«Visit Astana» және «Сапа белгісі»: бағдарлама қатысушыларына сертификаттар табысталды
Елордада «Visit Astana» және «Сапа белгісі» серіктестік бағдарламасының қатысушыларына сертификаттар табыстау салтанаты өтті, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сертификаттарды бағдарламаның 54 жаңа серіктесі алды, олардың ішінде:
• 41 қоғамдық тамақтандыру объектісі,
• 12 қонақ үй,
• 1 туроператор.
Қазіргі уақытта «Visit Astana» бағдарламасына қатысушылардың жалпы саны 114 серіктеске жетті, бұл туристік бизнестің жоғары сапа стандарттарын дамытуға және енгізуге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Іс-шарада «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов және Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев құттықтау сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде елорданың заманауи туристік орталық ретіндегі имиджін нығайту үшін бағдарламаның маңыздылығын атап өтіп, саланың дамуына қосқан үлесі үшін барлық қатысушыға алғыс білдірді.
«Астана даму орталығы» ЖШС іске асыратын «Visit Astana» серіктестік бағдарламасы – елордадағы туристік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған бірегей бастама. Ол туристік саланың негізгі бағыттарын қамтиды: қонақ үй және мейрамхана бизнесі, туроператорлардың қызметі және туристік тартымды нысандар. Бағдарламаның мақсаты – Астананы халықаралық қонақтарды қабылдауға дайындау және оның жетекші туристік бағыт ретіндегі мәртебесін нығайту.
«Visit Astana» бағдарламасы үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген:
* Қытайдағы «Инфрақұрылым 5А»бағдарламасы,
* Испаниядағы туризм сапасының белгісі,
* Швейцариядағы стандарттау жүйесі және т.б.
«Visit Astana» серіктестік бағдарламасын «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бүкіл республика бойынша іске асыратын «Сапа белгісі» бағдарламасымен тану маңызды кезең болды. Бұл ынтымақтастық екі бастаманың стандарттарының жоғары деңгейін және олардың Қазақстанның туристік инфрақұрылымын жетілдіруге деген ұмтылысын растайды.