Ұлттық тәрбие дегеніміз не?
2020 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаеваның қатысуымен Отбасы күні аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері бойынша онлайн режимде дөңгелек үстел болып өтті.
Iс-шараның мақсаты – бала тәрбиесіндегі ата-ананың, мектептің және қоғамның рөлін анықтау, балаларға білім беру мен тәрбиенің өзекті мәселелеріне назар аудару.
Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, педагогика қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, БАҚ өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева: «Әрбір жанұядағы жетістік те, кемшілік те қоғамның ортақ көрсеткіші. Мемлекетшіл азамат қашанда отбасынан алған тәрбие мен жалпы қоғамдық құндылықтардан қалыптасатыны белгілі» – деді.
Сонымен қатар, А. Балаева пандемия кезінде бала тәрбиесіндегі отбасы мен ата-ананың жауапкершілігінің арта түскендігін атап өтіп, уақыт отбасы құндылықтарын жаңа қырынан қарауды талап етіп отырғанына тоқталды.
Іс-шараның модераторы О. Асанғазықызы отбасы саясатын іске асыруда білім беру мекемелерінің, БАҚ-тың белсенді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, Қазақстанда неке және отбасы институтын нығайтуда ұлттық тәрбиені дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
Жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Советхан Ғаббасов өз тәжірибесімен бөлісіп, балаларды тәрбиелеу процесінде өзінің кітаптарында баяндалған әдістемелерін қолдануды ұсынды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжанов ұлттың жаңа болмысы отбасынан бастап қалыптасатындығын айтып, қазақ педагогикасынының типологиясын зерттеп, тәрбиені трендке шығару қажеттілігіне тоқталды.
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, белгілі ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы өз баяндамасында отбасылық құндылықтармен үйлестірілген ұлттық тәрбие немесе ұлттық құндылықтармен үйлестірілген отбасылық тәрбие платформасы дәстүрлі жұмысымыз үшін де, онлайн түріндегі жұмысымыз үшін де аса қажет екендігін атап өтті.
Жалпы қатысушылар ұлттық тәрбие, отбасылық құндылықтар бағытын ескеріп, телеарналардағы бағдарламалар контентін қайта қарауды, орта және жоғары оқу орындарында отбасылық өмірге дайындайтын қосымша курстар өткізу қажеттілігін айтты.
Сөз соңында министр А.Балаева іс-шараға қатысқан барлық спикерлерге алғыс білдіріп, отбасы тәрбиесін ұлттық құндылықтармен үйлесімде жүзеге асыру бағытын, ұлттық идеологияны дамыту мәселелері бойынша айтылған ұсыныстарды жұмыс барысында ескеретіндігін жеткізді.