Зерттеу нәтижелері: Жастардың еңбек нарығындағы перспективалары қандай?
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Жастар еңбек нарығында: сұраныс, мүмкіндіктер мен перспективалар» зерттеу нәтижелерін сараптамалық алаңда таныстырды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы
Презентация аясында «Жастар» орталығының директоры Айсұлу Ерниязова жастардың еңбек нарығындағы интеграция процесінің негізгі сипаттамаларына тоқталды. Атап айтқанда, алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші. Оның айтуынша, бүгінде сұралған респонденттердің арасында 28,8%-ы ғана мамандығына сәйкес жұмыс істейді. Негізгі себептері ретінде сауалнама қатысушылары жалақының төмен деңгейін (23,5%-ы), алған мамандығы бойынша жұмыс орындарының тапшы болуын (21,5%-ы) және жұмысқа орналасу үшін достарына, туыстарына, таныстарына жүгіну керек екендігін (23,1%-ы) айтқан.
Сонымен қатар «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы таныстырған зерттеуде жастарды қызықтыратын салалар анықталды. Респонденттер жауабының нәтижесі 5 саланы көрсетті, олар: өнеркәсіп (23,8%), көлік (17,4%), байланыс (16,6%), ауыл шаруашылығы (16,5%) және қоғамдық тамақтану (15,8%).
Жиын барысында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжау және зерттеу департаментінің директоры Дмитрий Шумеков жастар санының өсуіне байланысты әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымға елеулі жүктеме түсетінін атап өтті.
Өз кезегінде «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің бас сарапшысы Мадияр Алдияров жастар арасындағы еңбек қызметіне арналған білім беру стандартының маңыздылық дәрежесі төмендегенін мәлімдеді.
Сондай-ақ сараптамалық алаңда нарық құрылымына әсер ететін негізгі факторлар аталды. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қоғамдық пікір мониторингінің жетекші сарапшысы Гүлназ Қасымованың айтуынша, нарық құрылымына демографиялық өзгерістер, цифрландыру процесі және жұмсақ дағдылардың маңыздылығы әсер етіп отыр.
Айта кетейік, әлеуметтанулық зерттеу ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілді. Зерттеу нәтижелерімен орталықтың ресми сайтында eljastary.kz танысуға болады.