Жаңалық

Ұстаздар жаңа ойын ойлап тапты

Павлодарлық ұстаздар «QAZ-HOK» атты қазақша хоккей ойынын ойлап тапты

Қазақтың ұлттық қазан ойыны негізінде әзірленген ойын ережелерінің авторлары: Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері.

Ойын авторларының бірі – химия-биологиялық бағытындағы НЗМ-нің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Темірғалиевтің айтуынша, QAZ-HOK қазақша хоккей ережелері әртүрлі тарихи құжаттарды зерттей отырып әзірленді. Спорттық ойынға авторлық куәлік берілді.

«Қазақтарда ертеде қорғаныс пен шабуыл тәсілдері пысықталатын қазан ойыны болған. Әріптес-педагогтар Болат Мұқышев пен Данияр Нұрсейітовпен бірлесе бұл ойынның ережелерін қазіргі заманға лайық етіп өзгерттік. Ойын ережелері Қазақстан Республикасы Ұлттық зияткерлік меншік институтында сараптамадан өтті», – дейді Серік Темірғалиев

Ойын шарты бойынша бес-бестен бөлінген екі команда допты таяқпен қазанға тигізуі шарт. Осындайымен-ақ ойын допты хоккейге ұқсайды. Доптың диаметрі 7,6 см.

«Алаңның екі жағындағы 1,8 метрлік шеңбер ортасына 50х40 сантиметрлік көп қырлы «қазан» қойылады. Әрбір команда шабуылға берілген 5 минут ішінде допты қазанға тигізуі керек. Қорғанған команда қазан айналасындағы шеңбер ішіне кірмеуі тиіс. Бес минут аяқталғанда шабуыл құқығы қарсылас командаға беріледі», – дейді Серік Темірғалиев.

Кез келген спорт түрі тәрізді QAZ-HOK-та да ереже бұзған командаға жаза тағайындалады. Допты аяқпен ойнаған командаға «буллит» секілді алаң ортасынан еркін соққы бағытталады. Балағат сөз айтқан немесе төреші шешімімен келіспеген ойыншы 2 минутқа алаңнан қуылады.
Серік Темірғалиевтің сөзіне қарағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасап шығарылған бұл ойын мектептерде өткізуге ұсынылады. Қазақша хоккей жастарды ептілікке, ұжымда бірлесе қимылдауға үйретеді.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде қала мен облыстың жалпы білім беретін мектептерінің дене шынықтыру мұғалімдеріне ойын ережелері мен ерекшеліктерінің таныстырылымы өтті.

Алдағы уақытта аталған спорттық ойыннан қала мектептері арасында жарыс өткізу жоспарлануда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button