Жаңалық Редакция таңдауы

Зерендіде «JASTARx» сараптамалық алаңының кезекті отырысы өтті

Бүгін Ақмола облысы Зеренді ауылында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «JASTARx» сараптамалық алаңының төртінші кездесуі өтті.

Алаң «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» тақырыбында «Жастар Академиясы» лагерінің базасында ұйымдастырылды.

Онда «Адал Азамат» концепциясы кеңінен талқыланып, әділ қоғам мен жарқын болашақты құруда еліміздегі әр азаматтың атқаратын рөлі, әділетті Қазақстанды құруға жастардың қосатын үлесі секілді мәселелер көтерілді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов, жас сарапшылар, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Сараптамалық алаңда спикер ретінде «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, сценарист, продюсер Перизат Мырзахмет, Президент жанындағы жастар кеңесі төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері, кәсіпкер Олжас Сүлейменов, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Қазақстандағы тұңғыш Инклюзивті фитнес орталығының негізін қалаушы Динара Наумова сөз сөйледі.

Адал Азамат формуласы – Абай атамыздың «Толық адам» концепциясы, Алаш азаматтары аманаттап кеткен ұлтын сүйетін, елі мен жерін құрметтейтін, оқу-білімге құмар жастардың бейнесі, – деді «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Оның айтуынша, әділетті Қазақстанды құратын Адал азаматтардың бойында болу керек негізгі қасиет – еңбекқорлық.

Өз кезегінде прдюсер, сценарист Перизат Мырзахмет адамның бойындағы талант туралы сөз қозғады.

Қоғамның әр мүшесі – талантты жан. Бірақ әр талант жеке-жеке ештеңе жасай алмауы мүмкін. Оның бәрінің басын біріктіріп, өзіміз қалайтын ізгі қоғамды қалыптастыру жолында қызмет ету ол да бір талант, – дейді продюсер.

Кездесу барысында спикерлер өздерінің еңбек жолдарының қыр-сырымен де бөлісіп, бүгінгі таңдағы жетістіктеріне сеп болған қасиет-қабілеттеріне тоқталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button