Жаңалық

Вокалдық техника бойынша шеберлік сағаты өтпек

Елордада Форо Бонапарттағы музыкалық академияның профессоры, Гаэтано Доницетти атындағы музыкалық академияның камералық ән айту секциясының меңгерушісі Анатолий Гусев шеберлік сабақтарын өткізбек.

«Астана Операға» Миланнан опералық ән айтудың хас шебері, маэстро, вокалистер арасында беделге ие Анатолий Гусев өзінің шеберлік сабақтары мен жеке-дара жаттығулар бағдарламасын ала келді.

«Өткен 8-маусым ішінде опера труппамыз толықтай қалыптасты, осы уақыт бойы солистердің жақсы вокалдық қалыбын сақтап тұруға тырысамыз. Театр – кәсіби сахна, мұнда ешкімге жеңілдік болмайды. Ашылған жылы әртістер қатаң іріктеуден сүрінбей өтіп, өздерінің жоғары шеберліктерін паш етті, алайда вокалист әрдайым тыңғылықты қалыпта болуы үшін оған даму қажет, сондықтан дирекция оларға түрлі шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда. Опера труппамызбен бірнеше рет профессор, италиялық коуч Алла Симонишвили, атақты маэстро Джузеппе Акуавива және т.б. жұмыс істеді. Анатолий Алексеевич Гусев өзінің мол ұстаздық тәжірибесімен атағы шыққан, оның шәкірттері халықаралық танымалдыққа бөленген, біздің солистер де онымен жұмыс істеу және оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалау мүмкіндігіне ие болмақ», – деп атап өтті опера труппасының директоры, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Қазіргі таңда Анатолий Гусев Миланда тұрады, сол жерде опералық ән айту мектебінің негізін қалаған, Siberian Solo жас вокалистердің шығармашылық зертханасының ұстаздар тобына енген, әділ қазы мүшесі ретінде көптеген италиялық және халықаралық вокалдық байқауларға тұрақты түрде қатысады.

«Бұл менің «Астана Операға» төртінші мәрте келуім. Бір жағынан, жұмыс қарапайым, ал екінші жағынан – күрделі. Күн сайын 7-8 солистпен техникалық дайындық, стильді түзету, опералардың италиялық, француздық мәтіндерін айтуды ретке келтіру бойынша дайындаламыз. Кейбіреулер жоғары ноталарды, кейбірі төменгілерін ала алмай жатады. Белгілі бір солистермен речитатив бойынша жұмыс істейміз. Осының бәрі «кәсіби театрлық қазанда қайнап, піседі». Бұдан бөлек, маған алдағы уақытта Дж. Вердидің «Травиата» операсына солистердің екі құрамын дайындау бойынша тапсырма жүктелген. 20 маусым күні «Астана Операға» шәкіртім – неаполитандық сопрано Елена Сомма мен Домодоссола қаласынан әнші, лирикалық баритон Маттиа Росси келеді, ол осы театр сахнасында Г. Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсында сержант Белькоренің партиясында дебют жасайды, Елена Сомма аталмыш операдағы Адинаның рөлін орындайды. Сондай-ақ бұл жерде менің оқушыларымның бірі – мықты баритон Бадрал Чулуунбаатар өнер көрсетеді, ол Дж. Вердидің «Аида» операсында Амонасроның рөлін сомдайды. Тағы бір шәкіртім тенор Саян Исин «Аида» операсындағы Радаместің партиясында өз шеберлігін паш етпек. «Астана Опера» солистерімен жұмыс істеу бойынша айтарым – олар бар күш-жігерін салып, ізденіп, құштарланып еңбек етуде, оларға көмектесіп жатқаным үшін дән ризамын, қолымыздан бәрі келіп, жеткен жетістіктеріміз үшін балаша қуанамыз. Біз өмір бойы білім аламыз, ал вокалист өз-өзін жетілдіруді тоқтатса, бәрі де аяқталады. Жыл сайын денеміз, дауысымыз өзгереді, сол себепті біз де соған қарай қайта өзгеруіміз қажет, бұл – тоқтаусыз жұмыс үрдісі», – дейді Анатолий Гусев.

15 маусым күні сағат 15:00-де театр Анатолий Гусевтің «Астана Опера» солистерімен жұмыс істеу барысы қалай өтіп жатқанын көрсету үшін оның ашық шеберлік сабағына барлық қазақстандық БАҚ өкілдерін шақырылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button