Мақала

Ұлы дала дүбірі

Фото: worldnomadgames.kz

Елімізде 90-ға жуық елдің спортшыларын қамтыған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты этноспорт турнирінің тамаша бастамасы болды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристермен қатар жергілікті қонақтардың да назарын аударды. Әлеуметтік желілерде салтанатты шараның жоғары деңгейде өткені туралы қолданушылар тарапынан жарыса айтылып, тіпті Париж олимпиадасының ашылу салтанатын шаң қаптырғаны да сөзге тиек етілуде.

Ойындардың ашылуы және қатысушылар

8 қыркүйек күні бастау алған бұл дүбірлі ойын 30 мың адам сыятын «Астана Арена» стадионын лық толтырды. Құрметті қонақтар қатарында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, сондай-ақ ЮНЕСКО, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы секілді түрлі ұйымдардың басшылары болды.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты көшпенділердің бай тарихын, мәдениеті мен дәстүрін бейнелейтін түрлі көріністермен ерекшеленді. Әсіресе, сақ дәуірін, тарихи Жібек жолы мен түрік халқының ескі соғыс дәстүрін бейнелейтін көріністер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

«Ұлы Дала Дүбірінің» ашылуы қатысушы елдер мен командалар туларының ресми шеруімен басталды. Қазақстанның әнұраны айтылғаннан кейін салтанатты шараны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ол өз сөзінде көшпелілер өркениетінің тарихи әсерін және осы мұраны сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеп қана қоймай, көшпелі халықтардың мәдени мұрасын насихаттайтынын атап өтті. Тоқаев халықаралық деңгейдегі осы шараны тамашалауға келген көршілес мемлекеттердің басшыларына алғысын білдірді.

Шамамен 2,5 сағатқа созылған көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты әлемге әйгілі қазақ өнерпазы Димаш Құдайбергеннің әнімен аяқталды.

Ұлы даладағы кездесу

Әлемдегі «дәстүрлі спорт түрлерінің Олимпиадасы» ретінде екі жылда бір рет өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы Дала Дүбірі» ұранымен елорда төрінде 8 қыркүйекте бастау алып, 13 қыркүйекке дейін жалғасты.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы үшеуі Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында, төртіншісі Түркияның Изник ​​қаласында, ал 5-ші жарыс алғаш рет елордада өтті. Көшпенділер ойындары аясында спортшылар 21 дәстүрлі спорт саласы бойынша сайысқа түсті, соның ішінде ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары, сондай-ақ  «Көшпенділер ғаламы» этноауылында 100-ден аса мәдени шаралар, ғылыми бағдарлама шеңберінде «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты ғылыми-практикалық коференция ұйымдастырылды.  

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде Астанаға додаға 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы қатысып, 100 мыңнан астам турист келді. Дүбірлі дода жұмысына 1600-ге жуық волонтер жұмылдырылды.

21 спорт түрі  қамтылған сайыстар алты күн бойы 6 түрлі нысанда өтті: «Қазанат» ипподромы, «Арғымак» спорт алаңы, этноауыл, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясы әдепкіде, этноспорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жариялаған болатын. Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша жарыс барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті. Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде.

Екінші орынды Қырғызстан ойыншылары еншіледі. Қырғыз спортшыларының қоржынына 65 медаль түсті. Оның 19-ы  алтын, 21-ң күміс және 25-і қола медаль. 

Медаль саны бойынша үшінші орынды Ресей спортшылары иеленді. 12 алтын, 12 күміс және 25 қола –  жалпы 49 медаль жеңіп алды.

Халықаралық келушілердің пікірлері

АҚШ-тан келген Джейд Льюис Қазақстанға алғаш рет келгенін және ат үстінде орындалатын спорттық жарыстар ол үшін өте қызықты болғанын айтты.  

«Көкпар маған қатты ұнады. Көшпенділер ойындары мен үшін өте таңқаларлық әрі қызықты», - деді ол.

Жапондық блогер Юджи Беладзе Қазақстанға екінші рет келуі болса да, бұл жолғы әсері өте ерекше екенін атап өтті.

«Бұл этноформаттағы ойын өте ауқымды өтіп жатыр. Көшпелілер мәдениетімен жақынырақ танысқаныма қуаныштымын», -деді ол.

Ыстамбұлдан келген Селат Метин түрік мәдениетінің дәстүрлі өнерлерінің бірі эбру өнерін таныстырғанын айтып, туристердің үлкен қызығушылық танытқанын атап өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button