Ұстазынан шәкірті озсын десек
Ақтөбелік ұстаздар Стивен Ковидің ” Жасампаз адамның жеті дағдысы» кітабы бойынша білім алуда
2019 жылдың басынан бастап Ақтөбе облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталықпен бірлесіп, білім беру мекемелерінің педагогтарына арналған “Өзгерістерді өзіңнен баста” жобасын іске асыруда. Жобаның ұраны: “Табысты мұғалім-табысты оқушы!”.
Қаңтар мен ақпан айларында ұстаздар ұлағатын Стивен Ковидің ” Жасампаз адамның жеті дағдысы» кітабы бойынша ұлғайту шаруасы қолға алынып, білім беру мекемелерінің педагогтарына арнайы тренингтер өткізілді. Бұл “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың бірі. Тренингте педагогтар жеке тиімділікті білумен қатар, өз мақсаттары мен басымдықтарын жүйелі түрде түсінуді, өз өмірінде қиын шешімдерді тез қабылдауға дайын болуды, өзінің көшбасшылық әлеуетін қалай дамыту керектігін анықтады. Тренинг қатысушылары кездесу барысында өздерін мазалаған сан сұрақтарына жауап алып, оң пікірлерін қалдырды.
Айта кету керек, Стивен Ковидің бұл кітабы мыңдаған адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, алға жетелеп, биік асуларды бағындыруына себепші бола алды.
«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-ның атқарушы директоры Рауан Кежнеханның айтуынша, бұл кітап еліміздегі «Меломан» кітап дүкенінде 10 жыл бойы ең көп сатылған кітаптар қатарында болыпты.
«Өйткені жақсы өмірдің кілтін іздеген жасөспірім баладан бастап, өзінің қарым-қабілетін дамытқысы келетін мемлекет басшыларына дейін осы кітапты қолдан түсірмей оқыған, және ол әлі күнге дейін талқыланып келе жатыр. Сондықтан бұл да қазақ оқырмандар үшін қызықты болады деп ойлаймын», -дейді аударма бюросының директоры.
Естеріңізде болса, 100 жаңа оқулық бойынша бұған дейін 18 кітап қазақ тіліне аударылған болатын, қазір тағы 30 кітапты аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айнұр Нұрманғалиева, RUH.KZ