Жаңалық Редакция таңдауы

XIX Азия ойындары: Қай спорт түрлерінен жүлде күтуге болады?

23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында ҚХР-ның Ханчжоу қаласында XIX Азия ойындары өтеді, оған Қазақстан құрамасы да қатысады. Құрлық біріншілігінде спортшылар 40-тан астам спорт түрі бойынша сайысқа түседі, деп хабарлайды Ruh.kz.

Ел спортшылары жалпы саны 7 мәрте жазғы Азия ойындарына қатысып, 155 алтын жеңіп алды. Оның ішінде жүлделер саны басым 24 алтын медаль әкелген байдарка мен каноэ есу болса, екінші орында 23 алтын жүлдемен жеңіл атлетика. Спортшыларымыздың ішінде жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова төрт мәрте Азия ойындарының жеңімпазы атанған.

Қазақстандық боксшылар 16 алтын медаль жеңіп алды. Әр жылдары Ермахан Ибраимов, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы сияқты атақты былғары қолғап шеберлері құрлық чемпиондары атанды. Ал отандық мергендердің қоржынында Азия ойындарының 14 алтын медалі бар.

Қазақстан құрамасының 12 алтын медалін ауыр атлеттер алып келді, ал грек-рим стиліндегі отандық балуандар Азия ойындарында 9 рет жеңіске жетті. Нұрмахан Тыналиев екі рет, 2010 және 2014 жылдары тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілді.

Қазақстандық велошабандоздар 8 алтын медаль жеңіп алды. Мысалы, Алексей Луценко тас жолдағы велоспорттан Азиадада үш мәрте жеңіске жетті.

Бірден үш спорт түрінің өкілдері 6 алтын медалдан жеңіп алды. Бұл каратэ, су добы және көркем гимнастика. 2018 жылғы ойындарда қазақстандық гимнасттар 2 жиынтық алтын жүлдеге ие болды. Ал су добынан еліміздің ерлер құрамасы – соңғы үш Азиадада қатарынан чемпион атанды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button