Жаңалық

Z ҰРПАҒЫ: РОБОТТАР ДӘУІРІНДЕ АДАМ ЭМОЦИЯСЫН ҒАНА САТА АЛАДЫ!

Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп «Білім-Инновация лицейінің» түлектерімен тілдескен едік. Таныстыра кетейін:

 

Асылжан Бақтияр – 11 С сынып оқушысы. Қазірде жеті ЖОО-ның (HKU, HKUST, UNIST, Baptist, SDU, KBTU, CUHK) грант иегері. Биологияға қызығады.

 

Тамерлан Махмутов – 11 А сынып оқушысы. NU, SDU, KBTU білім ордаларының грантына ие. Болашағынан үміт күттіретін математик.

 

Нұрдәулет Есенгелді – 11 С сынып оқушысы. ВШЭ, МФТИ, SDU, KBTU сынды бірқатар ЖОО-ның грантын қанжығалаған жас математик.

Ruh.kz: Қош көрдік, жігіттер! Бірден нақтылыққа көшейік. 10 жылдан соң өздеріңізді қалай елестетесіздер?

Тамерлан: Олай алысқа самғамай-ақ қоялық. Таяу он жылды нақты жоспарлаған да жоқ екенмін. Бірақ ЖОО-нын тәмәмдаған, тұрақты жұмысы бар адам болғымыз келеді. Негізгі арманым Google компаниясында жұмыс істеу. Арманға жету үшін еңбектеніп бағармыз…

Ruh.kz: Гаджеттан тәлім алған Z ұрпағы. Жағымсыз естіле ме, қалай? Сіз не дейсіз, замандас?

Асылжан: Жағымсыз интонациямен көп айтылғандықтан жағымсыз сөз болып алды. Осыны мақтанышпен айтып көрейікші. Басқаша естіледі, иә?! Белгілі бір затты сатып алу үшін дүкендерде, бір ақпараттың дұрыс не бұрыстығын анықтау үшін кітапханаларда кезекте тұруды қажет етпейтін буын, уақытын үнемдеп, дүниенің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтардан хабардар болып, өзінше сараптама жасай алатын буын, тілін білмейтін, танымайтын мемлекетке жалғыз барып қайта алатын буын жағымсыз болуы мүмкін бе?! Бізде мүмкіндік бар. Кез-келген бағытта өзімізді өзіміз дайындай аламыз. Әрине «гаджеттен басқаға көңіл бөлмейді» деген сөз де негізсіз емес. Бірақ мұны біржақты ғана қарастыруға тағы болмайды.

Ruh.kz: Дұрыс-ақ. Алайда көзбе-көз қарым-қатынасты қайтеміз? Сөйлеу тілінің қолданыс аясы тарылып, жазу тілінің дәуірі басталғаны ма?

Нұрдәулет: Мен өзіме ыңғайлы уақытта біреуге хат жазамын. Ол адам да өзіне ыңғайлы уақытта маған жауап береді. Арнайы кездесу, уақытты белгілеу, жоспардағы дүниелерді кейінге шегерудің қажеті жоқ. Біз бұған үйреніп алдық. Біз үшін бұл қалыпты жағдай. Интернетпен тілдесіп көрмеген, интернетпен тілдесуді білмейтін буын түймедейді түйедей етеді. Анығында бұл глобалды мәселе емес. Ақырзаман емес, дамыған заман осындай болмақ.

Асылжан: Бізге дейінгі буынның бұл мәселеге алаңдауы – бейімделу үдерісі. Бұл дұрыс та. Үйреншікті дүние болмағандықтан қабылдау осылай жүруі керек. Демек қоғамда пікір бар. Бұл пікір тек бір буынға ғана тән. Ол буын әлі күнге дейін газет алып оқиды. Арғысын түсіне беріңіз…

Бір сәт елестетіп көрейікші, ойша байланыс қана болса ше?! Яғни, жазудың да, сөйлеудің де қажеті жоқ, тек ойша қарым-қатынас. Біртүрлі түсініксіз, солай ма? Біз осыған келеміз! 

 

Ruh.kz: Өткенді қимау, бүгінге көңілі толмау, болашаққа күдік һәм қорқынышпен қарау бар. Осы жайында жаңа ұрпақ не ойлайды?

Тамерлан: «Біз баяғыда…» деп басталатын әңгімені айтып тұрсыз ғой?! Ондай бар (күліп). Бұдан арылу керек секілді. Иә бұрын атқа міндіңіздер, қазір ұшақ пен көлік бар. Бұрын асық ойнадыңыздар, қазір гаджет бар. Бұрын таң атырып қызу тақырыптарды әңгімелеген кеңестер құрдыңыздар, қазір әлеуметтік желі бар. Өткенді өткеннің еншісінде қалдырып, жаңалықты қабылдай білген дұрыс. Үлкендер мына заманды, мына жаңалықтарды түсінбейді. Түсінбеген соң мазасызданады, өздерін ыңғайсыз жағдайда қалғандай сезінеді. Осыдан соң өздері едәуір жақсы білетін ескіліктен арылғылары келмейді.

Нұрдәулет: Қай кезде спорттың беделі атойлап тұрды. Бір кездері әдебиеттің дәуірі жүрді. Кейін физика зор мәнге ие болды. Қазір технологияның заманы келді. Одан соң биологияның кезеңі. Әр саланың өзіне берілген уақыты бар. Сол уақыттан бір минут кешігуге де, бір минут ерте басуға да болмайды. Уақыт ағысымен үзеңгі тіресіп отыруымыз керек. Салт-дәстүрді білуіміз керек. Халқымыздың өткенінен хабардар болуымыз керек. Бәрі өз орнымен. Бәрі белгілі бір баланспен орын алып отырады.

Ruh.kz: Кімді оқисыздар, қандай әуен тыңдайсыздар?

Тамерлан: Қазақ әдебиетінен алыспын. Мектеп бағдарламасындағы шығарма болмаса, өз бетіммен қазақ әдебиетіне қызықпадым. Шетел әдебиетінің бірсыпырасымен таныспын.

Ал, әуенге келсек кей эстрада әншілерін тыңдап тұрамын. Негізінен күйге әуестенемін. Домбыраның үні ұнайды.

Ruh.kz: Сіздердің ойларыңызша болашақта қандай мамандықтарға сұраныс болады?

Асылжан: Медицина. Қашанда қажетті мамандық. Болашақта озық техникамен жабдықталған кибер-медицина боларына сенемін. Психологтар қазірден қажет.

Тамерлан: IT мамандықтарға сұраныс артады. Бұл даусыз.

Нұрдәулет: 50-60 жылдан соң мұғалім керек болады. Адамның орнын роботтар басып тұрған кезеңде осындай қажеттілік туындайды. Робот кез-келген істі бірнеше есе жылдам әрі сапалы істейді. Десе де, ұстаздық ете алмайды. Біз қазір айтып жүрген адамдық жылу, адамдық махаббат сол кезде шынымен қажет болады. Роботтардың дәуірінде адам эмоциясын ғана сата алады.

Ruh.kz: Шетел көрген азаматтар ретінде біздің қалыпқа қатысты не айтасыздар?

Асылжан: Кореяда екі апта болып келген соң өзімді жат адамдай сезініп жүрдім. Біздегі қарым-қатынас біз айтатын мәдени деңгейге әлі көтеріле алмай келеді. Бізде кез-келген адам өзін ақылды адаммын деп есептейді. Солай да шығар. Бірақ ол «көрінген жерде көлгірси беру керек», деген ұғымды білдірмейді ғой. Адам өзінің бойындағысын байқамай (байқағысы келмей) жатып өзгенің мінін айтуға хақысы жоқ. Осыны түсінсе екен деймін. Іспен көрсетсе деймін. Белгілі бір дәрежеге көтерілмеген, өмірде бір табысқа жетпеген адам ақыл айтпаса екен деймін.

Ruh.kz: Жастар – қай қоғамның болмасын қозғаушы күші. Сендерге ел сенеді. Осы жауапкершілікті сезіне алып жатырсыңдар ма?

Тамерлан: «Бар жауапкершілікті толықтай сезініп жүрміз», дегенім артық болар. Алдымызда үлкен жол бар. Сол жолды абыроймен жүріп өтуге барымызды саламыз. Ел үмітін ақтауға да тырысып бағамыз. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Ruh.kz: Бәрекелді, жігіттер! Ойларың ұшқыр, мақсаттарың айқын. Осы беттеріңнен таймаңдар. Алдағы ҰБТ-ны жақсы тапсырып, қалаған ЖОО-ның студенті болуларыңа тілектеспін.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button