Экологиялық ресурстарды қалпына келтіру және сақтау

Төртінші индустриялық революцияның негізгі өзегі болатын физикалық, цифрлық және биологиялық әлемдердің конвергенциясы (convergence) ресурстарды пайдалану және тиімділікке қатысты үлкен табыстар табудың айтарлықтай мүмкіндіктерін ұсынады. «Мейнстрим» жобасы (циркулярлы экономикаға өтуді тездетуге бағытталған бүкіләлемдік экономикалық форумның бастамасы) көрсеткендей, жеке тұлғалар, ұйымдар мен үкіметтердің болашағы олардың табиғатқа әкелетін зардабын азайтуда ғана емес, зияткерлік технологиялар мен жүйелерді пайдалану есебінен біздің табиғи ортамызды қалпына келтіру және регенерациялау (regenerate) үшін үлкен әлеуетке ие болуымен өлшенеді.
Әлеуеттің мәні – бизнесті және тұтынушыларды жеңіл қолжетімді ресурстардың көп санына сүйенетін «ал – жаса – лақтыр» ресурстарын пайдаланудың желілік моделінен жаңа өнеркәсіптік моделіне ауыстыруда, онда материалдардың, энергияның, еңбек ресурстарының, ақпараттың тиімді ағымдары бір-бірімен өзара кіріге байланыста жұмыс жасайды. Сонымен қоса, өзінің құрылғысымен күшейтетін, регенерациялайтын өнімділігі жоғары экономикалық жүйенің жұмыс жасауына ықпал етеді.
Бізде бұған көмектесетін төрт жол бар: біріншіден, интернет бұйымдарының (ИБ) және интеллектуалдық ресурстардың арқасында құн қалыптастырудың барлық тізбегінде ауқымды, жаңа тиімділікке қол жеткізу үшін енді материалдар мен энергия ағынын қадағалау мүмкіндігі бар. Cisco бағалауы бойынша, интернет бұйымдарының көмегімен келесі онжылдықта жүзеге асырылатын экономикалық пайда түріндегі 14,4 триллион АҚШ долларының ішінен 2,7 триллион АҚШ доллар көлемінде болатын құн жеткізу мен логистика тізбектерінде қалдықтарды азайту және үрдістерді жетілдіру нәтижесінде алынуы мүмкін.
Екіншіден, ақпаратты демократияландыру және цифрлық актілер қамтамасыз ететін шынайылық азаматтарға жаңа өкілеттіктер береді. Олар корпорациялар мен елдерден есеп беруді талап етуге мүмкіндік жасайды. Блокчейн сияқты технологиялар осы ақпараттың сенімділігін арттыруға көмектеседі. Мысалы, қорғалған аймақта ормансызданудың суреттерін түсіру арқылы және спутниктік мониторинг мәліметтерін растау жолымен жер иелерін сенімді әдістермен жауапқа тарта алады.
Үшіншіден, жаңа ақпараттық ағындар мен шынайылықтың артуы тұйық циклдің тұрақты жүйесінде іскерлік пен әлеуметтік мінез-құлық нормаларының жаңа кешені аясында шиеленістері асқына қоймаған азаматтардың ішкі наразылықтарын бәсеңдетіп, мінез-құлқын айтарлықтай деңгейде өзгертеді. Экономика мен психология салаларын нәтижелі жақындату «біз өмірді қалай сезінеміз, өзімізді қалай ұстаймыз және өз мінез-құлқымызды қолға алу» жөніндегі түсінігімізді жақындастырады. Сонымен бірге үкіметтер, корпорациялар мен университеттер тарапынан жүргізілген көптеген ауқымды зерттеулерден алынған мәліметтер бойынша, тәжірибеде мұндай тәсілдердің қазірдің өзінде бар екенін көрсетіп отыр. Оған бір мысал, OPower жүйесі: мұнда адамдар өзінің энергия тұтынуын тиісті топтардың деректерімен салыстырып, нәтижесінде электр қуатын үнемдей бастайды. Сәйкесінше, шығындарын да қысқартады.
Төртіншіден, алдыңғы бөлімде егжей-тегжейлі көрсетілгендей, жаңа іскерлік және ұйымдастырушылық модельдер қалыптастыру және бірлесе пайдаланудың инновациялық әдістерін тудыруға алғышарт жасайды. Олар, өз кезегінде, толық өзгерістер жүйесіне алып келеді. Экономика мен қоғамға қарағанда қоршаған табиғатқа зор пайда әкелуі мүмкін. Автономды көлік құралдары, бірлесе пайдалану экономикасы және лизингтік модельдер – осының барлығы активтерді пайдаланудың айтарлықтай жоғары деңгейлеріне жеткізуі мүмкін. Ал тозған материалдарды жіті бақылап, оларды қайта пайдалануға және тиісті сәтте қайта жандандыруға мүмкіндік жасайды.
Төртінші индустриялық революция – компанияларға активтер мен ресурстарды пайдалану циклін кеңейтуге, олардың қолдану дәрежесін жоғарылатуға және каскадты әсермен ретіне қарай үздіксіз пайдалануға жағдай туғызады. Олар, өз кезегінде, материалдар мен энергияны залалды ластанулар мен ресурстардың жүктемесін төмендете отырып, қайта пайдалануға және басқа мақсаттарға жіберуге мүмкіндік береді. Бұл революциялық жаңа өнеркәсіптік жүйеде көміртекті қос тотығы жылыжай әсерін туғызатын ластандырушы заттан активке айналады. Ал көміртекті қосындыларды тұтыну және сақтау экономикасы шығындар санаты мен ластандыру көзінен көміртекті шикізатты табысты игеруге және өндірістік қуаттарды пайдалануға ауысады. Мұның тағы бір маңыздылығы – компанияларға, үкіметтерге және азаматтарға барынша хабардар болуға және табиғи капиталды белсенді қалпына келтіру стратегияларын жүзеге асыруға көмектеседі. Ол табиғи капиталды ақылмен қалпына келтіре отырып, тұрақты өндіріске пайдалануға және жойылу қаупі төніп тұрған аймақтарда биологиялық әртүрлілікті жандандыруға жол ашады.
Мұндай қайта құрулар – кәсіпорындарды жат пиғылдағы белсенділер мен қылмыскерлер тарапынан жүйелерді тікелей бұзудан қорғайды, сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымдағы тосын үзілістерді болдырмауға және деректерді сақтау жүйелері мен киберқауіпсіздік үшін қомақты қаражатты инвестициялап отыруы тиіс дегенді білдіреді. Бизнеске кибершабуылдардан келетін жыл сайынғы шығын көлемі шамамен 500 млрд АҚШ долларына бағаланады. Sony Pictures, TalkTalk, Target және Barclays сияқты компаниялардың тәжірибесі көрсеткендей, кәсіпорынның қызметтік ақпарат пен клиенттердің құпия деректеріне қатысты қадағалауды жоғалтуы – акциялар құнының айтарлықтай төмендеуіне алып келеді. Мерилл Линч Америка Банкінің киберқауіпсіздік нарығын өсіріп отырғанын былайша түсіндіреді: 2015 жылы 75 млрд АҚШ долларынан бастап, 2020 жылға қарай 170 млрд АҚШ доллары көлемінде, яғни таяудағы бес жыл ішінде бұл саладағы жыл сайынғы өсім 15%-ды құрайды.
Жаңа операциялық модельдер, сондай-ақ біліктілікке, кадрлық ресурстарды тарту және ұстап тұруға қойылатын жаңа талаптар – кәсіби дағдылар мен корпоративтік мәдениет мәселелерін қайта қарауды қажет етеді. Ақпарат шешім қабылдауда да, өнеркәсіптің түрлі салаларында бизнесті жүргізу модельдерінде де негізгі рөлді атқара бастағандықтан, қызметкерлерге жаңа дағдылар қажет. Осы уақытта тиісті мәдениетті қалыптастыру кезінде қолданылатын үрдістерді жаңа технологиялық деңгейге шығару қажет (мысалы, нақты уақыт режимінде ақпараттың қолжетімділігін қолдану үшін) болады.
Айтып өткендей, компаниялар «talentism» концепциясы (біліктілігі жоғары кадрларға бейімделу) негізінде жұмыс жасауды үйренуі керек. Бұл – бәсекелестікті дамытудың жақында пайда болған факторларының ең маңыздысы. Кәсіпорын қызметкерлерінің жеке қабілеттері, оның стратегиялық артықшылығының үстем белгісі болып табылатын әлемде ұйымдастырушы құрылымдарының табиғатын қайта қарауы керек. Икемді кәсіптік сатылар, кәсіби нәтижелерді бағалаудың жаңа әдістері мен осыған сәйкес ынталандыру, білікті мамандарды тарту және ұстап тұруға арналған жаңа стратегиялар – осының барлығы ұйымның табысында маңызды рөл атқарады. Икемділік әлеуеті – қызметкерлерді ынталандырумен және коммуникациямен, сонымен қатар бизнес-басымдықтарды орнықтырумен және жеке активтерді басқарумен анықталады.
Менің ойымша, табысты ұйымдар қызметтің сатылық құрылымынан гөрі желілік өзара әрекет ету және ынтымақтастықпен анықталатын модельдерге көбірек ойысып, одан әрі тек сол арқылы дамитын сияқты. Ынталандыру барынша ішкі сипатқа ие. Қызметкерлердің бірлесе әрекет етуге ұмтылуы, сонымен қатар шеберлікке, тәуелсіздікке және мағыналы басқаруға бағытталған іс-әрекет қозғаушы күшке айналады. Бұл дегеніміз – кәсіпорындар көбінесе әртүрлі командалармен, жеке қызметкерлермен және жұмысқа қажетті заттар туралы деректер негізіндегі біліммен және үздіксіз серпінді ұжымдармен бірлесе ұйымдастырылатын болады.
Қазіргі уақытта пайда болатын кәсіпорындардың жұмыс сценарийі интернетпен үйлесім тапқан технологиялардың жедел өсуіне сүйенеді. Осы қос құбылыс – компанияларға цифрлық және физикалық қана емес, сонымен қатар клиенттерге де тиімді болатындай үздіксіз бірігу мүмкіндігін береді. Мысалы, аса күрделі жабдықпен жұмыс істейтін немесе ауыр жұмыс атқаратын қызметкерлер бөлшектерді жобалауға және жөндеуге мүмкіндік беретін тағылатын құрылғыларды пайдалана алады. Бұл – қызметкерлердің жаңа жетістіктерді пайдалануына және іргелі жабдықтардың осы жетістіктердің негізінде жұмыс жасауына кепілдік береді. Төртінші индустриялық революция әлемінде «бұлтты» бағдарламамен қамтамасыз ету немесе ақпараттық белсенділікті «бұлттық» жүйе арқылы жаңарту, қызметкерлердің тәжірибелері мен білім деңгейін уақытылы көтеру өте маңызды болады.
Дереккөз: «Төртінші индустриялық революция»