«Ұлы дала тұлғалары» сериясының 4 кітабы жарыққа шықты
Ұлы даланың тарихы мен тағдырында өшпес із қалдырған қайраткерлердің тағылымы мен тәжірибесін Қазақстан қоғамының бәсекелік қабілетін арттыруға пайдаланудың ғылыми негіздерін тиянақтау мақсатында «Көне түркі тұлғалары мен арғы қазақтар», «Қазақтың би-шешендері», «Қазақ ойшылдары», «Қоғам және мемлекет қайраткерлері» атты 4 кітап жарық көрді.
2019 жылы К.Нәрібаев, Г.Нұрымбетова, С.Смағұлова, Ә. Назаралының авторлығымен «Ұлы дала тұлғалары» анықтамалығы жарық көрді. Бұл кітапқа 317 тұлға туралы мәлімет топтастырылған. Анықтамалықта көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихында ерекше орын алған, өшпес із қалдырған тұлғалардың өмір жолы мен мұрасы қамтылған.
2020 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбековтың «Көне түркі тұлғалары мен арғы қазақтар» атты ғылыми-танымдық кітабы жарық көрді. Кітапта Ұлы даланың ежелгі тұлғалары, Ашина қағандары, Шығыс түріктерінің қайраткерлері қамтылған. Кітапта Аттила, Томирис ханым, Бақтұғ қаған, Елжау би, Ашина, Бумын қаған, Істемі қаған, Түрік қаған, Шату Ышбара қаған т.б. ұлы тұлғалар туралы ақпарат берілген.
2020 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Тебегеновтың «Қазақтың би-шешендері» атты ғылыми-танымдық кітабы жарық көрді. Кітапта қазақ би-шешендерінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі мен шығармашылық мұраларының негізінде олардың тұлғалық тағылымы ашылған. Кітапта соның ішінде Майқы би, Аяз би, Жиренше шешен, Әнет би, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және т.б. тұлғалар туралы ақпарат қамтылған. Туынды қазақтардың әлеуметтік-саяси өмірінде көрнекті рөл атқарған қазақ билері мен шешендерінің жеке тұлғасының құндылығы мен маңызын жас ұрпаққа көрсетуді мақсат етеді.
2020 жылы тарих ғылымдарының докторы С.Смағұлованың «Қазақ ойшылдары» атты ғылыми-танымдық кітабы жарық көрді. Кітапта ІХ-ХХ ғасырлар аралығында қазақ жерінде өмір сүрген әл-Фараби, М.Дулати, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М. Көпеев тәрізді ғұлама-ойшылдардың философиялық, діни, саяси, тарихи-ағартушылық еңбектерін зерделей отырып, олардың гуманистік, адам сүйгіштік қасиеттері дәріптеледі.
2020 жылы ҰҒА академигі Х.Әбжанов пен саяси ғылымдарының докторы, профессор Г.Нұрымбетованың «Қоғам және мемлекет қайраткерлері» атты ғылыми-танымдық кітабы жарық көрді. Кітапта қазақтың ХХ ғасырдағы қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірі мен қызметі тұлғатанулық тұрғыдан зерделеніп, жастарға үлгі-өнеге боларлық жасампаз тағылымдары баян етілген.
Кітапта ХХ ғасырда қазақ тарихында өзіндік із қалдырып, қазақ халқының өсіп-өркендеуіне олжа салған тұлғалар тағылымы зерделенген. Олардың қатарында ХХ ғасырдың 20-жылдарында еріксіз шетелге кетіп, халқына бағдаршам болған Мұстафа Шоқай, Қазақстанның әр аймағында дүниеге келіп, тағдырлары қазақ жерінде кеңес өкіметін құру жолында тоғысқан Санжар Асфендияров, Ұзақбай Құлымбетов, Тұрар Рысқұлов, Жалау Мыңбаев, Темірбек Жүргенов, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов, Жанайдар Сәдуақасов, Қабылбек Сарымолдаев, Ораз Жандосов, Смағұл Сәдуақасов тұр. Ұзын-ырғасы 25 қоғам және мемлекет қайраткері қамтылған.
«Ұлы дала тұлғалары» сериясы аясында әзірленген кітаптың басты идеясы тұлғалардың азаматтығы мен қайраткерлігін, адами-тұлғалық келбетін ашу, жас ұрпақ үлгі-өнеге тұтатын қырларын көрсету.