатын тәртіп пен ерікті қолданудың өз жөні барын көреміз.
Сонымен, қазақ халқының өзінің бұрынғы ер мінезді көркем қасиеттерінен айырылып, қазіргі кезде «қой мінезді» бейшара халге түсуінің себебі – ұлттық болмысының өзгеруінен. Әрине, бұл айтылған сөз «Бұрынғы ұлттық болмысты қалпына келтіру үшін қайтадан көшпенді өмірге көшу керек» дегенді білдірмейді. Ол мүмкін емес. Тарих кейін қарай жүрмейді. Уақыт өтіп, заман өзгерді. Жаңа өмірге бейімделе білу керек. Ендігі мақсат – өзіміздің өткен тарихымызға үңіліп, өзгерген ұлттық болмысымызды бүгінгі өмір талабына сәйкес қайта қалпына келтіру. Ол үшін әрбір азаматтың үлкен талабы, қажыр-қайраты керек екені белгілі. Бұл маңызды жолда Абай мұрасы үлкен тірек болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!