Жаңалық

Юнус Сафардиярдың ауқымды көрмесі: Лондоннан Астанаға 2 тонна экспонат келді

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Ұлттық музейінде әйгілі британ мүсіншісі, Корольдік өнер академиясының мүшесі Юнус Сафардиярдың «Екінші өрлеу» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме үшін Астанаға салмағы 2 тоннаға жуық экспозиция жеткізілді, деп хабарлайды Ruh.kz.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов құттықтау сөз сөйлеп, бұл іс-шараның маңызын атап өтті.

«Елорда тұрғындары мен қонақтары осындай танымал мүсіншінің туындыларын тамашалай алатыны қуантады. Мұндай көрмелер мәдениетті байытуға ғана емес, халықаралық диалогты нығайтуға да ықпал етеді», – деп атап өтті Ербол Әліқұлов.

Экспозицияда көлемді мүсіндер ұсынылған. Ең ауыр мүсіннің салмағы 350 кг жетеді. «Екінші өрлеу» — өркениеттік өзгерістердің, ыдыраудың және формалардың өзгеру динамикасының көрінісі.

«Менің жұмысым – әлемнің үздіксіз өзгеруінің көрінісі. Мен ескі формалардың кетіп бара жатқанын, жаңаларының пайда болып, тіпті ерекше дүниеге ұласып жатқанын көрермен көрсе деймін», – дейді көрме авторы.

Сафардиярдың жұмыстары Лондон, Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Флорида сияқты әлемнің түкпір-түкпірінде қойылған. Енді Астана тұрғындары да тамашалай алады. Оның шығармалары беделді Sotheby's аукционында сатылған. Мүсіншінің «Ояну» атты туындысы Лондондағы аты аңызға айналған Regent's Park саябағына көрік беріп тұр.

Көрме ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде (Тәуелсіздік көшесі, 54) өтіп жатыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button