Зерттеу нәтижесі: Қазақстандықтар қай телеарналарды жиі көреді?
Қазақстандық қоғамдық даму институты телевизия және радио контентін тұтыну бойынша әлеуметтанулық сауалнама нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Ruh.kz.
Қазақстандық қоғамдық даму институты сауалнаманы еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларында жүргізген. Оған қала және ауылдық елдімекендерде тұратын жасы 18-ден асқан екі мың респондент қатысты. Тұрғындар контент тұтыну туралы 50 негізгі сұраққа және әлеуметтік-демографиялық сипаттағы 8 сұраққа жауап берді.
Институттың әлеуметтанулық зерттеу нәтижесінде тұрғындар арасында еліміздегі ТОП-10 танымал телеарна анықталды. Бірінші орында «КТК» телеарнасы, респонденттердің 35,7%-ы осы телеарнаны таңдаған. Екінші орында «Еуразия бірінші арнасы» (34,7%). «Qazaqstan» телеарнасын 31,6% респондент таңдаған. Тұрғындар бұл арналарды негізінен жаңалықтар, спорттық трансляциялар мен сериалдар көру үшін қосады.
Ал тек қазақтілді аудитория арасындағы сауалнама нәтижесі бойынша, «Qazaqstan» телеарнасы бірінші орында (41,5%), «КТК» (36,6%) арнасы екінші және «Еуразия бірінші арнасы» (36,3%) үшінші орында тұр.
Респонденттердің 56,1%-ы «Qazaqstan» телеарнасын сенімді арна ретінде атаған. Арнаның ең танымал жобаларының қатарына «Aqparat», «Апта», «Таңшолпан», «1001 түн», «Қызық екен» бағдарламалары енді.
Балалар контентін тұтыну бойынша ең жоғары көрсеткіш «Balapan» телеарнасының үлесінде (36,4%). Сондай-ақ ТОП-3 танымал балалар арнасының қатарын «Nickelodeon RU» (10,4%) және «Мульт» (9,2%) телеарналары толықтырады.
Зерттеу кезінде қазақстандықтардың спорттық трансляцияларды негізгі үш арнадан іздейтіні анықталды. Бірінші орында «Qazsport» телеарнасы (39,6%) , екінші орында «Qazaqstan» (18,1%) және үшінші орында «Хабар» (12,2%) арнасы.
Қазақстандықтардың 59,6%-ы ақпаратты телеарналар арқылы алатынын айтқан. Танымал контент түрлері: жаңалықтар (61,7 %), сериалдар (41,2 %), саяси хабарлар (24, 4%) және ойын-сауықтық жобалар (22, 3%). Жаңалықтарды көру бойынша да үздік үш арнаның қатарында «КТК» (40,3%), «Еуразия бірінші арнасы» (37,5%) және «Qazaqstan» (36,3%) арнасы тұр.
Жалпы, барлық көрсеткіштер бойынша танымал арналар рейтингісіне жоғарыда аталған үш телеарнамен бірге «НТК» және «31 арна» енді.
Ал сауалнама нәтижесінде анықталған танымал радиолардың үштігінде «Жұлдыз FM», «Русское радио Азия» және «Қазақ радиосы» бар.