Үндістанда қазақстандық шебер үздік қолөнерші атағына ие болды
Елімізде танымал домбыра шебері Жолаушы Тұрдығұлов Үндістанда өткен 4-ші Халықаралық қолөнер байқауында «Жыл қолөнершісі» марапатына ие болды деп хабарлайды Ruh.kz порталы Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Екі ел арасындағы рейстерге қойылған шектеулерге байланысты халықаралық сыйлықтың лауреаты Қазақстаннан Үндістанға бара алмады.
Сыйлықты Жолаушы Тұрдығұлов пен Қазақстан қолөнершілер одағының атынан арнайы Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі алды.
Жолаушы Тұрдығұлов қазақ мәдениетін сақтауға үлкен үлес қосты. Ол – Қазақстандағы шәкірттері бар халық музыкалық аспаптарының жалғыз шебері. 1993 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің сәндік-қолданбалы өнер кафедрасында «Бейнелеу өнері, сурет және ағаш ою» мамандығы бойынша Ағаш ою профессоры болып жұмыс істеді.
Қолөнерші 2018 жылы зейнетке шығып, өзінің дәстүрлі қазақ музыкалық аспаптар мектебін ашқан. Аталмыш мектепте шебер Қазақстанның ауылдық аудандарынан келген студенттерді тегін оқытады.