Жаңалық Редакция таңдауы

Ұлттық мінез-құлық дегеніміз не? Ол туралы ақпарат көздері...

Ұлттық мінез дегеніміз не? Жалпы бұл бар нәрсе ме? Адамдардың әртүрлі болатынын біле тұра, типтік мінездерді жинақтап тұтас бір халыққа телу қаншалықты заңды? Осы жайында айтылған ағылшын мақалы тілге оралады: It takes all sorts to make the world (Әлем әртүрлі сұрыптағы/санаттағы адамдардан құралады). Ал It takes one sort to make a nation, яғни бір сұрыптағы/санаттағы адамдардан халық құралады десек қалай? Әлде ұлттық мінез дегеніміз көбіне ұлтқа басқа ұлттар таңатын (мұқату мақсатында болуы да мүмкін) мінез-құлықтардың стереотип жиынтығы ма?

Ұғымның күрделілігі мен оған қатысты туындаған қарама-қайшылықтар терминологиялық әркелкілікке жол беріп отыр. Бұл – барлық гуманитарлық ғылымға тән мәселе. Н.А. Ерофеевтің айтуынша, этникалық көрініс – «өзге халықтың сөзбен жасалған портреті не бейнесі».

С.М. Арутюнян «халықтың рухани өміріндегі әртүрлі құбылыстардың өзіне тән жиынтығы» саналатын ұлттың психологиялық қалпы деген терминді қолданады. Алайда ұлттық мінез термині біршама кең тараған.

Төменде Н.А. Ерофеев келтірген «ұлттық мінез» ұғымының бірнеше анықтамасын береміз:

«Д.Б.Парыгиннің пікірінше, түрлі әлеуметтік топтардың, таптардың, қоғамның, ұлттың, халықтың психологиялық ерекшеліктерінің болуы еш күмән келтірмейді».

Осы көзқарасты ұстанатын Н.Жанділдиннің берген анықтамасында ұлттық мінез дегеніміз – «нақты бір экономикалық, мәдени, табиғи жағдайда дамитын белгілі бір әлеуметтік-этникалық қауымға аз не көп мөлшерде тән болатын психологиялық мінез-құлықтар жиынтығы». Ұлттық мінез немесе «ұлттың психологиялық қалпы» ұғымын жоққа шығармайтын С.М. Арутюнян оған мынадай анықтама береді: «ұлттың тарихи дамуының ерекшелігімен, материалдық өмір ықпалымен қалыптасатын, оның мәдениетінен көрінетін ұлттық әдеттер мен дәстүрлердің, ойлар мен әрекет түрлерінің, сезімдер мен эмоциялардың өзгеше ұлттық көрінісі».

Кең тараған пікірге сүйенсек, ұлттық мінез дегеніміз – белгілі бір ұлттың өзіне ғана тән, өзгеше мінез-құлықтарының жиынтығы емес, жалпыадамзаттық мінез-құлықтардың өзгеше әмбебап жиынтығы.

В.Г. Костомаров 1998 жылғы наурызда өткен «Орыс тілінің Франциядағы апталығының» ашылуында жасаған баяндамасында ұлттық мәдениет жайында жоғарыдағыға жақын пікір айтады: «Ұлттық мәдениет бұл белгілі бір ұлтқа тән ерекше мінез-құлық жиынтығы емес, ол – жалпыадамзаттық мінез-құлықтар мен идеялардың айырықша жиынтығы». Ю.В. Бромлей де «ұлттық мінез қырларының салыстырмалы түрде алғандағы ерекшеліктеріне, байқалатын айырмашылықтарына» тоқталады.

Н.А. Ерофеевтің «Туманный Альбион. Англия и англичане глазами русских» атты еңбегіндегі ұлттық мінез туралы талдауларынан үзінді келтірейік:

«Көпшілігіміз неге америкалықтар – іскер, италиялықтар музыкаға жақын болады деген пікірдеміз? Әлде осы екі ел ішінде санақ жүргізіп, осыны анықтаған біреу бар ма? Әлдекімдердің байқағаны мен алған әсеріне қарап, неге әлдебір халыққа бүйрегіміз бұрса, керісінше келесі бірін жақтырмай жатамыз? Бір қызығы – бұл сезімдерімізді өзімізбен бірге ала кетпей, балаларымызға, немерелерімізге мұра еткендей табыстап кетеміз. Шешімін күтіп жатқан осы сияқты мәселелер жетерлік.

Осындай аса күрделі мәселелердің бірі, тіпті ең күрделі мәселе десек те орынды, ол – әрбір этникалық бейненің маңызды бөлігі болған ұлттық мінез.

Әр халықтың тұрмыстық сана деңгейіндегі ұлттық мінезі бар екені шүбәсіз. Әсіресе мұндай ой өзге этникалық ортаға түскенде туындайды. Сол қауым адамдарының көп тұрғыдан өзіңізден өзгешеленетінін, мәселен, өмір салты, тұрмысы, кейде тіпті кескін-келбеті, іс-әрекеті сіздікінен мүлде басқа екенін байқағаныңызда, тұжырымыңыз беки түседі. Еріксіз бұл ерекшеліктер мен айырмашылықтардың туындауы кездейсоқтық па, әлде олар ортақ, терең бір негізден бастау алып, осы халықтың айрықша болмысына, ұлттық мінезіне кеп құйыла ма деген сұрақтарға жауап іздей бастайсыз. Бәлкім сол халықтың мінезін түсіну арқылы бүкіл ерекшелігін, болмысын ұғатын дәрежеге жетерміз. Сондықтан ұлттық мінезді сол халықтың бүкіл өмірін, болмысын, тіпті тарихын ашып беретін кілт деуге болады».

Кейбір зерттеушілер ұлттық мінез тек тұрмыстық санаға ғана тән, ғылыми санада болмайды, халықтың «типтік» мінез-құлқы дегендердің барлығы шартты нәрсе деп есептейді.

Осы туралы «Санкт-Петербургские ведомости» газетінің 1859 жылғы 11 қаңтардағы санында былай делінген: «Әр ұлтқа тән ұлттық мінез болады, француздарды – жеңілтек, ағылшындарды – өзімшіл, орыстарды – шыдамды дейді. Құдай-ау, сонда әрқайсымыз кездестірген терең ойлы француздарды, өзгелер үшін жанын пида қылған ағылшындарды, шыдамсыз орыстарды қайтпекпіз?»

Ұлттық мінез жайында қатты сын айтқан көрнекті неміс жазушысы Генрих Бёлл болды. «Орыстар – міндетті түрде қауға сақалды, сезімге берілгіш, қияли, голландиялықтар – епсіз, аңғал, ағылшындар – өркөкірек не оқу соққан, француздар – тым сезімтал не тым ақылды, немістер – музыкадан басқаға мойын бұрмайтын не тұздалған қырыққабаттан бас алмайтын, венгрлер – өр көңілді, жұмбақ, шырпыдай тез тұтанатын қызба» деп әр халыққа таңылған ұлттық мінезді әжуа қыла отырып, оны «беллетристік наным» деп атайды.

Өз басымнан өткен бір оқиға есіме түсіп отыр. Лондон университетіне тағылымдамаға барған бір жылы ағылшын журналисі Беат Бишоптың «I regret to say that a typical English man does not exist» /Өкінішке қарай, типтік ағылшын адамы болмайды/ деп айтқанына байланысты типтік орыс адамы туралы эссе жазуым керек болды:

Ұлттық типті сипаттауға келгенде, шексіз қиындықтарға тап боласың. Ондаған (бәлкім жүздеген) орыс танысымды көз алдымнан өткіздім, алайда олардың ешқайсысына типтік орыс адамы деген мәртебе бере алмадым. Бірінің «типтілігі» жоғары болса, енді бірінікі төмен. Мәселен, кейбір типтік адамға жатқызғандарым ұлты нағыз орыс еместер боп шықты. Керісінше, нағыз орыстар типтік адамға жатқызуға келмеді. Сондықтан үлгі боларлық орыс адамын сипаттаудан бас тартуыма тура келді.

Сонымен, мәселе қарама-қайшылыққа толы. Ұлттық мінез дегеніміз бар нәрсе ме? Оның бар екенін дәйектейтін қандай объективті, ғылыми дәлелдер бар? Ұлттық мінезді қайдан көреміз? Ұлттық мінез туралы қандай нақты мәлімет көздері бар?

Мәлімет көздерін анықтап көрейік. Белгілі бір халықтың ұлттық мінезі дегенде ойымызға алдымен сол халықпен байланыстыратын стереотиптер жиынтығы келеді. Стереотиптер туралы жазылған еңбектер көп, казір де бұл тақырып ғалымдармен қатар көпшілік қауымның да назарын бұрып, жан-жақты қарастырылуда.

Стереотип – «әдетте эмоциялық реңкі бар, тұрақталған әлеуметтік құбылыс не нысан туралы нобайы жасалған, стандартталған бейне не көрініс. Белгілі бір әлеуметтік жағдай, тәжірибе ықпалымен туындаған құбылысқа адамның әдеттегі қатынасын білдіреді».

Ағылшын сөздіктері де осы тәріздес анықтама береді: stereotype: «fixed mental impretion» (белгіленген ақыл-ой көрінісі) (COD), «а fixed pattern with is believed to represent a type of person or event (адам не оқиға типі туралы көрініс ретіне саналуы тиіс белгіленген үлгі)» (LDCE).

Стереотип, стереотиптік сөздері орыс тілінде де, ағылшын тілінде де қалыпқа түскен (шаблонный) деген сөзбен анықталатындықтан, таптауырын болған, бірегейлігі, бейнелілігі жоқ деген мағынада жағымсыз реңкке ие. Бұл стереотип сөзіне, әсіресе мәдениетаралық коммуникация контексі тұрғысынан алғанда әділетсіздік жасағанмен тең. Басқа халықтар мен басқа мәдениеттер туралы стереотип пікірлер өзге мәдениетпен келіспеушілікке алдын ала дайындап, жағымсыз мәдени әсер алуды жеңілдетеді. «Стереотиптер адамның тар шеңбердегі әлеуметтік, географиялық, саяси әлемінен шығып, дүние туралы тұтас, кең ауқымды көзқарасын қалыптастыруына көмектеседі».

Ұлттық мінез туралы стереотип пікірлерді халықаралық анекдоттардан көптеп кездестіруге болады. Шаблон сюжетпен құрылған мұндай анекдоттарда әртүрлі ұлт өкілдері бір уақытта бір жағдайға тап болып, әрқайсысы басына түскен қиындықты анекдот отанында стереотип ретінде қалыптасқан ұлттық мінезінің қырларына сай қабылдайды.

Мысалы, орыс анекдоттарында ағылшындар әдетте уақытқа қатаң бағынатын (пунктуаль), көп сөйлемейтін, прагматик, ұстамды, темекіні, вискиді, ат спортын жақсы көретін болып суреттеледі. Немістер – істің өзіне оңтайлы жағын тапқыш, тәртіпке бағынатын, жинақы, тәртіпсүйгіштігінен өзін көп шектейтін, ал француздар жеңілтек, әйелқұмар, сайран салып, көңіл көтеріп, ішіп-жеуді ғана ойлайтындар ретінде көрсетіледі. Америкалықтар бай, жомарт, өз-өзіне сенімді, әрқашан қымбат көлік мініп жүреді деп қабылданады. Орыстар күй талғамайтын, аңғал, маскүнем, төбелескіш, содыр, ішіп алып, шатақ іздеп жүретіндер ретінде бейнеленеді.

Мысал ретінде бір анекдотты келтірейік: түрлі ұлт өкілдерінің ішкелі отырған сырасының бетінде шыбын қалқып жүр екен. Неміс (істің өзіне оңтайлы жағын тапқыш) шыбынды алып тастап, сырасын іше береді. Француз (сезімге берілгіш) шыбынды алып, қанатынан жайлап үрлеп, ұшырып жібереді де, сыраны ішпейді. Америкалық (өз құқығын білетін, өзіне сенімді) даяшыны шақырып, шу шығарады, басқа сыра әкелуін талап етеді. Қытай (құрт-құмырсқа жеумен әйгілі) шыбынды алып, сырасын ішкен соң, оны тіскебасар ретінде жеп қояды, еврей (жұмыртқадан жүн қырыққан, пайдакүнем) сырасын ішіп, шыбынды қытайға сатады.

Тағы бір мысал. БҰҰ комиссиясы әртүрлі ұлттардың тіршілікке қабілеттілігін тексермек болып, эксперимент ретінде оларды екі еркек, бір әйелден адам аяғы баспаған жеке-жеке аралдарға тастапты. Он жылдан соң комиссия оларды тексеруге келіпті. Ағылшынның аралына келсе, екі еркек теннис ойнап жүр екен. «Жағдайымыз жақсы, спортпен айналысамыз, ешқандай қиындық жоқ», – депті олар. «Әйел қайда?» десе: «Біз ол жайында ештеңе білмейміз … », – депті.

Францияның бір аралында көңілді Мари былай дейді: «Бұл – Пьер, ал мынау – Жак, бізде барлығы жақсы, үшеуміз де ризамыз». Испаниядағы аралда Мария комиссия мүшелеріне эксперименттің екінші күні Хосе Хуанды өлтіргенін, содан бері бақытты өмір сүріп жатқанын айтты. Орыстың аралы екеу еді: төңкеріске дейінгі және төңкерістен кейінгі. Төңкеріске дейінгі орыс аралында қасірет шеккен Ольга біреуді құлай сүйгенін, алайда басқа жанға тұрмысқа шыққанын және үшеуінің де бақытсыз екенін айтқан болатын. Комиссия келген кезде төңкерістен кейінгі орыс аралында екі мықты еркек үйде карта ойнап отырады. «Бізде барлығы жақсы, – деді біреуі. – Біз колхоз құрдық, мен – сол колхоздың төрағасы боламын, бұл – парторг болады. – Ал сіздің әйеліңіз қайда? – деп сұрады комиссия мүшелері. – Халық па? Халықтың бәрі егістікте», – деген жауап берілді [Бұл жердегі «народ в поле» деген ұғым ауызекі сөйлеу тілінде мәтел ретінде қалыптасқан].

Піл туралы үздік кітапқа жарияланған халықаралық байқаудың өтуіне байланысты дүниежүзіне кеңінен таралған анекдоттың ресейлік нұсқасы былайша беріледі: «Халықаралық байқауға немістер арбамен «Введение к описанию жизни слов» (Сөз өмірі жазбасына кіріспе) атты көп томды еңбегін тапсырады, ағылшындар бағалы былғарымен қапталған «Торговля слоновой костью» (Піл сүйектерінің саудасы) кітабын алып келеді. Француздар әділ-қазылар алқасына «Любовь у слона» (Піл махаббаты) атты әсем бейнеленген иллюстрациялық басылымды ұсынады. Америкалықтар «Все о слонах» (Бәрі де піл туралы) деп аталатын жұқаша келген, қалтаға салып жүруге ыңғайлы кітапша шығарады. Орыстар «Россия – родина слонов» (Ресей – пілдер отаны) атты қалың монография жариялайды. Болгарлықтар болса «Болгарский слоненок – младший брат русского слона» (Болгардағы піл баласы – орыс пілінің інісі) атты брошюраны ұсынады. Осы анекдоттың норвегше нұсқасында халықаралық байқауға немістер «150 способов использования слонов в военных целях» (Әскери мақсатта пілді пайдаланудың 150 тәсілі), француздар «Сексуальная жизнь у слонов» (Пілдердің сексуалдық өмірі), ал америкалықтар «Самый большой слон, которого я когда-либо видел» (Мен көрген ең үлкен піл), шведтер «Политическая и социальная организация общества слонов» (Пілдердің саяси және әлеуметтік қоғамы), дат халқы «150 трапез из слона» (Пілден жасалған 150 тамақ), норвегтер «Норвегия және біз, норвегтер» деп аталатын еңбектерін ұсынады.

Анекдоттан тағы бір мысал. Ғалымдар қай ұлт өкілінің аязға төзімді екенін тексеру үшін эксперимент жүргізеді. Тоңазытқыш орнатылған камераға өзімен бірге қалаған затын алып кіруге, шыдай алмаған жағдайда есікті қағуға рұқсат беріледі. Ағылшын азаматы темекі, бір бөтелке шарап және өзін-өзі жақсы ұстай алатын әйелді алып кіреді. Бір сағаттан соң, есік қағылады. Камерадан қалтыраған ағылшынды алып шығады. Келесі кезекте орыс өзімен бірге бөтелкелес досын, бір шелек арақ пен екі шелек тұздалған қияр алып кіреді. Үш сағат өткен соң, олардың тірі қалғандарына күмәнданған ғалымдар камераның есігін ашады. Арғы жақтан жуан жұдырық шығып: «Ой, шошқа! Онсыз да суық, ал бұл есікті ашады», – деген дауыс естіліп, есік тарс жабылады.

Мұндай әзілдерді көптеп келтіре беруге болады, бұдан әрбір ұлттың мінез-құлқына байланысты қалыптасқан стереотип айқын аңғарылады. Ағылшын анекдоттарында сараң шотландтар мен араққұмар ирландиялықтар туралы көп айтылады. Мына бір әзіл әңгімеден еуропалықтар туралы қалыптасқан стереотип аңғарылады: Paradise is where cooks are French, mechanics are German, policemen are British, lovers are Italian and it is all organized by the Swiss. Hell is where cooks British, policemen are German, lovers are the Swiss, mechanics are French, and it is all organized by Italians [Аспаз – француз, механик – неміс, полиция сақшысы – ағылшын, көңілдес, ашына – италиялық, барлығын ұйымдастыра білетін швейцариялық болған жерде ғана жұмақ болады, ал тамұқ аспаз – ағылшын, полиция сақшысы – неміс, көңілдес, ашына – швейцариялық, механик – француз, барлығын ұйымдастыра білетін италиялық болған жерде ғана болады].

Үлгілі еуропалықтың ерекше қасиеттері юморлық тұрғыдан қарама-қайшылыққа негізделгені берілген мәтіннен көрінеді: ол фин сияқты әңгімешіл, бельгиялық сияқты қолжетімді, португал сияқты техникалық жақтан қабілетті, испан сияқты ұялшақ, австриялық сияқты шыдамды, люксембургтіктер сияқты танымал, грек сияқты жинақы, ирландиялық тәрізді парасатты, даттар сияқты қарапайым, италиялықтар тәрізді салмақты болуы тиіс, сондай-ақ француз сияқты көлік айдап, ағылшын тәрізді тамақ дайындай алуы қажет.

Соңғы кездері баспасөзде мәдениеттің әртүрлілігі мен ұлттық мінез-құлықты сипаттау бойынша жүргізілген эксперименттер туралы жазбалар шығып жатыр. Кейде бұл эксперименттер халықаралық анекдоттардың мазмұнына жақындайды, кейде олардан да асып түседі. Мәселен, демалыс туралы ұғым әрбір ұлттың таным-түсінігінде өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады: «Лондонская», «Гардиан» баспасөздерінде Германия, АҚШ, Англия және Жапония мемлекеттерінің азаматтарына демалу үшін Түркиядағы пансионаттардың біріне жолдама беріліп, сол демалушылар туралы британдық 4 телеарнаның деректі фильм түсіргені айтылған болатын. Демалыс кезіндегі туристердің мінез-құлқы, түрлі жағдаяттар болған кездегі өзін-өзі ұстай алу ерекшеліктері жасырын бейнекамераға түсірілді.

Мәселен, автобус жүргізушісі рөлінде ойнаған актер туристерді экскурсияға алып бармақ болып, мас күйінде рөлге отырады. Мұны көрген ағылшындар автобусқа отырудан бас тартады. Жапондар тыныштықтың шырқын бұзғысы келмеген, алайда жапондық топтың жетекшісі жүргізушінің аяқ жағында тұрған ішімдікті көрсетеді. Немістер «шу көтеретін болсақ, жұмыстан қуылатын шығармыз» деп уайымдап тұрып қалады. Экскурсия кезінде автобустың ішінде темекі шегуге тыйым салынса да, автобус жүргізуші актер темекі шегеді. Ағылшындар жүргізушіден темекісін сөндіруді өтініп сұрайды. Жапондар тыныштықты бұзбас үшін үндемеуді жөн көреді. Немістер алғашында аздап дауыс көтереді, тек біраз уақыт өткеннен кейін ғана өздерінің бұл жағдайға риза емес екенін айта бастайды. Ал америкалықтар автобус салонында жүргізушімен қосылып темекі шегіп отырады.

Барға кірген кезде бармен өзі тұрған орнынан басқа бір жаққа кетіп қалғанда автобус жүргізушісі рөліндегі актер ақшасын төлеместен, бардан сыра алып ішеді. Мұны көрген америкалықтар мен ағылшындар оның қылығына риза болғандай, өздері де сырадан алып іше бастайды. Немістер сыраға мүлде қол сұқпайды, ал жапондар мұндай тегін сыраға қол сұқпақ тұрмақ, болған жағдайды пансионат әкімшілігіне айтып береді.

Кейбір әдебиеттерде ұлттық мінез-құлық туралы үлкен сақтықпен, ескертулермен айтылады. Халықаралық сипаты бар қалжыңға құрылған әңгімелер мен анекдоттар сол мәдениет өкілі немесе өзге мәдениет өкілі тарапынан туындайтыны белгілі.

Ұлттық мінез-құлықтың сипатталуын көрсететін екінші қайнар көз ретінде классикалық көркем әдебиетті айтуға болады. Осы мәнмәтіндегі классикалық сөзі кездейсоқ алынып отырған жоқ. Мұндай жоғары дәрежені иеленетін туынды қайсыбір ұлттың ақыл-ойы мен ішкі жан дүниесіне әсер еткен, уақыт сынынан өткен деуге болады. Ұлттық классикалық шығармалардағы ұлттық кейіпкерлер халықаралық сипаттағы қалжың әңгімелердегі стереотипті персонаждарымен қарама-қайшылығы қайран қалдырады. Шынында да қыз бен шарап туралы ойлайтын жеңіл ойлы француздардың әлемдік деңгейдегі Стендаль, Бальзак, Гюго, Мопассан, Золя сынды классиктердің шығармаларындағы драмалық кейіпкерлермен ешқандай ортақтығы жоқ, керісінше бұл шығармалардағы кейіпкерлер адамгершілік тұрғыдан күрделі саналатын мәселелерді шешеді.

Сондай-ақ өте ұстамды әрі тәкаппар ағылшындар сарказм, юмор және ирониядан тұратын анекдоттардан классикалық деңгейдегі әдебиетті қалыптастырды. Бұған Джонатан Свифт, Бернард Шоу, Оскар Уайлд, Диккенс, Теккерей, Шекспир сынды классиктердің шығармалары дәлел болады. Ағылшындардың бес трагедиялы туындысына жиырма екі комедиялық шығармалары сәйкес келеді. Ешбір мәдениетте юмор дәл осылай жоғары бағаланбайды.

Ал темірдей тәртіпті қатаң ұстанатын, кез келген жағдайда өзін-өзі ұстай білетін немістер халықаралық сипаттағы анекдоттардан Гете мен Гейненің нәзік сезімді, терең иірімді поэзиясын тудырды.

Халықтың ішкі жан-дүниесі мен ұлттық мінез-құлқы туралы ақпарат алудың үшінші қайнар көзі ретінде фольклорлық шығармаларды, халықтың ауыз әдебиетін айтуға болады. Көркем әдебиетке қарағанда фольклорлық шығармалардың өзіндік артықшылықтары бар. Өйткені фольклорлық шығармалардың авторы халықтың өзі, ұжымдық туынды саналады. Ұлттық мінез-құлықты ашып көрсетуде халық ауыз әдебиетінің рөлі қандай? Ең алдымен, эпикалық шығармалардың басты кейіпкері өз заманының батыры, сымбатымен көз тартады, қазіргі заманғы түсінік бойынша, супермен, олар өз халқын барлық жамандықтан, айдаһардан, диюдан, құбыжықтардан, түрлі стихиялық апаттардан қорғайды. Бұл кейіпкерлер қандай да бір жоғары тылсым күшті иеленеді, жоқ жерден оның алтын қанатты тұлпары, алмас қылышы немесе қасиеттілігімен ерекшеленетін заты пайда болады. Ол Робин Гуд секілді сұр мерген, Илья Муромец сынды таңғажайып күшке ие батыр болып келеді. Мұндай кейіпкерлер халықтың арман-тілегінен туындайтыны белгілі.

Сонымен, белгілі бір халыққа тән ұлттық мінез-құлықты айқындайтын дереккөз ретінде төмендегілерді қарастырдық:

  1. Халықаралық анекдоттар. Мұндай анекдоттар белгілі бір халықтың стереотипті түсінігіне толығымен негізделген. Қалыптасқан стереотиптер халықтың өзіндік типтік қасиетін танытқаннан бұрын, өз халқының, өзге халықтың сол халық туралы көзқарасын қалыптастырады (Шекара асқан қаншама адам орыс халқы туралы қалыптасқан стереотипке сәйкес болу үшін арақ ішеді).
  2. Ұлттық классикалық әдебиет жеке автордың субъективті көзқарасымен жазылғандықтан, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес.
  3. Фольклор немесе халық ауыз әдебиеті халықтың ұлттық мінезі туралы алдыңғы екеуіне қарағанда cенімді ақпарат көзі саналады. Шынында да, халық ауыз әдебиетінде стереотип ретінде қалыптасқан кейіпкерлер ғана емес, ұжымдық шығармашылыққа негіз болатын сюжет пен фактілердің өзі стереотипке айналған. Өйткені бұл туындылар ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып, теңіз түбіне шөккен ұсақ жұмыр тастар сияқты халық санасында әбден қатталған. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралуы себепті индивидуалды-авторлық шығармалардағы субъективизм тән емес. Фольклорлық шығармаларды халықтың арман-қиялын, оның мінез-құлқы туралы ақпаратты сақтаушы қойма, сенімді дереккөздері ретінде қарастыруға болады.
  4. Ұлттық тіл жүйесі – белгілі бір халыққа тән ұлттық мінез-құлықты айқындауға септігін тигізетін, сенімді әрі ғылыми тұрғыдан дәйектеуге болатын дереккөздердің бірі. Ұлттық тілдің өн бойында сол тілде сөйлеуші өкілдердің мінез-құлқы бейнеленеді, ұлттық мінезді қалыптастыруға негіз болады. Иван Ильин «Тіл – халық жанының фонетикалық, ритмикалық және морфологиялық көрінісі», – деп тегін айтпаған болар. Енді жоғарыда көрсетілген соңғы дереккөзге сүйене отырып, ұлттық мінездің тіл арқылы көрінісіне тоқталмақпыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button