Жаңалық

«Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялары» залы ашылды

2020 жылы 18 қараша күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялары» залының ашылу рәсімі өтті. Аталған зал Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ашылды.

Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бірлесуімен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы және Шығыс Қазақстан облысы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Зал экспозициясында көпшілікке Есік, Берел, Талды, Тақсай және т.б. қорғандарынан табылған, «аң» стилінде орындалған скиф-сақ кезеңінің бірегей алтын бұйымдары ұсынылды. Сондай-ақ, мұнда Бурабай, Қанаттас, Қызыл-қайнар-төбе, Ақтөбе және т.б. археологиялық ескерткіштердің «полихромдық стиль» дәстүрінде дайындалған және б.з. IV-V ғасырларына жататын заттары ұсынылды.

Залдың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы алтын бұйымдар көрмесі орайластырылды. Бұл Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Елеке-Сазы қорымынан табылған, 2019-2020 жылдары белгілі қазақстандық археологтар З. Самашев пен А. Төлеубаев тапқан және б.з. IV-V ғасырларына жататын бірегей археологиялық олжалар.

Сондай-ақ залда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері 2015-2020 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстанның түрлі өңірлерінде орналасқан жерлеу-еске алу кешендерінен археологиялық зерттеулер жүргізу кезінде тапқан археологиялық заттар ұсынылды.

Іс-шараға Мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, тарихшылар мен археологтар қатысты.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button