Ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс бар ма?
Сән әлемінде уақыт өткен сайын жаңа леп, жаңа бағыт пайда болады. Деседе соңғы жылдары көне үлгінің қайта жаңғырғанын байқау қиын емес. Әдемі өрнектелген киім үлгілері өткен тарихымыз бен бай мәдениетіміздің жауһары.
Сән мен дәстүрді үйлестіре білу де өнер. Сол саланың қайнаған ортасында жүрген дизайнер, жеке кәсіпкер Бисекенова Роза Айткалиевнамен сән әлемі туралы және кәсібі жайлы сұхбаттасқан едік.
– Роза ханым, дизайн мен сәнге деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Сән әлеміне деген қызығушылығым бала кезден болды. Оқушы кезімде «Модный приговор» деген бағдарлама болатын соны үнемі үзбей көретінмін. Бағдарлама аптасына 1 рет болатындықтан, теледидардан көрсетілетін уақытын асыға күтетінмін. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші солардан көргенімді жасап, мен де түрлі эскиздер сызуға тырысатынмын.
– Ең алғаш рет қандай киім тіккеніңіз есіңізде ме?
– Ең алғаш рет өзіме 8-сыныпта мектеп формасын, яғни фартук тіккен болатынмын. Ол уақытқа дейін анам мектеп киімдерімізді тігін цехына тіктіретін, бірақ та маған олардың тіккендері ұнамайтын. Содан 8-сыныпта өзімнің формам мен фартугымды тігін цехына тіктермеймін деп, үйге әкеліп қол тігін машинасымен тігіп шықтым. Ол менің ең алғашқы толыққанды тіккен киімім болды. Ал оған дейінгіні айтатын болсақ, әрине қуыршақтарға киім тігіп, түрлі мата қалдықтарынан құрастыратынбыз. Тіпті қуыршақты да қолдан жасап алатынбыз. Себебі біздің балалық шақ Кеңес үкіметі кезінде өтті де, ол кезде барлығы тапшы сондай заман еді.
– Әрбір дизайнердің өз стилі бар. Өз стиліңізді қалай сипаттар едіңіз?
– Мен өз стилімді заманауи-этно стильдің қатарына қосамын. Бастапқыда қазақы стильдегі киімдер тігіп айналыстым, яғни қыз ұзату көйлегі және сахналық киімдер. Бірақта оларға сұраныс аз болғандықтан, мен өз стилімді кішкене өзгерттім. Өзгеріс жасауыма түрткі болған – тәжірибе мен сұраныс. 5-6 жылдың көлемі болды заманауи-қазақы ұлттық киімдерді тігемін. Оның ұлттық киімнен қандай айырмашылығы бар десеңіз киімнің фасоны еуропалық стильде болады да, киімге ұлттық нақыштағы бір ерекшелік қосамыз.
– Осы саладағы мамандарға жиі қойылатын сұрақтың бірі – кәсіби оқу қажет пе?
– Кәсіби оқу – міндетті түрде қажет. Туа біткен талантпын, қанымда бар деп айтқанмен де заман талабына сай барлығы өзгеріп отырады, мысалға алып қарасаңыз қазір жай ғана тігін машинасының өзінің түрлері өте көп, ал маман ретінде оның барлығын білу қажет. Басқа мамандықтың иелерінде алып қарайтын болсақ, мысалы дәрігер ол менде туа біткен дарын деп қарап отырмайды, оқиды, үйренеді, тәжірибе жүзінде көреді. Әрбір дәріні, әрбір дертті біліп шығуға тырысады. Бізде де солай киім дұрыс тігілуі үшін өзінің заңдылықтары бар, эскизді сызудың да талаптары бар. Солардың барлығын білу керек. Ал ол білім оқу арқылы келетіні анық. Яғни, талант 1 % болса, еңбек 99 %.
– Нео-фальклор стиліндегі киімдерге елімізде сұраныс бар ма?
– Нео-фальклор стиліндегі киімдерге сұраныс өте көп. Қазір әйел адамдардың басым бөлігі киімдерінде қазақша бір өзгешеліктің болғанын қалайды. Бұрындары қазақы киім десе көз алдымызға қамажай көйлек, қос етек көйлек елестейтін. Ал қазір қазір қазақы киім десе нео-фальклор стиліндегі киімді көрсетуге болды. Оның бір артықшылығы кез-келген жерге кие аласыз және өзгелерден ерекше боласыз.
– Алдарғы жоспарларыңыз жайлы айтып өтсеңіз, шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?
– Алда жоспарлар өте көп. Жеке мектеп ашсам деген ниетім бар. Ресми түрде шәкірт тәрбиелемесем де бірге жұмыс істеп жеке бөлініп кеткен 5-6 шақты қыз бар. Ал, негізгі мақсат – сән, дизайн, тігінмен қатар тиянақтылықты, жауапкершілікті үйрететін мектеп ашу. Барлық салада осы қаситеттер аса қажет, сондықтан да мен жастарға осыларды кәсіби біліммен қатар үйреткім келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!