«Ұлттық Рухани жаңғыру» бағдарламасын ЕҰУ оқытушылары мен студенттеріне таныстырылды
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті.
Кездесуге университеттің ректоры, ҰҒМ академигі Ерлан Сыдықов қатысты. Ол ұлттық бағдарламаның білім, мәдениет, жастар саясаты салаларындағы ерекше маңызды рөлін атап өтті.
ҚР АҚДМ Рухани жаңғыру бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Ұлықбек Тналиев «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізгі бағыттары мен міндеттерін таныстырды.
Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринова мемлекеттік тілді дамыту және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу жөніндегі іс-шаралар туралы айтып берді.
ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы А.Әбдуәлиев Ұлттық жобаның «Ел рухы» бағыты бойынша қарастырылған іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл бағытты іске асыру мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және отандық мәдени өнімді танымал етуге бағытталған.
ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағытында қарастырылған жастардың негізгі сұраныстарын, соның ішінде тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім беру, жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру мәселелерін шешуге бағытталған шараларға тоқталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылады, оларды орындауға бірден үш министрлік қатысады. Құжатқа жеті міндет, 20-дан астам көрсеткіш және 60-тан астам ірі іс-шара кіреді.
Ұлттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленді және қазақстандық қоғамның мәдениет, ағарту және ұлттық рух деңгейін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, ұлттық жоба Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында айтылған «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілетудің келесі кезеңі болып табылады.