Жаңалық Редакция таңдауы

Үш облыс та үлкен күшке ие

Ел аумағының 18 пайызы немесе 493 мың шаршы шақырымы жаңадан құрылған үш облысқа тиесілі. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында шамамен 1,5 млн адам тұрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Министрдің айтуынша, Үкімет тиісті ұйымдастыру іс-шараларының жос­парын – Жол картасын қабылдаған. Оның негізгі іс-шаралары – жергілікті және аумақтық басқару құрылымдарын қалыптастыру, облыстар арасында бюджет және коммуналдық меншік бойынша бөлу, бюджетті бекіту, әділет органдарында тіркеу, салық кодтарын беру, шоттар ашу. Жалпы жол картасында 27 іс-шара қарастырылған. Олар біртіндеп орындалып жатыр.

Жақында мәслихаттардың сессия­сында облыстарды бас­қару схемасы бекітіледі. Содан кейін өңір­лерде облыс­тық басқар­малар қалып­тас­тырылып, тиісті кадрлық тағайындаулар жүр­гізі­леді. Үкімет қазірдің өзінде тиісті қау­лыны қабылдады. Онда қосымша бірліктер бөле отырып, қайта құрылған және құрылған облыстар аумағындағы әкімдіктердің штат санының лимиттері белгіленді.

Жергілікті атқарушы органдар үшін қосымша 438 орын бөлінеді. Оның ішінде Жетісуға – 242 орын, Абайға – 102 орын, Ұлытауға 94 орын тимек. Нәти­жесінде, Алматы облысы әкімдігі қызметкерлерінің жалпы саны 2 230 бірлікті, Жетісу облысында – 1 735 бірлікті, Шығыс Қазақстан облысында – 1 917 бірлікті, Абай облысында – 1 868 бірлікті, Қарағанды облысында – 2 545 бірлікті, Ұлытау облысында 752 бірлікті құрамақ. Үш облыс үшін еңбекақы төлеу қорына қажетті қосымша шығыстардың жалпы сомасы биыл 1,6 млрд теңгені, келесі 3 жылда орта есеппен 3,2 млрд теңгені құрайды.

– Сонымен қатар қазіргі уақытта орта­лық мемлекеттік органдар үшін штат санын белгілеу жұмысы жүргі­зілуде. Жаңа облыстарда 24 мемле­кет­тік органның аумақтық бөлім­шелері құрылады. Олардың штат­тарындағы қосымша қажет­тілік 2 148 бірлікке тең. Еңбек­ақы төлеу қорына қажетті қосым­ша шығыстар шамамен 13 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде ресубликалық бюджеттен жылына шамамен 12,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен жылына шамамен 0,7 млрд теңге керек. Мемлекеттік органдар құрыл­ғаннан кейін өңірлерде бюджет пен коммуналдық меншікті облыс­тар арасында бөлу жұмыс­тары басталады, – деп нақтылады Ұлттық экономика министрі.

Ә.Қуантыровтың айтуынша, жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті әкімшілік ғимараттар бар. Бүгінгі таңда жергілікті атқа­рушы органдар облыс орталықтарындағы әкімшілік ғимарат­тарды сатып алу, жөндеу, жалға беру үшін қажетті бюджет қара­жатының алдын ала көлемін анықтады. Жалпы қажеттілік әзірше шамамен 12 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде нысандарды сатып алуға – 7,5 млрд теңге, жөндеуге 3,6 млрд теңге, кейбір нысандарды бір жыл­ға жалға алу үшін 854 млн теңге керек. Бюджет қаражатын бөлу мәселесі елдің бюджет заңна­ма­сында айқындалған тәртіппен қаралмақ.

Министрдің дерегінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Абай облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн теңгеге, Жетісу облысында – 1,1 трлн теңгеге, Ұлытау облысында 1,3 трлн теңгеге өседі деп күті­луде. Алматы облысының жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 3,2 трлн теңгені, Шығыс Қазақстанда – 3,5 трлн теңгені, Қарағанды об­лысында 6,8 трлн теңгені құ­райды деген болжам бар.

– Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2022 жы­лы Абай облысы бойынша 3,1 млн теңге, Жетісу облысы бойын­ша 1,6 млн теңге, Ұлытау облысы бойынша 5,5 млн теңге дең­гейінде болжанып отыр. Алматы облысында бұл көрсеткіш 2,2 млн теңге, Шығыс Қазақстан облы­сында 4,9 млн теңге, Қара­ғанды облысында 5,1 млн теңге болады деген болжам бар, – деді министр.

Болжамға сүйенсек, биыл Абай облысының жеке кірісі 70 млрд теңгеге, Жетісу облысы бо­йынша 58 млрд теңгеге, Ұлытау облысы бойынша 48 млрд теңгеге бағаланып отыр. Ал Алматы облысында бұл көрсеткіш 343 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысында 131 млрд теңге, Қарағанды облысында 200 млрд теңге болады деп күтілуде.

– Бұл ретте жаңадан құрылған Алматы облысы болашақта респуб­лика­­лық бюджеттің доноры бола алады деген сенім бар. Сондай-ақ жаңа өңір­лерде өнеркәсіптік өндіріс көлемі арта­ды деген болжам бар. Оның ішінде Абай облысында – 1 трлн теңгеге, Жетісу облысында – 275 млрд теңгеге, Ұлытау облысында 855 млрд теңгеге жетпек. Бұл көрсеткіш биыл Алматы облысында 1,4 трлн теңгені, Шығыс Қазақстан облысында 2,3 трлн теңгені, Қарағандыда 3,4 трлн теңгені құрамақ, – деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, жаңа облыс орталықтарын дамыту мақсатында қажет болған жағдайда Семей, Жезқазған, және Қонаев қалаларын әлеуметтік-эко­но­микалық дамытудың кешенді жоспар­лары әзірленіп, өзектендірілетін болады.

– Тұтастай алғанда, облыс­тардың пайда болуы тек осы өңірлердің ғана емес, бүкіл ел экономикасының әлеумет­тік-экономикалық дамуына оң әсерін тигі­зеді. Реформа жаңа өндірістер ашу, жаңа жұ­мыс орындарын құру, инвес­ти­ция­­лар тарту, инфрақұрылымды жақ­сар­­ту жолымен өмір сүруге жайлы орта құру сияқты оң нәтижелерге қол жет­кі­зе отырып, халықтың әл-ауқатын арт­тыру­ға бағытталған. Оңтайлы әкім­ші­лік-аумақ­тық құрылым тұрғындардың об­­­лыс орталығына дейін және кері қай­туын жеңілдетеді, ішкі көші-қонды тиім­дірек реттеуге ықпал етеді, – деді министр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button