Жаңалық Редакция таңдауы

Этносаралық қатынастар: Мемлекеттік саясаттың жай-күйі талқыланды

Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жай-күйі мен перспективалары» атты жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жиын ғылыми-сараптамалық қоғамдастықты этносаралық қатынастар саласындағы өзекті процестер мен трендтерді талқылауға, сондай-ақ ұлт бірлігін одан әрі нығайту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында өткізілді.

Конференцияны Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин ашты.

Спикерлердің қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжанова, сондай-ақ «Астана» халықаралық ғылым кешенінің Қытай және Азия зерттеулер орталығының басшысы Светлана Кожирова болды.

Конференцияның шетелдік қонақтары арасында Ханкук шет тілдер университеті жанындағы Орталық Азия институтының зерттеушісі Chu Young-min (Корея), Халықаралық Түркі академиясының қызметкері Әбілфаз Сүлейманлы (Түркия), сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Ван Лулу (ҚХР) баяндама жасады.

Іс-шара барысында отандық сарапшылар этносаралық қатынастарды нығайту мен ұлттық сананы қалыптастырудағы мемлекеттің рөлін, сондай-ақ интернеттегі араздық тілін реттеу тәсілдерін талқылады. Өз кезегінде, халықаралық сарапшылар өз елдерінің этносаралық қатынастарды нығайтудағы тәжірибесімен бөлісті.

Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты талқылау қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар табысты этносаясатты қалыптастыру мен қоғамды интеграциялаудың маңызды аспектілерін көрсететін қарар қабылдады.

Қарар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту үшін мемлекеттің, қоғам мен ғылым өкілдерінің бірқатар маңызды бағыттар бойынша бірлескен жұмысының қажеттілігін атап көрсетеді. Олардың ішінде: этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары мен нысаналы көрсеткіштері бойынша өңірлерде түсіндіру жұмысын өткізу, этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық нысандарын кеңейту, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықты қолдау, азаматтық бірегейлік, бірлік пен келісім саясаты тұжырымдамалары туралы хабардарлықты арттыру, мемлекеттік тілді насихаттау, халықаралық ынтымақтастық және т.б. бар.

Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар мемлекеттік этносаясатты табысты іске асыру және ұлт бірлігін нығайту үшін өңірлік ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың тартылуын арттырудың жоғары маңыздылығын атап өтті. Бұл үдерісте білім беру және мәдени-ақпараттық ағарту салаларындағы пәнаралық өзара іс-қимылға ерекше рөл берілген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button